Қазақстан • 21 Тамыз, 2017

Ботаникалық бақ қоры толыға түспек

979 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы Ғалымдар үйінде «Еуразияның өсімдік әлемін зерттеу, сақтау және тиімді пайдалану» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.

Ботаникалық бақ қоры толыға түспек

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Фито және жерсіндіру институтының 85 жылдығына арналған аталмыш шара жұмысына ботаникалық әртүрлілікті сақтау саласына сүбелі үлес қосқан, алыс-жақын шетелден келген белгілі ғалымдар мен іргелі оқу орындарының, мемлекеттік Ботаникалық бақ пен Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғат аумағының өкілдері қатысты.

Жиынды Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау сөзімен ашқан Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов институтты мерейтойымен құттықтай отырып, ботаникалық сектордың маңыздылығы мен институттың еліміз үшін жасап жатқан ғылыми-зерттеу қызметтеріне тоқталды.

Шараға арнайы келген Венгрияның ауылшаруашылық министрі Фазекас Сандор Қазақстан-Венгрия арасындағы ауылшаруашылық серіктестіктің
маңыздылығын айта келе, «Біз Pannon Breading инновациялық бағдарламасының арқасында Қазақстан ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істегіміз келеді. Венгрияда Қазақстандағыдай ғылыми қызмет деңгейі өте жоғары. Сондықтан біз екі елде де пайдалы өсімдіктерді бірлесіп тауып, өсіруді көздеп отырмыз», – деді.

Ботаникалық география, яғни флора, өсімдік, өсімдік ресурстары, Өсімдік әлемін пайдалану, сақтау, Мәдени-ағартушылық қызметтегі ботаникалық бақтардың рөлі, - ex-situ және in-situ ботаникалық әртүрлілікті сақтау сияқты бөлімдерден тұратын конференция барысында Pannon Breading инновациялық жобасы бойынша Ботаника және фито жерсіндіру институты мен венгрлік EötvösLoránd университетінің жанындағы Ботаникалық бақ арасында келісім-шарт жасалды. Енді біріккен жұмыс шеңберінде Алматы ботаникалық бағының аумағында мыңнан астам жаңа өсімдік түрлері пайда болмақ.

«Венгрияда 3900 гектар аумақта жұмыстар жүргізетін ауылшаруашылық компаниясының жанында саябақпен қоршалған қамал бар. Венгрияның 5 институты, 9 ғылыми-зерттеу институты сол саябақты әсем әрі тиімді ететін бағдарлама құрастырған. Сол бағдарламаға Алматыдағы Фито және жер сіңдіру институтының директоры Гүлнәр Ситпаева қызығушылық танытып, осы бағытта бірлесе жұмыс істеуді қолға алдық», – дейді Л.А.Ц Холдинг президенті Хорват Ласзло.

Аталмыш бағдарламаның арқасында енді екі елде ауылшаруашылық және бақшалық өсімдіктердің генетикалық қорын ұлғайту мүмкіндігі туғалы отыр. Зерттеу жұмыстарына 150 ғылыми қайраткер қатыспақ. Венгрияның көптеген аймағының климаты Алматы климатына ұқсас болатынын ескерсек,  көптеген өсімдіктер екі елді де жерсіне алмақ. Ботаника және фито жерсіндіру институтының бас директоры Гүлнәр Ситпаева институттың даму және қалыптасу кезеңдері мен ғылыми-зерттеу қызметтерінің басым бағыттары жайлы баяндай келе: «Мұндай белсенділік ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру шеңберінде қолдау табады. Еліміздегі бизнес өкілдері «Туған жер» патриоттық бағдарлама шеңбері аясында біздің алға қойған мақсаттарымызды орындауға қолұшын созса екен дейміз. Өз кезегінде біз де бар күшімізді еліміздің жастары Қазақстан флорасының байлығы туралы анағұрлым көбірек білуіне және өз күш-қуаттары мен білімдерін соларды сақтап қалуға жұмсауына септігімізді тигіземіз», – деді.        

Ботаникалық бақтың 85 жылдығын тойлау барысында 13 елден жиналған ғылыми қайраткерлер баяндамалар оқыған селекциялық отырыс өтіп, еліміздің ботаник ғалымдары Қазақстанның ботаника ғылымын ары қарай дамытудың жаңа бағыттары мен келешегін айқындайтын қарар қабылдады, сондай-ақ, қатысушылар үшін шаһардағы Ботаникалық баққа экскурсия ұйымдастырылды. Бас ботаникалық бақтың Даму қорының атқарушы директоры Арна Әкімбаев жақын болашақта Ботаникалық бақ өзінің өңін толықтай өзгертіп, ғылыми әлемнің халықаралық эталонына айналуы үшін өсімдіктерді жинау, сақтау және зерттеуге арналған мықты ғылыми орталық құру қажет екенін атап өтті. «Жаңа оранжереяда түрлі құрылғылар барынша шыны қорапша түрінде жасалмақ. Оның ішінде білім беру аумақтары орналасатын болады. Ботаникалық бақты дамыту және қонақтарды тарту үшін мәдениет, білім-ағарту алаңдары қажет. Оның барлығы даму қорының концепциясына енгізілген. Жобаны жүзеге асыру коммерциялық емес негізде, меценаттар мен демеушілерден қаражат жұмылдыру арқылы жүзеге асырылуда», – деп мәлімдеді Арна Әкімбаев.

Айта кетсек, еліміздегі Маңғышлақ эксперименталды ботаникалық бағы, Алтай ботаникалық бағы, Жезқазған ботаникалық бағы, Іле ботаникалық бағы және Есік мемлекеттік дендрологиялық бағы, Шымкент дендрологиялық бағы сияқты Қазақстанның ботаникалық бақтары мен дендробақтарының ішіндегі ең ірісі әрі көнесі – Алматы Бас ботаникалық бағы да биыл өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы бақ жанындағы институт ұжымының белсенді жұмысының арқасында кезінде алматылықтар үшін ұмыт бола бастаған қала орталығындағы бақ қайтадан танымал бола бастады. Өткен жылдың өзінде баққа 10 мыңнан астам адам келіп қайтқан. Қазіргі таңда мұнда тек зерттеу және жаңа өсімдік түрлерін өсіру жұмыстары ғана емес, түрлі әлеуметтік мәдени шаралар да өтіп тұрады.

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»   

АЛМАТЫ