15 Қазан, 2011

Әсем Алматы – баршамыздың мақтанышымыз

287 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қолыма қалам алуыма Алматы қаласы әкімдігінің республикалық бюджеттен қала дамуына және тұр­ғын­дардың қауіпсіздігін қам­та­ма­сыз етуге қосымша қара­жат бө­лу туралы хаты себеп болып отыр. Алматы қаласы Орталық Азия аймағының ең бip жоғары сейс­ми­калық белдеуінде жатыр. Соңғы жүз жылда осы аймақта тоғызға тарта жойқын жер дүмпуі орын алып, соның eкeyi ceгiз баллға жетерлік көрсеткішпен әлемдік сейсмикалық апат ката­логына енгізілді. Ал Алматы қаласының өзі екі рет (1887 және 1911 жылдары) 9-10 баллдық жер сіл­кі­нісінің салдарынан толығымен қирап, бүлін­ді. Сондықтан, әлеуметтік сала нысандарын сейсми­ка­лық күшейту ең басымды мәселе болып саналады. Алайда, 2012-2014 жылдарға арналған респуб­ли­калық бюджеттің жобасында Алматы қала­сы­ның білім беру және денсаулық сақтау ны­сан­дарын сейсмикалық күшейтуге жалпы сомасы 9,8 млрд. теңгелік өтінімі есепке алынбай қалыпты. Сондай-ақ, психоневрологиялық ауруларға ар­нал­ған 360 орынды интернат-үйінің құрылысын жал­ғастыру  үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы жіберілген Алматы қаласы әкімдігінің 6,0 млрд. теңге сомасындағы өтінімі де ескерусіз қалған. Нысан құрылысы 2008 жылы жер­гілікті бюджет қаражаты есебінен басталған бо­­латын. Өткен кезең ішінде интернат-үйінің құ­ры­лысына 1,04 млрд. теңге бөлінді (жалпы құнының 14%-ы). Осы нысанның республикалық мәртебеге ие екенін, онда Алматы қаласының тұрғындарынан басқа республиканың өзге де өңірлерінің тұрғын­да­ры ем алатынын және денсаулықтарын оңал­т­а­тындарын ескере отырып, республикалық бюджеттен қаражат бөлу қажет. Алматы ірі қаржы орталығымен қатар, туризм­нің де дамыған қаласына айналып отыр. Алматы Медеу мұз айдынымен әлемге әйгілі болса, енді осыған қоса жаңа заманғы үлгіде жасалған «Көк Жайлау» тау шаңғысы курорты еліміздің мақтаны­шы болары сөзсіз. Алматы қаласының әкімдігі 2011 жылға трассасының ұзақтығы бірнеше жүз ша­қырымға созылатын және барлық тиісті инфра­құ­рылымын дамыта отырып «Көк Жайлау» тау шаң­ғы курортының техникалық-экономикалық негіздемесін даярлауға қосымша өтінім берген болатын. Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу аясында жергілікті жағдайларды зерттеу, халықара­лық деңгейдегі инжинирингтік компанияларды тарта отырып курортты дамытудың кешенді бағдар­ла­ма­сын жасау, ең оңтайлы схемаларды және қар­жы­ландыру көздерін анықтау қарастырылады. Курорт­ты дамытуға тиісті инфрақұрылымның, қонақ үй­лердің, тұрақтардың, мейрамханалардың, дүкен­дер­дің және басқалардың құрылысы кіретін бола­ды. Сонымен бірге, мемлекет инженерлік-комму­ни­кациялық инфрақұрылымның құрылысын қамта­ма­сыз ететін болады, ал қалғандары тартылған инвес­тор­лардың қаражаттары есебінен жүзеге асырылады. 2012 жылы Алматы қаласына «Көк Жайлау» тау шаңғысы курортын дамытудың техникалық-эконо­ми­калық негіздемесін (тұжырымдамасын қоса) даяр­лауға  республикалық бюджеттен 3,0 млрд. теңге бөлу қажет. Алматы қаласының әкімдігі сондай-ақ Алатау ау­данының индустриялық аймағын қалыптас­тыру­ға ерекше көңіл бөліп отыр. Индустриялық ай­мақ­тың аумағы 490 гектарды құрайды, онда 110 өнер­кәсіп­тік және коммуналдық кәсіпорындарды орна­лас­тыру көзделген. Бүгінгі күні жобаның техни­ка­лық-экономикалық негіздемесі даярланып, мемлекеттік сараптама алынды. Жобалық-сметалық құ­жат­тамасын дайындау ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады. Жобаның жалпы құны 13,5 млрд. теңгені құ­рай­ды. 2012 жыл аясында кезең-кезеңмен қар­жы­лан­дыру­ға мақсатты трансферттер қарастыру қажет. Алатау баурайындағы әсем Алматы – барша қазақстандықтардың мақтанышы. Көрікті қаланың әлі де өркендей түсіп, шетелдіктер алдында мерейімізді асырып жатса, ол елдік қуаныш болатыны сөзсіз. Сондықтан Үкімет жоғарыда көрсетілген проблемаларды шешуге республикалық бюджеттен қажетті қаржының бөлінуіне ықпал етуі тиіс. Тұрарбек АСАНОВ, Мәжіліс депутаты.