Шіркін, ауыл қарттарының әр сөзі санаға мықшегедей қағылады емес пе? Әрқалай алыс сапарға немесе әлдебір оқуға аттанар алдындағы баласына деген қимастық сезімін темірдей қатты талабымен қиып жіберуден тайынбайтын ардақтыларды көрдік. Сөздерін құлағымыз шалып қалатын: «Жақсы білім ал, масыл болма, балам!» Кейбірі осындай салмақты сөзінен соң баласын бетінен сүюден де іркіліп, салған салмағын босаңсытып, селкеулеп алам ба дегендей, тартынып та қалатын. Қайран, алдымен арды, абыройды ойлаған абзалдарым-ай! Перзентіне деген сүйіспеншілігін, іңкәрлігін, қоштасар сәттегі тәтті мұңын тежеуден асқан қиямет-қайым бола қояр ма екен?! Бірақ біздің шалдардың қолынан келеді екен! Масыл болмасаң ғана кейін маңдайыңнан сипаймын дегендей ишаратпен көзінің жасын сездірмей сылып, теріс айналып кетеді... Ұлының алдында ұланғайыр ұзақ жол, ұмтылысты да, ұтылысты да өмір сынағы жатыр еді...Алмағайып кезең ғой.
Қауқарсыздық апшыны қуырып ала жөнелгенде, кең дүниенің тарылып кетуі аяқ астынан екен. Тағдырдың салғаны деп, сәл қиындыққа мойып, мойнын төмен салып, сағы сынып салбырап, дәрменсіз күй кешуге көндігіп алғандары қанша ма? Керісінше, не бір тосын кедергілерді кердеңдей аттап, есесін жібермейтін, еңсесін әманда биік ұстайтын, «еңбек – бәрін де жеңбек» деп, өзінің талпынысына тағаттана бойұсына білетін талғампаз, тегеурінді жандардың алдынан ақ жол жатады екен тарамданып. Мұндай жандардың абыройы асқақ, беделі зор, көңілі көтеріңкі. Кеудемсоқ емес, кішіпейіл. Ой-қадамын тек еңбекпен бағалайды. Түсінде де еңбекпен бой түзейді. Ізгі жүрекпен пешенесіне бұйырған жұмысын дөңгеленткен жанның басқадан жоғары тұратынына имандай сенген. Бақытқа жеткізетін еркін әрекет – тамаша әрекет екендігін іс жүзінде сезінген. Тіршіліктің ішкі-сыртқы жағдайларын жақсартуға талпыну адам баласына тән нәрсе десек, соның байыбына салмақпен бара алғанда ғана өмір үдесінен шығатынын терең пайымдауы да – оны табыс баспалдақтарымен нық адымдатады екен. Оны айтасыз, еңбекпен табылған бір түйір тамақтың тәтті әрі сіңімді болатыны тағы бар ғой. Жұмысты опырып істеп келіп, тәбеті ашылған шалы қазаннан сорпа құйғыштап отырған кемпіріне: «Тамақты Жүніс ішпейді, жұмыс ішеді», деп ақталған екен отағасы. Еңбек бұйыртқан дәм!
Жә, әңгіме басы жақсы басталғанымен, алған тақырыбымызды тұздықтауға амалсыз бейілдіміз. Абай атамыз біліп, жеріне жеткізіп айтқан ғой: «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырылмас азап». Немесе: «Еңбексіз мал дәметкен – қайыршылық»,– деген. Қандай ауыр мазмұн! Айырылмас азап және қайыршылық! Осылардың жиіркенішті иірімінде масылдық деген масқара сөз басын қылтитады. Масылдық! Тереңінен түңілсек – жатып ішер, арам тамақ! Індете түссек – еркетотай, шолжың, дәнеңеге икемі жоқ, тіршілікке бейімсіз, ақсаусақ! Масылдық – қоғамға зиян!
Масылдықтың масқара нышандары біздің қоғамда да кездесіп қалады. Әсіресе Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тамырланып, «өркен» жайып, бертінге ілесіп жетіпті. Жекешелендірудің апақ-сапағында ауыл мен қаланы қосарлай қамтыған жаппай жұмыссыздық белең алған тұста тепсе темір үзетін жастар қол қусырып отырып қалды. Әке-шешесінің мардымсыз зейнетақысын таласып-тырмысып талғажу еткендердің қатары біразға дейін сейілмей қойды. Өкініштісі, сол үлкен «армия» бүгінге шекті бірде жұмысқа жегіліп, бірде еңбек қарекетінсіз қалып, жасыратыны жоқ, масылдықтың бұлтын қоюлатып жүргені қатты алаңдатады. Ауылда тұрып, өз ауылын түнде торауылдайтын басбұзарлар бар. Еңбексіз қарын тойғызғысы келеді. Әр нәрсенің сұрауы барын ескерсек, кешегі ұрлық-қарлықпен тойынып тайраңдаған масылдар бүгіндері темір тордың арғы жағына тоғытылыпты... «Сазайын тартпайтын масыл жоқ»,– деуші еді ел қадірмендісі. Соның кебі келіп жүр. Қолмен істегенді мойынмен көтерудің мысалы да.
Түпкі ауылдағы бір келеңсіздікті айтайық. Әңгімені бастамай жатып-ақ төбе шаш тік тұрады. Құйқа шымырлайды. Асыраушы әке-шеше бақилық болысымен жұмыссыз, тікесін айтсақ нақ масылдың өзі Д. отбасымен күнкөріссіз қалып, азын-аулақ малды сатып, одан қалды мұраға тиген үйді қора-қопсысымен арзанға бұлдап жіберіп, түскен қаржыны бірер айда үптеп қойып, ақ тақырға отырып қалды. Қолға күрек ұстап, күнделікті нәпақасын таппағасын іс оңа ма? Тіршілік көзі түгесіліп біткесін, масылдардан қылмыс туындап, бірін-бірі пышақтап, төрт жасар сәби жетім қалды. Масылдар осылайша масқара боп ойрандалды.
Ауылдан қалаға келіп, мал табуға бейімделгендердің кейбірінің де жолы бола қойған жоқ. Құрылысқа кіреді. Уақытша ғана. Алыста отбасы аузын ашып отыр. Тапқанын қолына уақытылы бермей, зарықтырады. Тіпті соттасса да жалақысы уысына түспейді. Жігіт жеміріледі. Жігері құм болады. Әділдікке жетем деп, жұмысынан ажырап қалғаны тағы бар. Барлық зауал осылайша титықтатады. Арақпен ауызданады... Масылдық маңдайынан әлі тоқпақтап жатыр екен...
... Тек қана күні-түні кітап оқып, көз майын тауысып, ақырында «ақылгөйге» айналып, бір тал шөптің басын сындырмай, масылдыққа қалай бой ұмсынып кеткенін аңдамай қалған адамды да көргенбіз.
... Техникалық газет-жорналдарды басына жастап оқып, «жаңалық ашқыш» атанып, «осы ауылымыздың астында атамзаманнан жарылмай жатқан бомба бар» деп, республикалық газеттің меншікті тілшісін шақырып алып, әлгі «зерттеуінің» маңызына иландырмақ болған жігітіміз де нақ масылдың өзі болып шыққан.
... Арқыраған азамат әйел алғыш боп қалыптасыпты. Анда барса бір әйелі, мында барса екіншісі, үшіншісі, төртіншісі... боп боталап кете береді. Бәйбішесінің лауазымы жоғары болса керек, соны оңды-солды шашып жүріп, әлалауды салған ғой армансыз. Масылдық емей немене?
Әрине, мемлекетімізде жұмыссыздыққа қарсы күрес біршама екпінмен жүргізіліп те жатыр. Нәтижесі де байқалады. Қаншама өндіріс орындары ашылып, адамдарды бақуатты тұрмысқа бейімдеуде. Бақытын еңбектен тапқандардың ертеңі нұрлы ғой. Халқымыздың дені осылайша еңбек ләззатына бөленіп жатқаны, әрине, марқайта түседі. Бірақ... неге осы масылдық көріністері жүрек ауырта береді?! Қытай ойшылы Кұңфудзының: «Елің асып-тасып отырғанда, кедей әрі кемшін болғаның ұят. Елің арып-аршып отырғанда, бай әрі бағлан болғаның ұят»,– деген сөзі бар. Осы екі ұғым да жадта жүретін жағдаяттар болса екен деп, тілейсің. Бірақ бәрін пендешілікке салып жіберетініміз, жаман-ақ!
Кім масыл болғысы келеді дейсіз? Оған нендей себеп итермелейді? Осы жағын зерттеу, зерделеу жағын бір ізге салған абзал сияқты. Себепсіз салдар болмайды ғой. Бәрін даму, өркениеттену, өрге басу, зайырлану қоғамының тәй-тәй қадамынан майдан жіп суырғандай іздеп, табуға ықыластану қажет шығар. «Әгәрки, қоғамның әрбір мүшесінің еңбекке деген жүрек лүпілін дөп басып айқындайтын бір аппарат болса, шіркін, төніп келе жатқан масылдық бұлтын әп-сәтте ыдыратып жіберерлік амал-айла ойлап табуға болар еді-ау», деп армандған екен, ауыл қариясы. Армандадың екен деп, ғайбаттау ретсіз болар. Бәрі армандаудан шоқтана түседі емес пе?
... Масылдықпен бітіспес майдан ашқан абзал болар! Баяғы ауыл қариясының: «Жақсы білім ал, масыл болма, балам!» деген аталық сөзін бүгінде кім өмір мәніне жаратып жүр екен? Соған үңілейікші, бір сәт... Асылы, білімді, зейінді, еңбекке үйір адамнан жат әрекет үркіп тұратын шығар-ау! Бұл да біржақты бағалау ма? Ойланайықшы!
Қайсар ӘЛІМ.