Аймақтар • 24 Тамыз, 2017

Оралда жол апатынан 58 адам жарақат алды

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласында жолаушылар тасымалдайтын екі автобус түйісіп, 58 адам түрлі дәрежеде жарақат алды.

Оралда жол апатынан 58 адам жарақат алды

24 тамыз күні таңғы сағат 8.40. шамасында Орал қаласында Шаған өзенінен өтер көпірге жақын жерде №5 және №7 автобустар соқтығысып қалған. Алдын ала мәліметтер бойынша, №7 автобустың 24 жасар жүргізушісі жоғары жылдамдықпен жүріп, рөлге ие бола алмай, көпір аузында кептелісте тұрған №5 автобустың артынан соққан. Таңертеңгі уақыт болғандықтан екі автобуста да жолаушы тола болған. Соққының қатты болғаны соншалық, кейбір жолаушылар терезеден ұшып түскен, орындықтар орнынан жұлынып кеткен.

Алғашқы кезде автобустағы адамдар есіктен шыға алмай, тапалып, бей-берекетсіздік орын алған. Зардап шегушілерге әуелі жолдағы кездейсоқ куәгерлер көмектесіп, жеке көліктерімен ауруханаға алып кеткен. Он минут өткенде «Жедел жәрдем» көліктері де жеткен. 7 экипаж жедел қимылдап, дәрігерлік көмекке мұқтаж жандарды ауруханаларға жеткізген. Жол-көлік апатына кінәлі №7 автобустың жүргізушісінің жарақаты ауыр, оны орындық арасына қыстырылып қалған жерінен құтқарушылар шығарып алған.

Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Айгүл Құлбарақованың мәлімдеуінше, облыстық клиникалық ауруханаға 17 адам түскен, қалалық көпбейінді ауруханаға 41 адам әкелінген. Олардың 5-еуі ауруханаға жатқызылған. Жолаушылардың бірінің иық сүйегі сынса, төртеуінің миы шайқалған. Апатта кәмелетке толмаған 5 бала да зардап шеккен, олар дәрігерлердің толық тексеруінен кейін үйлеріне қайтарылған.

- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345 бабы, 1 тармағы бойынша іс қозғалды. Жол-көлік оқиғасынан «Рено Дастер» және «Ларгус» автокөліктері де зардап шеккен. Қазір барлық автокөлік айыптұрағына жеткізілді, тиісті сараптамалар жасалып жатыр, - дейді БҚО Ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллин.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов осыдан бір күн бұрын ғана жолаушылар тасымалына жауапты компаниялардың жұмысын қадағалау қажеттігін ескертіп, «Автобустарды жаңартудан бастап, кондукторлар мен жүргізушілердің арнайы киім киюін, жолаушылармен қарым-қатынасына дейін ретке келуі қажет», – деген болатын. Өйткені жақында ғана Орал қаласында жол жүру құны 80 теңгеге көтерілгенімен, жолаушы тасымалдау сапасы халықтың көңілінен шықпай, шағым көбейіп тұр. Әсіресе №5, 7, 22 бағытындағы автобустар жол ережесін жиі бұзып, бір-бірімен жарысатыны туралы бұрын да талай айтылып келген еді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Жолашар тың бағыттар

Пікір • Бүгін, 09:55

Екібастұздағы алып мұржа

Аймақтар • Бүгін, 09:50

Суперкомпьютердің мүмкіндігі мол

Технология • Бүгін, 09:35