Қазақстан • 24 Тамыз, 2017

Халықаралық "Жайдарман" ойыны өтеді

564 рет көрсетілді

Астанада түркі жастарының басын қосатын «Жайдарман» ойыны өтеді. Бұл туралы «Қазақстан КВН Одағы» хабарлайды.

Халықаралық «Жайдарман» ойынын Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мен «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр. Жобаға Қазақстан, Ресей (татар, башқұрт), Қырғызстан елдерінен 10 команда қатысады. Ойын 25 тамызда "Астана" концерт залында сағат 18:30-да басталады. 

«Жайдарман» ойындары жастардың шығармашылық алаңы ғана емес, қоғамдағы түйткіл мәселелерді әзілмен астарлай жеткізетін өнер додасына айналған және қазақстандықтар сүйіп көретін телевизиялық жоба ретінде қалыптасты. «Жайдарман» алаңының мектеп жасындағы жеткіншектермен қатар студенттерді, жұмысшы жастарды қоса алғанда 200 мыңға жуық таланттарды топтастырғаны көңіл қуантады.

Жастарды қызықтыратын жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің мемлекеттік тапсырмасы негізінде өтпек. 

Бүгінде Президентіміздің рухани жаңғыру жөніндегі тағдыр шешті үндеуін жастармен ұштастыру мақсаты пайда болды. Осы үндеудегі – ұлттық сана, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы туралы бөлімдер – ең алдымен, қазақ жастарына бағытталған ұстаздық ақыл мен талап деп түсінеміз. Сонымен қатар жобаның EXPO-2017 күндері кезінде өткізілуі оң пікір қалыптастыратынына сенімдіміз.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар