Қазақстан • 24 Тамыз, 2017

Уақытша қамау мерзімі 2 күнге дейін қысқарады

470 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Уақытша қамау мерзімі 2 күнге дейін қысқарады. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз жиынында Бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді.

Уақытша қамау мерзімі 2 күнге дейін қысқарады

Мұндай қадам қылмыстық тексеру барысында адам бостандығы мен құқығын қорғау мақсатында жоспарланған. Марат Ахметжанов пікірінше, кез келген жағдайда азаматтарды темір торға сүйрей беру дұрыс емес.

«Егер тәртіп бұзған адам қоғамға зиянсыз болса, оны тұтқынға алудың қажеті жоқ. Кепілге қою, үй қамақ деген секілді тәсілдер бар. Егер күдікті қылмыстық топтың мүшесі болмаса, мұндай қадамды экономикалық қылмыстарға қолданған жөн. Кей жағдайда тұтқынға алу арқылы қылмысты мойнына іліп жіберу үшін қысым жасалады. Сондықтан, уақытша ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа азайтқан жөн», – деді Марат Ахметжанов.

Жиын барысында құқық қорғау органдары, сот және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық процесті реформалаудың негізгі жолдарын талқылады.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша реформа жүргізудің жолдарын нақтылау үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына Жоғары Соттың, Әділет министрлігінің, құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары кірді.

Спикерлер жаңадан ұсынылған құқық қорғау қызметін жетілдіру және  қылмыстық процесті реформалау жобасы заң үстемдік ететін қоғам құруға арналған саясаттың жаңа кезеңін көрсететінін атап өтті. Осы бағытта атқарылып жатқан ауқымды шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде жүргізіліп келеді.

Жаңа жобада қылмыстық процестегі адам құқығын қорғауды нығайту, тараптардың теңдігін арттыру, соттық бақылауды кеңейту және тергеу органдары, прокуратура мен сот құзіретін бөліп, бір жұмысты екі мекемеге жүктемеуге бағытталған.

Марат Ахметжановтың айтуынша, Бас Прокуратура мен ІІМ бірлесе отырып, еліміздің 7 өңірінде пилоттық жоба өткізген екен. Жүргізілген жұмыс нәтижесі бойынша бірқатар ұсыныстар әзірленіп, нақты шаралар қабылданған. Мәселен, қылмыстық процесстер цифрлық жүйеге ауыстырыла бастаған. Осыған байланысты, «электронды қылмыстық іс» жүйесі құрылыпты. Жаңа жүйе қылмыстық істердің жоғалып кетуінің не өзгертілуінің алдын алады. Сонымен қатар, қылмыстық істің тез шешілуіне жәрдемдесіп, бюджет қаржысын үнемдейді. Қазіргі таңда мұндай жүйе Жамбыл облысында енгізілген. Қыркүйектің ортасына дейін тағы 5 өңірде «э-қылмыстық іс» жобасы іске қосылады.

Абай Асанкелдіұлы

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар