Қазақстан • 24 Тамыз, 2017

Астанада ядролық қаруға қарсы Пагуош конференциясы өтеді

360 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада «Жаңа ядролық қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл» тақырыбындағы 62-ші Пагуош конференциясы өтеді.

Астанада ядролық қаруға қарсы Пагуош конференциясы өтеді

Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Сенат Аппаратының басшысы Серік Сыдықов, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, Пагуош конференциясының Президенті Джаянта Данапала және аталған мекеменің бас хатшысы Паоло Котто-Ромусино қатысты.

Жиында Пагуош конференциясының ерекшеліктері мен тиімділігі, ядролық қарудың қаупі жөніндегі бірқатар мәселелер талқыланды. Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың айтуынша, Пагуош конференциясының Астанада өтуінің маңызы орасан.

«Шілдеде Пагуош комитеті жасақталып, оның құрамына беделді отандық ғалымдар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері кiрдi. Бүгінгі таңда әлемде 40 шақты ұлттық Пагуош комитеті тіркелген. Пагуош қозғалысының Астанадағы конференцияда қабылдайтын шешімдері жаңа белестерге жететініне үміт артамыз», – деді Ержан Ашықбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Пагуош конференциясы 25 тамызда басталады. Іс-шараның ашылуына Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Пагуош конференциясының Президенті Джаянта Данапала, БҰҰ-ның қарусыздану мәселелері жөніндегі Жоғары өкілі Исуми Накамицу,  ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарты Ұйымның атқарушы хатшысы Лассина Зербо қатысады. 5 күнге созылатын конференцияға әлемнің 46 елінен 200-ден астам делегат келеді.

Абай Асанкелдіұлы

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар