Іздегеніміз – арзан азық-түлік. «Астанаға оңтүстік өңірлерден әкелінген көкөніс пен жеміс-жидекті осы базарда таңертең төмен бағаға алуға болады» дегенді ұзынқұлақтан естіген соң ертелетіп барған түріміз ғой. Күн шығар-шықпас уақыт болса да базарда адам да көп, көлік те көп. Егде кісілерді де көзіміз шалып қалды. «Олар да зейнетақысын үнемдеп, арзан азық-түлік алғысы келген шығар» деп ойладық.
Бақсақ, базарда айтарлықтай арзаншылық жоқ. Көкөніс те, жеміс-жидек те, ет пен сүтің де Астананың сауда орындарымен салыстырғанда айырмашылығы – 20-30 теңге. Әрине, баға да сапасына қарай. Жақсы тауарын арзанға беріп жатқан ешкім жоқ. «Біздің көретін пайдамыз бар-жоғы бес теңге. Көбірек қоссақ, алушы азаяды» дейді қолы қолына жұқпай, саудадан мойын бұруға мұршасы болмай жүре сөйлеген жігіт.
– Негізі биыл көктем жауын-шашынды болғандықтан көкөніс аз болды ма, жоқ әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір баға былтырғыға қарағанда жоғары. Тауар жеткізушілердің қойып отырған бағасына осындағы сатушылар көп үстеме қоспайды. Өйткені, оны қымбатқа ешкім алмайды. Сақтауға да мүмкіндік жоқ, тез бүлінеді. Сондықтан, тезірек сатуды көздейді, – дейді әлгі жігіт.
Астананың сауда нүктелерінің біразына көкөніс пен жеміс-жидектің түр-түрі осы жерден жеткізілетін болып шықты. Алыпсатарлардың да көретін пайдасы – күнделікті күнкөрісіне жетерлік нәпақа екен. Тіршіліктің басқа көзі жоқ болғандықтан, амал жоқ осылай жасауына тура келетін көрінеді.
– Осы жерден алып, сауда нүктелеріне апарып сататындардың да шекесі шылқып тұрғаны шамалы. Өйткені, бұрынғыдай бес-он тиын пайдасы жоқ. Басқасын айтпағанда, жалға алған орынға төлейтін салықтың өзін шығара алмай, шығынға белшесінен батып жатқандар көп. Соның бірі менмін, – деді қасымызға келген орта жастағы әйел.
Бұл әңгімелерді келтіріп отырған себебіміз, астаналықтарды арзан азық-түлікпен қамтамасыз етудің ешқандай да жолы жоқ па сонда? Түсінеміз, нарық заңына сәйкес базарды баға билейді. Өндіруші тауар өндірген соң одан пайда табуды көздейді. Бәрі дұрыс. Әйтсе де Үкіметтің бағаны тұрақтандыру бағытында қолға алған шараларының маңызды іске септігі тимегені қалай? Әсіресе, зейнетақы мен төлемақыға жан бағып отырған зейнеткерлер мен күнкөрісі төмен жандарды қымбатшылықтың қыспағынан шығарудың ешқандай жолы жоқ болғаны ма сонда?
Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл басынан бері негізгі тұтыну тауарларының құны 4 пайызға жуық өскен. Биылғы жылдың жеті айы ішінде, әсіресе азық-түлік 4,6 пайызға қымбаттаған. Киім-кешек пен басқа тұрмыстық тауарлар бағасының да біршама өскені байқалып отыр. Бағаның шарықтауы Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда Астанада жоғары. Соңғы екі-үш айда елорда республикадағы ең қымбат қалаға айналып шыға келді. Өткен жылдың желтоқсаны мен биылғы жылдың шілдесі аралығында Астанада азық-түліктің құны 6,4 пайызға артқан. Кейбір сарапшылар мұны елорда халқының өсуі және өтіп жатқан көрмемен байланысты деген уәж айтады. Бұл көкейге қона қоймайды-ау. Рас, тұрғындар саны артқан сайын сұраныс та көбейеді. Бірақ, тұрғындары азайып жатқан қалаларда да арзаншылық жоқ. Бұл мәселені шешудің ең бас-
ты жолы – көптің көңілінен шыққан бағдарламалардың түбегейлі жүзеге асуына қол жеткізу. Мәселен, Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін жасау мақсатындағы игілікті іс қолға алынғанда елордалықтар «өте дұрыс қадам екен» десті. Оның да жүзеге аса бастағанына биыл үшінші жыл. 2018 жылдың соңына дейін жалғасатын бағдарламаның ойдағыдай орындалуына билік тармақтары ерекше мән беруі керек-ау шамасы. «Жоспарланған жұмыстар сәтті жүзеге асса, астаналықтарды арзан азық-түлікпен қамтамасыз етуге толық болады» дейді мамандар. Бірақ, осы істің тетіктері ойлағандай жүзеге аспай жатыр ма, қалай? Олай дейтініміз, азық-түліктің басқа түрін айтпағанның өзінде, ет пен сүттің бағасы Астанада халықтың қалтасын қаға бастағандай. Бағдарлама дұрыс жүзеге асса, бағаны тұрақтандыруға болмас па еді? Бағаны тұрақтандыру дегеннен шығады, Ауыл шаруашылығы вице-министрі бірде картоп, қырыққабат, сәбіз және басқа да әлеуметтік тауарлардың бағасын бірқалыпты ұстау үшін республиканың барлық облысында тұрақтандыру қоры құрылғанын айтқан еді. Ондағы мақсат – осы қордың қаражатына жыл сайын арзанға азық-түлік сатып алып, қымбатшылық байқала қалғанда халықтың қалтасы көтеретіндей бағада нарыққа шығару. Қымбатшылық қысқан қазіргідей уақытта осындай қорлардың да шапағаты тиіп жатса, өте игілікті іс болар еді.
Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»