Хоккей • 25 Тамыз, 2017

«Барыс» «Спартактан» басым түсті

342 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) 10-маусымындағы алғашқы ойынын «Барыс-Аренада» Мәскеудің «Спартагымен» өткізіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Барыс» «Спартактан» басым түсті

«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, матч барысында қос команданың да гол соғатын мүмкіндіктері болды. Екінші кезеңнің аяғына таман «Барыс» ойыншылары әбжілдік танытты. Сондай сәттердің бірінде, 40-минутта капитан Найджел Доустың пасынан кейін командаға биыл келген канадалық Линдей Вейдің соққысын «Спартактың» қақпашысы Никита Беспалов қайтарғанымен, шайбаға бірінші жеткен Мартен Сен-Пьер «Барыстың» жаңа маусымдағы алғашқы голының авторы атанды.

Үшінші кезеңде қазақстандық маман Евгений Корешков жаттықтыратын «Барыс» барынша жинақы ойнап, басымдылықты сақтап қалумен бірге оңтайлы сәттерді пайдалануға тырысты. Ал мәскеуліктер таразы басын теңестіруге ұмтылып бақты. Ойын бітуге үш минут қалғанда, «Спартак» сан басымдылығына ие болды. Алайда швециялық қақпашы Хенрик Карлссон бастаған «Барыстың» қорғанысын бұза алмаған меймандардың өздері тәртіп бұзып, финляндиялық қорғаушы Вилле Лаюнен айдыннан қуылды. Осыған қарамастан, «Спартак» қақпашысының орнына ойыншы шығарып, алға ұмтылды. Осы кезде Мартен Сен-Пьер бос қалған қақпаны дәл көздеді.

Сөйтіп, «Барыс» жаңа маусымдағы бірінші жеңісіне қол жеткізді.

Айта кетейік, жақында қазақстандық шабуылшы Талғат Жайлауов та командаға қайта оралды.