Қазақстан Үкіметінің басшысы бұл шараның ауқымы мемлекеттік сектор мен бизнес-қоғамдастығы арасындағы өзара тығыз байланыстарды нығайтып қана қоймай, интеграциялық үдерістерді одан әрі арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Форумға Қазақстан атынан әр саладағы экспортқа негізделген 80-ге жуық компания өкілдері қатысуда. Бұл өз кезегінде елдегі тың байланыстарды пысықтауға көмектеседі. Бүгінде Қазақстанда ЕАЭО елдерімен бірлескен 8 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Меніңше, мұндай қадамдар кәсіпорындар тарапынан елдің интеграциясын қолдаудың жақсы көрсеткіші. Біз алдағы уақытта да кәсіпорындар тізімін кеңейтуге мүдделіміз», деді Б.Сағынтаев.
Премьер-Министрдің мәлімдеуінше, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ұлттық экономикалары бүгінде интеграция аясындағы жағдайға барынша бейімделіп үлгерді. Мәселен, жыл басынан бері негізгі көрсеткіштер бойынша өсімнің жақсы қарқыны байқалған. Айталық, ЕАЭО ішкі жалпы өнімі бірінші тоқсанда 0,8 пайызды құраған. Осы ретте өнеркәсіп саласындағы қарқынды өсімді айрықша атауға болады. ЕАЭО елдерінің сыртқы сауда көлемі бірінші жартыжылдықта 28 пайызға артқан.
Үкімет басшысының баяндауынша, ЕАЭО-ның үшінші елдермен өзара сауда-саттықты арттырудағы тәжірибесі жалпы экономикалық байланысты кеңейтуде қолайлы жағдай жасап отыр. Қазіргі кезде еркін сауда-саттық туралы келіссөздер Израильмен, Сербиямен және Иранмен жүріп жатыр. Сонымен қатар, Премьер-Министр экономикалық көрсеткіштердің негізгі бағыттарының бірі түрлі кедергілерді жоюға негізделгендігін атап өтті. Осындай бастамалар өңдеуші өнеркәсіптің дамуына қолайлы жағдай жасайды.
Форумның ашылу салтанатына арналған пленарлық отырыстың тақырыбы биыл «Өзгермелі әлемдегі бәсекеге қабілеттілік: жаңа үлгі, технология, басқару формалары» тақырыбында өрбіді. Осыған орай Қазақстан Үкіметінің басшысы Б.Сағынтаев Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлы кеңістігі туралы баяндады. «Халықаралық сарапшылардың бағалауына қарағанда, экономиканы цифрландыру әлемдік экономиканың көрінісін түбегейлі өзгертеді және 2025 жылға қарай ІЖӨ-нің үштен бір бөлігін құрауы мүмкін. Қазіргі кезде ЕАЭО-ның бірыңғай цифрлы кеңістігі белсенді талқылаудан өтіп жатыр. Бұл өз кезегінде тауарлар мен қызметтердің, адамдардың, капиталдың еркін қозғалысын қолдайтын ең негізгі элементтердің бірі болуы тиіс. ЕАЭО-ның цифрлы күн тәртібі біздің атқарған жетістіктеріміз бен әлемнің тың тәжірибесіне кіретін жиынтық базаға айналуды көздейді», деді Б.Сағынтаев. Сондай-ақ, Премьер-Министр Қазақстан Үкіметі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыстар жасап жатқанын еске салды. «Оның мақсаты экономиканың базалық секторларында әлеуетті әртараптандыру мен жүзеге асыруға, кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға, жаңа технологиялық құрылыс құруға бағытталған. Қазақстанда цифрландыруды дамыту үшін ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда, бұл өз кезегінде жүйелік дамуға, экономиканың салаларында түрленуге, электронды мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және креативті қоғамды құруға тың серпін береді», деді Б.Сағынтаев.
Еліміздің «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жайында форумның ашылуынан кейінгі панелдік отырыстардың бірінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев кеңінен баяндады. «Атап айтқанда, біз екі маңызды мәселені алдымызға қойып отырмыз. Біріншіден, өзекті болып отырған мәселе – цифрлы күн тәртібі жайы, бүгінде бұл ЕАЭО аясында да қаралуда. Нақты алғанда, бұл қадамдар елімізге пайдасын келтіруі тиіс. Екіншіден, цифрлы күн тәртібі Қазақстанның цифрлы кеңістігінің дамуын тежегенін қаламаймыз. Осы орайда ол ЕАЭО-ға мүше елдерде цифрландыру әртүрлі деңгейде екенін ұмытпау керектігін, мемлекеттер бірін-бірі күтіп тұра алмайтынын тілге тиек етті. Министр «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында негізінен 4 бағыт қамтылғанына тоқталып, оның біріншісі инфрақұрылымға негізделгенін атап өтті. Ал екінші бағыты – креативті қоғамды дамыту. Бұл тұрғыда цифрлы экономика үшін құзыреттілік пен біліктілікті дамыту, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру ескерілген. «Үшінші бағыт – экономика салаларын цифрландыру. Біз оны барлық секторларға, яғни құқық қорғау органдарынан бастап экономикаға дейін жеткізгіміз келеді. Біз осы бағытта 130-дан астам іс-шараны, жауапты компанияларды, адамдарды және қаржыландыруды айқындадық. Осы іс-шаралардың жүзеге асырылуы еліміздің келбетін айтарлықтай өзгертеді деп ойлаймыз», деді Д.Абаев. Ал төртінші бағыт белсенді жағдайға көшуді көздейтінін, бұл электронды және мобильді үкімет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру қадамдарын қамтып отырғанын айтты.
«Еуразия апталығы» форумы – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жыл сайынғы саммиті. Форумның мақсаты – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикалық, инвестициялық және экспорттық әлеуетін арттыру. Биылғы форумға ЕАЭО және ТМД мемлекеттерінен бөлек, Оңтүстік-Шығыс Азия және Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс, Еуропа және Солтүстік Америка елдерінің өкілдері қатысуға қызығушылық танытқан. Осылайша, шараға әлемнің 42 елінен мемлекеттік билік органдарының, іскерлік топтар мен бизнес-қоғамдастықтар өкілдері жиналды. Жалпы, шараға екі мыңнан астам адам тіркелген.
Айтқандай, форум алаңында бірқатар құжаттарға қол қою да жоспарланған. Бұл құжаттар ЕАЭО аясында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Осы орайда агроөнеркәсіптік кешендегі қатынастар, оның ішінде экспортты арттыруға бағытталған шаралар ескеріледі.
Қатысушылар пікірі
Тигран САРКИСЯН,
Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы:
– Біз шын мәнінде жас ұйымбыз және бізге әлі ұзақ жол жүру керек. Бүгін біз цифрлы экономика жайында айтып отырмыз. Барлық елдер, соның ішінде Қазақстан да осы бағыттағы жұмыстарын таныстырды, Ресей өз бағдарламасын бекітті. Кеше біз Қырғызстан, Армения мен Беларусьтің қолға алған шаралары жайында тыңдадық.
Қазір өзара қарым-қатынас жасаудың екі түрін жақсы қолданып жатырмыз. Оның бірі – еркін сауда аймағы туралы келісімшарт. Еуразиялық экономикалық комиссияның жоғарғы кеңесі бізге басым жеті елмен келісімшарт жасауға құқық берді. Иран, Израиль, Үндістан, Сербия, Сингапурмен қарқынды жұмыс жасап жатырмыз. Екіншісі – бұл бізбен өзара қарым-қатынасқа ниет білдірген елдермен жасалатын меморандумдар. Қазірдің өзінде 50-ден астам ел бізбен жұмыс істеп, өзара әрекеттесуге ықылас білдірді. Мұндағы екінші тәсіл жұмыс барысында қос тараптың негізгі экономикалық мүддесін анықтауға мүмкіндік береді. Ынтымақтастықтың әлеуеті мен пайдасын зерттейтін бірлескен жұмыс топтары құрылуда. Ықылас білдірген 50 елдің көбі бірден еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойғысы келіп отыр. Президенттер де тап осы кезеңдегі басым бағыттарды белгіледі. Яғни алдағы бес жылда өзіміздің ықпалдастығымызды тереңдетіп, барлық кедергіні жоюымыз керек.
Игорь ШУВАЛОВ,
Ресей Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары:
– ЕАЭО-да біз Қазақстанның көшбасшылығын мойындаймыз. Себебі, Қазақстан Президенті бұл идеяның негізін қалаушы болып табылады. 90-шы жылдары ол еуразиялық кеңістік идеясын көтерді. Цифрлы экономиканы құру және басқа да маңызды мәселелер бойынша, оның ішінде ЕАЭО-ның дамуы тұрғысында біз Қазақстанның көшбасшылығын көргіміз келеді. Одақ бойынша өзге де әріптестеріміз бізді қолдайды деп үміттенемін, себебі Қазақстанда бұл көшбасшылыққа барлық қажетті жағдайлар мен Президенттің сенімділігі бар. Осы жағдайда еуразиялық кеңістіктің бұл құндылығының көшбасшысы ретінде барлығымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты үлгі тұтамыз. Сондықтан, алға қарай ілгерілеу бастамасы Қазақстанда қалыптасады деп сенеміз.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»