Рас, қазір жоғары және жергілікті атқарушы органдарға үй тұрғызып бер деп міндетсінетін кез емес. Қандай жағдайда да баспана мәселесін аяқ-қолдары балғадай отбасы мүшелері бірінші кезекте өздері шешуге мүдделі болуға тиісті екендігі ешқандай талас туғызбайды. Ал оларға сол билік өкілдері тарапынан үй тұрғызу үшін қажетті алғышарттар жасалса, бұл бөлек бір әңгіменің сыбағасы.
Осы орайда Ақтөбе қалалық және Ақтөбе облыстық әкімдіктері тарапынан су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жер телімдері бөлінгені алдыңғы пікіріміздің бір дәлелі бола алады деген ойдамыз. Мұндай «батпан құйрыққа» ие болғандардың басым бөлігін Қурайлы ауылында тұрып келген отбасылар құрайды. Оларға әкімдіктер тарапынан қарастырылған қолдаулар тек мұнымен шектелмейді. Яғни, жер телімдеріне қоса үйлері суға кеткен отбасылардың әрқайсысына «Қолғанат Ақтөбе» қоры арқылы 1 миллион теңге көлемінде қаражат берілген. Бой көтерген жекеменшік тұрғын үй құрылыстарын электр қуатына жалғау, ауыз сумен және табиғи газбен қамту жұмыстары бюджеттік және инвестициялық қаражаттар есебінен жүргізіліп жатқанын ескерсек, атқарушы органдардың зардап шегушілерге тигізген шапағаты тереңдей түседі.
Тағы бір айтарымыз, тасқын суға тап болғандардың арасында мүгедектер мен көп балалы отбасылар және бюджеттік сала қызметкерлері де бар болатын. Азаматтардың мұндай топтарының өз күштерімен бас-пана тұрғызуға мүмкіндіктері бола бермейтіні де белгілі жайт. Оларға шағын отбасылық жатақханалардан тиісті пәтерлер берілген. Мүмкіндігі шектеулі жандардың белгілі бір тобына облыс орталығынан пәтер кілттері табыс етілсе, екінші біреулеріне аудандардан үйлер ұсынылды. Сонымен бірге, демеушілер мен жұмыс берушілер есебінен баспаналы болғандар да бар. Табиғи апаттан зардап шегушілердің келесі бір легі сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы пәтерлерге ие болды.
Осы мысалдардан тасқын судан жүздері шайлығып қалғандарды баспанамен қамтудың барлық тәсілдері мен мүмкіндіктері пайдаланылып отырғанын көреміз. Сонымен бірге биылғы көктемде Ақтөбе қаласы тұсында болған табиғи апат көптеген келеңсіздіктер мен заңсыздықтардың бетін ашып бергенін айтпай кетсек, шындыққа кіреуке түсіріп алармыз. Бұл су қорғау аумағында бірқатар нысандардың құрылыс нормаларын белінен баса отырып салынғаны десек, ақиқаттан алшақ кетпейміз.
Мұның өзі өңірдегі құрылыс салуға рұқсат пен лицензия беретін жергілікті мемлекеттік органдар үшін де ащы сабақ болып қалатыны анық. Кешегі бір күндері «Ақтөбе ақпарат» ақпараттық орталығы көктем кезінде тасқын су басып қалған аймақта бау-бақша ұжымдары мен серіктестіктерін қоса алғанда 907 құрылыс ғимараты болғаны жөнінде дерек таратты. Олардың мәлімдеуінше, арнайы құрылған комиссия сол нысандардың бәрі бірдей заңды түрде тұрғызылмағанын айқындап беріпті. Сондықтан да аталған комиссия мүшелері суға кеткен құрылымдардың белгілі бір бөлігін қалпына келтірудің қажеті жоқ деген қорытындыға келіп отырған көрінеді.
Сөз соңында тағы бір аңғалдық пен кереғарлықтың түп-төркініне үңіле кетудің қажеттілігі туындап отыр. Мұның өзі бірқатар азаматтардың жекеменшік баспана тұрғызуға немесе тасқын судың салдарынан бүлінген үйіне күрделі жөндеу жүргізуге құқық беруші құжаттарының жоқтығынан немесе тасқын су кезінде жоғалып суға ағып кеткенінен туындайды.
Әйтеуір көңілге медеу тұтарлық мәселе осы жағымсыз жайтты ескерген жергілікті атқарушы органдар «Қолғанат Ақтөбе» қоғамдық қоры арқылы оларға материалдық көмек көрсету жөнінде шешім қабылдапты. Соның нәтижесінде 585 отбасыға жалпы сомасы 61,6 миллион теңге көлемінде материалдық қолдау жасалған.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ