Қазақстан • 25 Тамыз, 2017

Хат қоржын (25.08.2017)

496 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Хат қоржын (25.08.2017)

Қолға алар деген ойдамыз

Қарағанды облысы, Ұлытау ауданындағы Байқоңыр ауылы – мал шаруашылығымен айналысатын, 80-нен аса отбасы тұратын елді мекен. Бұрын аудандағы ең озат шаруашылық болатын, халқы да қазіргіден екі есе көп, өзіндік тарихы да бай еді. Бір кездегі артель, колхоз, совхоз тарихының бәрі қазіргі өскелең ұрпаққа белгісіз. «Тарихын ұмытқан елдің келешегі жоқ, бабаларын ұмытқан ердің болашағы жоқ» деген өсиет бар.

Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін мектеп бітіргеніне 45 жыл болған бір топ байқоңырлықтар өткен жылы ауыл әкіміне – Байқоңыр көмір қазбасының 110 жылдығын, Байқоңыр совхозының 60 жылдығын атап өтуді, ауыл орталығынан Тарихи-өндірістік және ауыл шаруашылығы мұражайының ашылуын және ескі Байқоңыр көмір қазбасы ауылы орналасқан аймақты туристік бағытқа қосатын «Ашық аспан асты мұражайын» ұйымдастыруды аманат етіп тапсырған болатынбыз. Тапсырып қойып қарап отырмай, келешекте өзіміз де осы іске атсалысып, мақсатқа қол жеткізу үшін «Атамекен-Байқоңыр» қоғамдық бірлестігін құрып, тарихи материалдар жинаудамыз.

Айтарымыз,  басшы қызметтегі және зиялы азаматтар пікірлерін білдірсе,  әкімдіктегі ел басқарып отырған мырзалар да ынта білдірер, қолға алар деген ойдамыз.

Ақберген ҚАРАТАЙ
Қарағанды облысы

Тіл үйретудің тиімді тәсілі

«7 телеарнада» түріктің «Ғаламат ғасыр: Көсем дәуірі» телехикаясының көрсетілімі жақында аяқталды. Бұл телехикая ауқымды, көрерменнің көзайымына айналған туындылардың бірі болды. 1603 жылы Грек аралынан ұрланып келген венециялық көпестің қызы Анастасияның Осман мемлекетінің 14-ші сұлтаны Ахметтің сүйіктісіне айналып, уақыт өте лауазымы артып «Көсем сұлтан» деген атаққа ие болуы жолындағы өмірі, тақ үшін күрес, махаббат пен өшпенділік, адалдық сезімдерінен құрылған тарихи телехикаяның сюжеті мен актерлерінің шеберлігі көрермендерді ерекше сезімге бөледі. Фильмнің ең басты тартымдылығы – қазақ тілінде тәржімалануында деп ойлаймын. Осы орайда, телехикаяны қазақ тіліне аударып, дыбыстаған барлық ұжымға үлкен алғыс айтқым келеді.

Қазақтың ғажайып бай сөздік қорымен тілі өте тартымды, түсінікті тәржімаланған бұл фильмді орыстілді қазақтармен қоса татарлар, өзбектер, әзербайжандар, орыстар, немістер, еврейлердің де қызығып көргенін ерекше атап өткім келеді. Менің ойымша, қазақ тілін үйренем деушілерге осындай фильмдер мен бағдарламалардың көптеп көрсетілуі үлкен көмек болар еді.

Динара ВАГАКОВА
Шымкент

«Армысыз» деген жақсы емес пе?

«Ғибрат» айдарымен берілген Серіхан Ештаевтың «Сәлемің қалай, бауырым» атты мақаласын оқи отырып, сәлемдесуді қалай бір жүйеге келтіруге болады деген ой келді. Мәселен, басқа ұлттың мұсылмандарымен арабша «Ассалаумағалейкум» деп амандас, өйткені бәрімізге ортақ тіл. Ал қазақ қазақпен осының аудармасы «Алланың нұры жаусын» десек не болады? Бір-бірімізбен кездес-кенде «Армысыз» десек қалай болар екен? Бала кезімізде үйге кіріп келген кісі «Мал-жан аман ба?» дейтін. Мал да, жан да әлі де өзінің өзектілігін жойған жоқ сияқты. «Сәлеметсіз бе?», «Аман-есенсіз бе?», «Қайырлы таң», т.б. амандық білудің жолдары бар ғой. Діндарлардан сұрасаң – құранда арабша жазылған, сондықтан арабша амандасуымыз керек дейді. Мен бұған келіспеймін. Әрине, бұлай амандасу қанымызға терең сіңіп кеткен, өзгерту қиын. Бірақ ана тілімізге бір қадам болса да жылжығанымыз дұрыс болар еді. Мысалы, шетелдік кітаптарды қазақшаға аударып оқып жатырмыз. Неге арабшаны қазақшаға аударуға болмайды дейміз. Халқымыздың бай тілін кең көлемде пайдалансақ, одан ұтарымыз көп болады деп есептеймін. Бауыржан Момышұлының мынадай сөзі бар: «Сөздің басы сәлемнен басталуы керек» деген. Ұлтымыздың мәртебесін көтерудің бір жолы – бір- бірімізбен ана тілімізде амандасу. «Басқа тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қағиданы берік ұстайық.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
ардагер-ұстаз

 Астана

Шипагерге ризашылығым шексіз

Менің жасым отыз төртте. Әр баланың өз несібесі бар дегендей, таяуда оныншы сәбиім дүние есігінен аттады. Бұл тізгін ұстарымыздың есімін Сәулет деп қойдық. Өмірде әр түрлі көлденең жағдайлар бола береді емес пе?! Әрине, балаға бірінші рет толғатып тұрғаным жоқ. Сонда да осы жолы денсаулығыма байланысты сәбиімді дүниеге әкелерде дәрігерлер мені өздерінің бақылауына алды.

Ай-күнім жақындаған сайын өзім де алаңдай бастадым. Облыстық көпсалалалы аурухананың ана мен бала бөлімшесіне бардым. Мені акушер-гинеколог Назгүл Оңғарбаева қабылдап, өз қамқорлығына алды. Бір айдан аса уақыт осы дәрігерге қаралып жүрдім. Босанатын күнім де Назгүлдің кезекшілігіне тап болды. Қуанып кеттім. Ол мені аман-есен босандырып алды. Қарапайым, ақжарқын қыздың қамқорлығына риза болдым. Оған деген алғысым шексіз.

Айсәуле САТЫБАЛДИЕВА,
«Алтын алқа» иегері

Ақтөбе

Бес миллионды қайдан табамын?!.

Кеңес заманындағы «Баспанасы жоқ алматылықтарды үш жылда пәтермен қамтамасыз етеміз» деген бастаманың жалаң ұранға айналып қалғанын көрген ұрпақтың өкілімін. Пәтердің зардабын ұзақ жыл тарттым. Көзімнің жеткені – менің алдымда кеңес заманында кезекте тұрған 200 адамның барлығы да осы күнге дейін баспаналы болып үлгерді. Біз жолын таппадық па, көзін таппадық па, әйтеуір, ылғи да кезектің соңында қала бердік.

 Көп жыл бұрын көз жасымыздың өтеуі болар, Алматының «Орбита-4» шағын ауданынан уақытша болса да тұратын пәтерге қол жеткізіп, бала-шағамызбен қуанып та қалғанбыз. Таяуда, жергілікті билік бізге осы күнге дейін тұрып келген пәтеріміз үшін 5 миллион теңге төлеу керектігі туралы ескертті. Шиеттей бала-шаға бағып әрі жұмыссыз отырған менде ондай ақша жоқ. Сонда не істемекпін? Мұңымды «Егемен Қазақстан» газетіне жазып білдіруден басқа амалым қалмады.

Құрмаш МАЛА,
«Орбита-4» шағын ауданындағы 38-үй, 43-пәтердің тұрғыны

Алматы

 

Соңғы жаңалықтар

Жолашар тың бағыттар

Пікір • Бүгін, 09:55

Екібастұздағы алып мұржа

Аймақтар • Бүгін, 09:50

Суперкомпьютердің мүмкіндігі мол

Технология • Бүгін, 09:35

Қателіктің алдын алады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30