Бокс • 25 Тамыз, 2017

Мэйвезер мен МакГрегор: кім мықты?

490 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алдағы жексенбі күні америкалық кәсіпқой боксшы Флойд Мэйвезер мен ирландиялық UFC жекпе-жегінің жарқын өкілі Конор МакГрегор бокс ережесі бойынша 69,9 килода жұдырықтасады. Осы кездесуге орай бокс жанкүйерлері үшін алдағы жекпе-жектен не күтеміз? Кім жеңеді, кім жеңіледі? Бокс мамандары мен кәсіпқой боксшылар бұл кездесу туралы не айтып жатыр? деген сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Мэйвезер мен МакГрегор: кім мықты?

Бұл шоудың әлқиссасы сәл әріректен басталады. Өт­кен жылдың мамыр айында шет­елдік басылымдар Мэй­везердің UFC тарланы Мак­Грегорға жекпе-жек өткізу тура­лы ұсыныс жасағанын, олардың 2016 жылдың жазында жұ­дырықтасуы мүмкін екенін жазып жатты. Бірақ, бұған ол кезде ешкім сене қойған жоқ еді. Көпшілік мұны Мэйвезердің іші пысқан кезіндегі кезекті бір әңгімесі шығар деген болатын. Ел арасындағы гу-гу әңгімеге UFC президенті Дэйн Уайттың «МакГрегормен кездесу өткізгің келсе, маған хабарлас», деп Мэйвезерге айтқаны отқа май құя түсті.

Сөйтіп, бір жылдық сөз қағысудан кейін кәсіпқой бокс пен аралас жек­пе-жектің қаржылай «магнаттары» 15 маусым күні Флойд Мейвезер мен ирландиялық Конор МакГрегордың 26 тамыз күні жекпе-жек өткізуге келіскендерін жариялады. Бір қызығы, екі спорт өкілінің бір-бірімен кездесуі тарихта екінші рет қайталанып отыр. 1976 жылдың 26 маусымында аты аңызға айналған әйгілі бокс­шы Мұхаммед Әли мен ж­апониялық рестлер және каратэ спортының өкілі Антонио Иноки арасында өткен-ді. То­киода ұйымдастырылған кеш екі спортқа да бейтарап ереже бойынша ұйымдастырылып, тең нәтижемен аяқталған болатын. Ал біз сөз етіп отырған Мэй­везер-МакГрегор жекпе-жегі бокс ережесі бойынша өтеді. Былайша айтқанда, арыстанды суға жіберіп, қолтырауынмен төбелестіргенмен бірдей болмақ.

Аталған жекпе-жекті әлем жанкүйерлері тағатсыздана кү­туде. Тіпті, қазақстандық кө­рер­мендердің де бұл айқасты тамашалауға аса ниетті екенін әлеуметтік желілер мен түрлі сайттарға жазған пікірлерінен бай­қауға болады. Ал «Не сойса да қасапшы сойсын» деген ұстанымдағы спорт сарапшылары бұл кездесуді көруге ынталы емес. Және де жанкүйерлерді Го­ловкин-Альварес жекпе-жегіне баруға үгіттеп жатыр. Олар мұ­ны тек бизнес үшін жасалған шоу екенін айтады. Америкалық танымал промоутер Лу Дибелла болса, бұл кездесуді бокс емес, спектакль деп атады. «Бұл бокс кеші емес, бұл – спектакль. Мэй­везер-МакГрегор бокстың шоу екенін дәлелдеді», дейді. Десе де, кәсіпқой бокстың өзі шоу-бизнес екенін естен шығармаған жөн.

Енді аталған кездесу туралы пікір айтып жатқан спорт сарапшылары мен әлемге танымал спортшылардың болжамдарынан мысал келтіре кетейік. Бірқатар бокс мамандарының айтуы бойынша, бұл айқаста Флойд Мэйвезер қарсыласын еш қиындықсыз жеңетініне күмән келтірмейді. Ауыр салмақтағы әлемнің экс-абсолютті чемпионы Леннокс Льюистің пікірінше, бұл кездесуді толыққанды жек­пе-жек деп айту қиын. «Шы­нымды айтсам, мұны жекпе-жек деп есептемеймін. Жанкүйерлер бұл айқасқа «МакГрегор аяқпен теуіп қоймай ма екен?» деген сұрақтың жауабын іздеу үшін баратын шығар», дейді ол. Ал атағы жер шарына таралған әйгілі промоутер Боб Арум: «О, тоба. Бұл қандай бокс бол­мақ? МакГрегордың бұл кеште титтей болсын жеңіске жетуге мүмкіндігі жоқ», деп бұл жекпе-жекке таңданысы мен пікірін осылайша білдірді.

Үлкен Флойд Мэйвезер ұлы­ның жеңіске жететініне күмән келтірмейді. Сондай-ақ, алпыс жасты алқымдағанына қарамастан ол: «Конорды мен де жеңе аламын», деп бүкіл әлемге жар салды. «Тыңдаңыздар, мен 64 жастамын, ол (МакГрегор) – 28 жаста болса да, менің соқ­қыларыма төтеп бере алмайды. Тіпті, көз ілеспес жылдам­дығым­нан менің соққым қайда бағыт­талғанын да білмей қала­ды», деп өзінің әлі тың екенін жанкүйерлерге дәлелдегендей болды. Осы орайда Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчестің пікірін келтіре ке­тейік. «Конорда жоғалтатын еш­теңе жоқ. Сондықтан, ол бұл айқаста бар күшін салу керек. МакГрегордың бұл кездесуде басты мүмкіндігі – ұзын қолдарын пайдаланып, Флойдқа соққы жасауға мүмкіндік бермеу. Ол әр үш минут сайын толық жұмыс істеуі керек. Және де Мэйвезердің қателесуіне мүмкіндік тудырып, орайы келгенде анық соққылар жасауы тиіс. Сонда ғана ирландиялық боксшы жеңіске жетеді», деп UFC өкіліне ақыл-кеңес берді. Ал Жанат Жақияновтың про­моутері Рикки Хаттон Конор МакГрегордың нокаутпен же­ңіске жететініне сенеді. «Флойд қазір бұрынғы бабында емес. Ол қазір шау тартып қал­ды. Меніңше, Конор нокаутпен жеңіске жетеді. Және соны қатты тілеймін. Өйткені, мен МакГрегордың жанкүйерімін», деп ирландиялық боксшыға тілектес екендігін жеткізді.

Бұл сарапшылар мен маман пікірінің бір парасы ға­на. Шетелдік басылым бет­те­рінде күн сайын бірнеше бол­жамдар мен сараптамалы пікірлер жарияланып жатыр. Олардың көбі алдағы кездесуде МакГрегордың жеңіске жетуге еш мүмкіндігі жоқ еке­нін алға тартуда. Бірақ, мұны тек әр адамның пі­кірі ретінде қабылдаған дұрыс. Өйт­кені, ирландиялық бокс­шының да бір ойлаған жос­пары бар. Оның үстіне, МакГрегор аме­рикалық боксшыдан 12 жас­­қа кіші. Жас айырмашылық бәрібір маңызды рөл атқа­ра­тыны белгілі. Сонымен қатар, Конор­дың америкалық бокс­шыға қарағанда дене бітімі де ірі. Дегенмен, дәл қазір­гі сәтте екі спортшының да жеңіске же­туге деген мүмкіндігі тең. Кімнің жеңіске жететінін 27 тамыз күні білетін боламыз.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»