Қазақстан • 25 Тамыз, 2017

Ғылым докторы Бақыт Оспанов жайлы бір үзік сыр

600 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бақыт Оспанов – экономист. Ғылым докторы. Шенеунік. Партия жетекшісі. Қазақ руханияты туралы ой қозғағанда сөзіңнен жаңыласың. Арғы-бергі ақындардың поэзиясынан ауқымды әңгіме толғайды. Абай, Сүйінбай мен Жамбыл, Тұманбай мен Мұқағали, Қадыр мен Олжас туралы сыр шертіскен сәттер көзден де, көңілден де кетпейді. Қазақ хандығының 550 жылдығы тұсында идея айтты. Үш тілде кітап шығару қажет болды.

Ғылым докторы Бақыт Оспанов жайлы бір үзік сыр

 

– Бұл біздің тарихымыз­дың ең күр­делі тұсы, – деді Бәкең сон­да, – Нұрағам, Нұрсұлтан Әбішұлы «Ұрпақтар бірінің жолын бірі жалғайды. Ол жол – сара жол, Мәң­­гілік Елдің жолы» демеп пе еді. Енді біздің тарихы­мызды өзіміз ғана емес, шетелдіктер де білуге тиіс. Қазақ тарихы туралы кітапты шетелдік дипломаттарға сыйлаймыз. Олар өздерінің сая-си жазбаларында Қазақ елінің бүгіні ғана емес, өткені, болашағы жөнінде сараптама дүниелер жазатын болады».

Осылайша Бақыт Сағындық­ұлының идеясымен «Қазақ хан­­­ды­­ғы­нан – Мәңгілік Елге» ат­­ты қазақ, орыс, ағылшын ті­лін­­­­­де кітап шығардық. Оған Карл Байпақовтың, Әбсаттар Дер­­бі­сәлінің, Хангелді Әбжа­нов­­тың, Ерлан Сыдықтың жә­не өз материалдарым ен­ді. Ас­та­­нада Л.Н.Гумилев атын­дағы Еу­ра­зия ұлттық универси­тетін­де шет­елдік миссиялар мен кон­суль­­дықтардың, елші­лік­тердің қыз­меткерлері қатысқан кітап­тың тұсаукесер рәсімі жоғары дең­гейде өтті. Кейін Тараздағы ұлы тойға да барып қайттық.

Бәкеңмен екеуара әңгімеміз кей­де сан алуан тарихи деректер­ге ауысады. І.Есенберлиннің «Көш­­пен­ділер» трилогиясы туралы әң­­гі­меміз ұзаққа созылғаны бар. Бә­кең Мұхамед Хайдар Дулатидің «Та­рихи Рашиди» кітабын айдау­да жүріп Ілекеңнің қалай оқығанына таңданыс білдірді.

– Ілияс Есенберлиннің три­лог­иясындағы деректердің бар­лығында «Тарихи Рашиди» шы­­­ғар­­масының табы жатыр. Қа­ламгер соны қалай ек­шеп, заманмен қалай үйлестіріп жіберген десеңші шіркін. Ол кі­тапты біз күні кеше ғана қолға тү­сірдік қой. Талант қой шіркін, та­лант, – деп Бәкең тамсана әң­гімелейді.

Міне, сол Бақыт Оспановтың совхоз директоры, аудандық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңестің депутаты кезіндегі қызметі емес, мені та­быстырған да, таныстырған да Жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болып қыз­­мет істеген кезі болды. Ол тәуел­сіз Қазақстанның шекарасына дели­митация мен демаркация жасау тұсындағы кездесу­лер еді. Ол кез ел тағдыры, жер тағ­дыры қыл үстінде тұр­ған шақ болатын. Осындай кезеңде Ба­қыт Сағындықұлының екін­ші жұмыс орны Парламент Мә­жі­лісі болды. Шекараны шеген­деу тәуелсіз елдің тұғырын биік­­те­тудің бір белгісі ғой. Сол се­беп­ті көршілермен шекара мә­се­лесін ынтымақтастық дең­гейінде бекітіп алу Елбасының Үкі­меттің алдына қойған негізгі тап­сырмасының бірі болатын. Әри­не, жер мәселесі қашанда күр­делі, оның түйінін тарқату дип­ломатиялық алғырлықты та­лап етеді. Мінеки, осындай ша­руаның басы-қасында Бақыт Са­ғындықұлы жүріп, өзінің білік­тілігі мен алғырлығын көрсете білді.

Парламент Мәжілісіндегі ше­­­ка­раға қатысты заңдарды рә­сім­­деген Халықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік жө­ніндегі бас комитет еді. Ал комитеттің атынан заңды жүргізуді маған тап­сырды. Сондықтан да сол бір мазасыз күндер мен түндер туралы жазу да, еске түсіру де оңай емес. Мемлекет басшысының тап­сырмасы ойдағыдай орындалды. Ал демаркация жасау мүлдем қиын­ға соқты. Осы сәтте Бақыт Ос­пановтың жанында Төтенше және өкілетті елші, Сыртқы іс­тер министрлігінің өкілі Мұрат Атанов жүрді. Міне, осы кезде Ба­қыт Оспановпен жақынырақ танысуға тура келді.

– Бәке, сіз босқа агроном, эко­­­но­­­мист болып кеткенсіз ғой. Сөз­дің майын тамызасыз, поэзия­ны талдағанда талай әдебиетшіні жолда қалдырасыз, – деймін сөз арасында.

– Сіз екеуміз поэзия рухы қон­ған жерде дүниеге келген жоқ­пыз ба? Бесігімізді аналарымыз «әл­димен» ғана емес, ұлы ақын­дар­дың өлеңімен тербеткен жоқ па? Бала күніңде құлақта қалған ән өмірбақи есіңнен кетпейді. Оның үстіне Абайды, жата-жас­та­на оқыдым. Әжем марқұм өмір сү­ру ережесі туралы құлағыма құй­ды ғой...

– Өмір сүру ережесі дейсіз бе? Ол не?

 Бәкеңнің менен бір жасқа жетер-жетпес үлкендігі бар. Соған қа­рамастан, сіз деп сөйлейді. Сы­­пайылық, биязылық, жүріс-тұ­рысы оның тектілігін көрсетеді. Сол өмір сүру ережесі мені қатты қы­­зықтырды. Бильярд ойнай жү­ріп, журналистік ескі әдіске салып орай­лап, абайлап сұрақ қоямын.

– Сіз, коммунизм құру­шы жас­тардың Моральдық кодек­сімен тәрбиеленген жоқ па едіңіз?!

– Сол Моральдық кодексте ай­­­тыл­­­­ғанның бәрі дұрыс. Бірақ сөз бен ісі үйлеспеген соң құны кет­­ті ғой. Ал оның аржағында Құ­ран, Інжіл, Талмұт тұрғанына еш­кім ойлана бермейді. Ал мен үшін әжем үйреткен өмір сүру сабақтары басқаша еді. Злиман әжем:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба...

Бес нәрседен қашық бол,

бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз, – деп Абай өлеңдерін құлағыма құя бер­ді.

– Сол бес нәрсе сіздің өмі­ріңіз­бен қандай байланыста болды? Осыны санамалап айтып бере аласыз ба?

– Есеп кестесін қалай жаттасам, ұлы Абайдың бес асылы мен бес нәрседен қашып жүретін қасиетін бойтұмардай жаттап алдым. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – Абай баба айтқан кес­апат бес нәрселер. Мен осылардан қашық болдым-ау деп ойлаймын.

Иә, Бақыт Оспановты Қазақ­стан шекарасына қатысты заң жобасын талқылау барысында тереңірек тани түстім.

Еліміз тарапынан мемлекеттік шекараны делимитациялау бо­йынша жұмыстар Үкіметтің Қа­зақ­­станның Қырғызстанмен, Ре­сеймен, Түрікменстанмен жә­не Өзбекстанмен мемлекеттік ше­­­ка­расын делимитациялау жө­нін­дегі Үкіметтік комиссия туралы қаулысына сәйкес жүр­гізілді. Комиссияның құрамына мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, об­лыс­тық, аудан­дық және ауыл­дық әкім­діктердің, түрлі меке­ме­лердің ма­мандары геодезис­тер, картографтар, гидрологтар мен жер­ге орналастырушылар сарап­шы ре­тінде тартылған жұ­мыс то­­бы жасақталды. Орта­лық Мем­­лекеттік мұрағат ба­за­­­сын­дағы министрліктер мен ведомстволардың Қазақ­стан Республикасының арна­йы ма­мандандырылған меке­ме­лерінің барлық құқықтық мате­риалдары жинақталып, зерт­теліп әрбір мемлекетпен жүр­гізілетін келіссөздердің тәсілі мен прин­циптері әзірленді.

Соның арқасында Қазақстан қысқа мерзімді 1992-2005 жылдар ішінде қазіргі заманғы құрлықтық шекарасын барлық периметрі бойынша белгілей алды. Осы мәселелер бойынша Қытаймен және КСРО құрамындағы бұ­рынғы одақтас республикалар­мен арадағы екі кезеңнен тұратын келіссөздер де нәтижелі жалғасын тауып, мемлекетіміз тәуелсіздігін жариялаған жиырма жылда қауіп­сіздік кепілі шекарасын нығайта алды.

– 2006 жылдың қаңтар айын­дағы Президентті ұлықтау салтанаты кезінде сөйлеген сөзін­де Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік саясат туралы «Қа­зақ­­­­стан өзі шектесетін Ре­сей, Қы­­тай, Өзбекстан, Түрі­к­мен­стан және Қырғызстан Рес­публикасымен шекара мәселесін бір­жолата шешіп, халықаралық құжаттармен бекітті. Бұл – құр­лық­тағы шекарасының өзі 14 мың шақырымға жуық еліміздің сыртқы саясаттағы үлкен табысы. Біз барлық көршілерімізбен орныққан өзара ынтымақтастық пен адал әріптестікті қастерлейміз және алдағы уақытта да еселей беретін боламыз» деген болатын. Жасыратыны жоқ, тоқсаныншы жылдардың басындағы аумалы-төкпелі заманда ең бір нәзік әрі терең дипломатиялық ше­бер­лікті қажет ететін шекара мәселесінен шу шығармай, мем­лекетіміздің мүддесіне еш­бір нұқсан келтірмейтіндей етіп, ті­гісін жатқызып, оңтайлы шешу – айтуға ғана оңай шаруа еді. Осынау тарихи миссияны Ел­басымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзі­нің сындарлы саясаты арқылы түпкілікті шешіп берді. Ресей ғылым академиясы География институтының есептеуі бойынша, посткеңестік елдердің аумағында территориялық-этникалық дауға ұласуы мүмкін 180 нүкте бар екен. «Барлық көршілерімізбен шекара мәселесін біржолата шешіп, халықаралық құжаттармен бекіттік» деген Президенттің дәйекті пікірінен кейін ғана еркін тыныстадық, – дейді Бақыт Оспанов сол жылдарды еске алып.

Расында да, шекара мәселесі тереңнен ойластырылып, байып­пен шешілуді қажет ететін күр­делі саяси мәселе. Әлемнің көпте­ген мемлекеттерінің шекара дауы­­на байланысты ірілі-ұсақты қақтығыстарға ұшырап жатқанын көргенде, немістің белгілі геосая­саттанушысы К.Хаусхофердің «Граница – это скорее поле брани, нежели юридически закрепленная норма» деген пікірі еске түседі. Міне, Бақыт Оспанов ұлттың ең күрделі мәселесін шешу барысында жұмысшы тобының белді мүшесі ретінде осындай сындарлы сынның ішінде жүрді.

Бақыт Оспанов шешен жі­гіт, жұртты аузына қаратып сөй­лейді. Ал сөз жанды жадырататын да, жанды жаралайтын да құдірет. Міне, осы сәттерде Бәкең сөзді «Абайдан, Сүйінбайдан, Жамбылдан, Мұқа­ғали мен Тұманбайдан, Қадыр мен Сағидан» алдым деп ағынан жары­лар еді. «Пайда ойлама, ар ойла» деген Абай. Бақыт Оспановтың өмір кредосының бірі осы ұлағаттан өрбіген. Сондықтан да күлшелі Жер комитетінде жүргенде Бәкең­нің жаман аты шыққан жоқ. Бүгінде де Сыртқы істер министрлігі жүйесінде жұмыс істеп жүр. Жетпіс деген абыройлы жасқа жетті.

Жетпіс деген ақ береннің  оғындай,

Қарып түсер тас көмірдің шо­ғын­дай.

Жетпіс деген есіңді алар қы­зық жас,

Жігіттіктің таусылмайтын ша­ғындай,

– деймін Бәкеңе.

– Уәкем-ау, бұл сөзге сеніп қал­­май­мын ба?, – дейді ол.

– Расы сол...

Ұзақ жылдардан бері сыйла­су мен сырласудан тұратын ағалы-інілі достық көңіліміз ар­қасында Бақыт Оспановтың ру­хани жан дүниесі таныла түс­кендей болды. Өйткені, Бақыт Са­ғындықұлымен кез келген заманауи тақырыптарда пікір алыса аласың. Сабыр сақтайтын тамаша қасиеті бар. Осы қасиет Бақыт Оспановты Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне көтерді. Өйткені, елші ел тарихы мен экономикасын ғана емес, сан салалы әңгімелерден қорытынды жасай алатын сарапшы болуға да тиіс. Сондықтан да бабаларымыз «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деп бекер айтпаған ғой.

Өмірде талай адаммен танысып, жүздесесің. Бірақ олардың бәрін сырласар дос ете алмайсың. Ол мүмкін де емес. Ал Бақыт Оспановтың жөні бір басқа. Ол сыйласа да, сырласа да, ақылдаса да, ойласа да алады. Өмір сүру ережелерін жан мен ар биігімен ұштастырған Бақыт Оспанов осындай азамат!

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры,
ҰҒА академигі

 

Соңғы жаңалықтар

Жетісуда мал саны өскен

Жануарлар • Бүгін, 19:50