Алпыстың асқарына алқынбай көтерілген аға-дос Әміре Әрінмен ағайын-туыстай араласқанымызға 30 жылға жуықтапты. Тарап кеткен Талдықорған облысының «Жерұйық» атты азулы газеті болды. Егемендіктің елең-алаңында елдік мәселелерді екшеуде, ұлт ұпайын түгендеуде, бейдауа бюрократизмнің қақпақылына түскен қарапайым халықтың сөзін сөйлеуде ақиқаттың алдаспанына айналған бұл басылымның беделі бес батпан-тұғын. Басқасын былай қойып, обкомның бірінші хатшысының озбырлығына қас батырдай қарсы тұрып, ақыры орнынан алып тынғанын айтсақ та жетіп жатыр. Жариялылық пен демократияның жалауын осылайша желбіреткен «Жерұйықтың» бас редакторы Тұрсын Әбдуәли редакция аппаратына аудандардан аттай қалап қаламы жүйрік бірнеше журналисті алдырды. Сойы бөлек сол топтың ішінде Қараталдан шақырылған Әміренің екпіні ерекше еді. Оқта-текте жолдайтын ойлы мақалаларын оқығанымыз болмаса, өзін түстеп танымайтын әріптесіміз туралы ол Талдықорғанға табан тірегенге дейін-ақ, талай нәрсені біліп қойдық. Әсіресе, ҚазГУ-дің журфагында бірге оқыған әзілкеш курстасы Тұрлыхан Кәрім ішек-сілесімізді қатырып, екеуінің «ел қыдырған есер шақтағы» біраз қызықтарын айтып тастаған. Әйтсе де, әзіл-шыны аралас әңгіменің астарынан Әміренің өте алғыр, өтті-бетті, өткір, айналасына аса сүйкімді азамат екендігін аңғарып үлгергенбіз. Ал өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Кемел Құсайынов болса, жерлесінің кәсіби біліктілігінің жоғарылығын алға тартып, абыройын одан сайын асырды.
– Онда Қаратал аудандық «Коммунизм жолы» газетінде жауапты хатшының міндетін атқарып жүрген кезім. Қызметкерлеріміздің көбі жазғы демалысқа кетіп, жанталасып жатқанымызда кеңсемізге аппақ костюм-шалбар киген қара торы жігіт келді. Ассаламағалейкүмін әндете созып, әдеппен сәлем берді. Бұйымтайын сұрасақ, жұмыс іздеп жүрген беті екен. Онымен қоймай, «Мені жұмысқа алсаңыздар өкінбейсіздер. Кез келген тапсырмаларыңызды тап-тұйнақтай орындаймын» дейді таңдайы тақылдап. Содан қолына ТАСС-тан түскен орысша мәтінді қолына ұстатып, қазақшаға аударуын өтіндім. Арада жарты сағат өтті ме, өтпеді ме әлгі сабазым берген қағазымды қайта әкелді. Байқап көрсем аудармасы тәп-тәуір. Сөз саптауы, сөйлем құруы дұрыс. Соны ескеріп, қатарымызға қабылдадық, – деген еді бүгінде о дүниелік болып кеткен аяулы ағамыз.
Мақтаулы маманды «Жерұйық» жампоздары жатырқамады. Жаңа қызметкер де қысылып-қымтырылып, жатпады. Іле-шала іске кірісті. Оқырманға олжа салар оңды дүниелер жазды. Ащы сынның адырнасын аянбай тартып, ауыл шаруашылығындағы көкейкесті проб-лемаларын көтерді. Шығармашылық лездемелерде жылы лебіздерді жиі еститін. Сондай-ақ, өнер саласынан да соқталы очерктер жазып, көпшілік көңілін көншітті. Терең тебіреністен туған театр туралы толғамдарын тұшына оқығаным есте қалыпты. Сөйтсек, сегіз қырлы серіміз Алматыдағы эстрада және цирк студиясын бітірген, ұлт мәдениетін ұлағатты жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей қолдауымен ашылған Торғай облыстық драма теа-трында Досан Жанботаев, Шолпан Байғабылова, Асылболат Смағұлов сынды сахна саңлақтарымен өрелі өнердің өрісін бөліскен кәсіби әртіс екен ғой. Оның өнегелі өмірбаянындағы мұндай «ақтаңдақты» былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін. Әмбебап Әміренің ән салған сәтін көру бір ғанибет. Алқалаған әлеуметтің қолпашынан арқасы қозғанда аламанға түскен арғымақтай арындап, алысқа сілтейді. Ондайда операларыңыздан да ариялар орындайды, әсем әуендерді де әуелетеді.
Мен қаламдасымның қабілет-қарымына қараптан-қарап қайран қалатынмын. Басқаларымыз бап тілеп, ырғалып-жырғалып жүргенімізде ол нөмірге баратын маңызды материалдарды жеделдетіп дайындай қоятын. Облыс басшыларының орысша баяндамаларын қазақшаға аударуға келгенде алдына жан салмайтын.
Айналасынан ат оздырған білікті кадр-ды жоғарғы жақтағылар да тез байқады. Алдымен мұны Алматыдағы партия мектебіне жіберіп алмақ болды. Алайда, мәңгілік мызғымастай көрінген Кеңес өкіметі аяқ астынан құлап қалып, парт-школ партасына отырудың сәті түспеді. Есесіне тәуелсіздік туын тіккен еліміздің игілігіне еңбек етті. Биліктің бишігін ұстап, Қаратал ауданы әкімінің орынбасары болды. Артынша кәсіпкерлікпен айналысып, «Тұз» акционерлік қоғамын басқарды.
Қасиетті Қаратал өзенінің Балқашқа барып құяр сағасындағы «Дөңши» дейтін балықшылар ауылында дүние есігін ашқан кейіпкеріміз туған жер қадірін ерте түсінді. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекіместен әке-шешесінен айырылып, аяулы әжесінің бауырында өсті. Қағылез қара бала құлағы қалқайып, көнекөз қариялардың арыдан толғап, беріден қайыратын көшелі әңгімелерін көп тыңдайтын. Екіталай замандарда елдің басын ұстаған Ескелді, Балпық билердің, Тілеуғұл, Бақай батырлардың, Жәлмеңде, Пышан секілді жақсы жайсаңдардың және басқа бабаларының ұрпаққа ұран болған үлгілі істеріне іштей сүйсінетін. Аталардан естіген аңыз ертегілерге елтіп, қиял қанатында қиырларды кезетін. Әліппе ашып, әріп таныған бетте әдеби кітаптарға қызығушылығы артты. Ауылынан шыққан Мұғалімбай Жылқайдаров, Жанат Елшібек, Несіп Жүнісбаев, Жанат Дүкенбаев, Ордаш Кендірбаев сынды журналист-жазушыларға еліктеп, қағаз-қаламға аңсары ауды. Тіпті, анасының ақылымен біраз «шимай-шатпақтарын» газет редакцияларына жолдайтын әдет тапты. Қазіргі таңда қалың қазаққа танылған белгілі қаламгердің шығармашылық жолы міне, осылай басталған болатын.
...«Ат айналып қазығын табар» деген. Басқа бақшадан терген жеміс дәмінің бал татымасын білген Әміре әу бастан жүрегі қалаған журналистикасына қайта оралды. Республикалық «Спорт» апталығында ақжайлаудай алды кең Несағасымен (Жүнісбайұлы) үзеңгі қағыстырып қатарласа шапты. Нәтижесінде ақпарат саласында беделді саналатын Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықты қанжығасына байлады. Одан соң Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторы орынбасарының орынтағына жайғасып, ойдағыдай қызмет етті.
Елді елең еткізген ең елеулі оқиға оның орыс тілді «Огни Алатау» газетінің бас редакторлығына тағайындалуы болды. «Кезінде одақтық бәйгелерде озған үлгілі үнжария қазақтілді басшының жетегіне жүре қояр ма екен» деген екіұдай сезімге ерік бергенімізді несіне жасырайық. Бірақ Әміре сыналар шақта сыр бермеді. Қазақы намысына қамшы басып, екі тізгін, бір шылбырды берік ұстады.
Ұлтжанды азамат азғантай уақыт Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы болғанынан да көзіқарақты қауым хабардар.
Ғасырға жуық тарихы бар ғибратты «Жетісудың» басына келгенін де қаламдастары қуанышпен қабылдады. Жақсылыққа, жаңалыққа құмар жан өзінің бекзат болмысымен қарауындағы қанаттастарын игі істерге жұмылдыра білді. Бағы жанған басылымның Президенттің Алғыс хатымен марапатталуы осы ойымызды айғақтай түсері анық. Амандық болса, бұл шығармашылық ұжымның алар асулары әлі алда екені тағы талассыз.
Біз бүгін абыройлы азаматтың еселі еңбегі үшін алған марапаттарын түгендеуді мақсат тұтпадық. Саусағымызды бүгіп, жазған кітаптарын санауды да артық көрдік. Халықаралық Алаш әдеби сыйлығымен ардақталған ақындығына да арнайы тоқталмадық. Оны санаткер сыншыларымыз саралай жатар. Тек, жеті жылдан бері тарихи-танымдық «Шыңғысхан» журналын шығарып келе жатқанын, Бүкіләлемдік Шыңғысхан академиясының академигі атанғанын астын сыза атап өткіміз келеді.
Жазарыңыз көбейіп, жақсы атыңыз шыға берсін, Жетісудың жайсаңы!
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»