Қазақстан • 25 Тамыз, 2017

«Пинг-понг ханшайымдары» Бейжіңге барады

186 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ері жомарт елдің қызы жетім болмайды». Алайда, ресми статистикаға сүйенсек, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектердің саны аз емес. Алматыда Қазақстан балалар үйлерінің тәрбиеленуші қыздары арасында үстел теннисінен республикалық «Пинг-понг ханшайымы» турнирі өтті.

«Пинг-понг ханшайымдары» Бейжіңге барады

 «Пинг-понг ханшайымы» деп аталатын әлеуметтік жоба – Қазақ­станда балалар үйінің тәрбиеленуші қыздары арасында үстел теннисінің турнирі. Жарыс қорытындысы бо­йын­ша ж­еңімпаз деп танылғандар Бейжің қаласына жолдама алып, ондағы спорт академиясының жаттықтырушыларынан арнайы шеберлік дәрістерін алу мүм­кіндігіне ие болады. «Бауыржан» қайырымдылық қоры, Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Республикасының үстел теннисі федерациясы және Huawei Kazakhstan компаниясының ұйымдастыруымен қолға алынған игі бастама – жетім балалар арасын­дағы үстел теннисі дарындарын тауып, қазақстандық теннис спор­тының кеңге қанат жаюын көздейді.

Жарысқа екі ай бойы еліміз­дің 10 аймағында өткен іріктеу турнирлерінде дара шыққан 40 балалар үйінен 60 тәрбиеленуші қыз қатысты. Олар екі жас ерекшеліктері бойынша жекелей сынға түсті. Нәтижесінде 7-10 жас аралығындағы қыздар ішінде жүзден жүйрік шыққан Қос­­танай облыстық балалар үйінің тәрбиеленушісі Мария Замотойло I орынға ие болды. Осы жас ерекшелігі бойынша II орынды Орал облыстық балалар үйінің тәрбиеленушісі Вера Молоткова еншілесе, Талғар қаласындағы «Нұр» балалар үйінің шәкірті Наталья Гурина үздік үш­тікті түйіндеді. Ал 11 мен 14 жас ара­лығындағы сайысқа түскен қыздар ішінде Пав­лодар облысындағы Качирский балалар үйінің оқушысы Лаура Мұхаметжанова жеңімпаз деп танылып, көрермендерді тәнті етті. II орын Ақмола облысындағы Ақ­көл балалар үйінен келген Нази Джалагонияға, қола медаль Қара­ғанды облысындағы «Таң­шолпан» балалар үйінің оқушысы Назира Абылқасоваға бұйырды. Осы­лайша, екі жас ерек­шелігі бойынша жеңімпаз атанған Мария Замотойло мен Лаура Мұхаметжанова алдағы қыркүйек айында Бейжіңге барып, бір апта бойы тәжірибелі мамандардан сабақ алып, үлкен спорттың қыр-сырына қанығатын болады. Жарыстың салтанатты жабылу рәсімі кезінде турнирге қатысушы барлық балаға мақтау қағаздары мен сый-сияпаттар табыс­талды.

Турнир ұйымдастырушылары бұған дейін қазақстандық жас­­тардың спортқа деген қы­зығу­шы­лығын ояту мақсатында елі­міздің түкпір-түкпіріндегі 100 жетімдер үйіне 100 теннис ойнайтын үстел мен спорттық жабдықтар сыйға тартқан болатын. Енді балалар үйінің тәрбиеленушілері олимпиялық спорт түріне енетін үстел теннисін ойнап, еркін жат­тығу жасап шеберліктерін шыңдай алады.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар