Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екпенің тиімділігін айтып, дамымаған елдерге тонналап вакцина тасып жүр. Аталған ұйымның деректеріне сүйенсек, екпе егудің арқасында талай індетті тамырымен жоюдың сәті түсті. Мәселен, әлем қарашешек секілді жұқпалы аурулардан құлан-таза айықты. Ал Қазақстанда вакцинаның әсерінен кейінгі 20 жылда қызылша көкжөтел едәуір азайды. Ал дифтерия, полиомиелит секілді аурулар тіркелмегеніне талай уақыт өтті.
Былтыр Мәжіліс депутаты Құралай Қаракен екпеден бас тартатындар саны жыл санап артып келе жатқанын айтып дабыл қаққан-тұғын. «Кейінгі 10 жыл көлемінде баласына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналар саны 8383 адамға дейін көбейді. Ал 2016 жылдың 9 айының өзінде 8 239 бас тарту тіркелген. Солардың ішінде 1 жасқа дейінгі балалар саны 43 пайызды құрады», ‒ деген еді Құралай Қаракен.
Вакцинадан бас тарту үрдісі өңірлерде де жиі байқалады. Мысалы, облыстық денсаулық сақтау департаментінің деректері бойынша, өңірде 2016 жылы 196 адам екпе салдыруға қарсы болса, 2017 жылдың алғашқы 4 айында 93 ата-ана баласына вакцина салдырудан бас тартқан. Әйтсе де, облыстағы жағдай жан шошытарлық деуге келмейді. Былтыр екпе егу ауқымы 98,3 пайызға жетіп, 96 мыңға жуық вакцина салынған. Биыл бірінші тоқсандағы мөлшер түгелдей орындалыпты.
«Қазіргі таңда біздің еліміз пайдаланып отырған вакциналар өте сапалы. Екі жылдан бері кері әсері болмайтын екпелер қолданып келеміз. Жиырма жылдан бері вакцина салумен айналыстым. Әлі күнге дейін бірде-бір мәрте екпенің кесірінен зиян шеккен бала көргенім жоқ. Сондықтан, вакцинаның зияны болмайтынына кепіл бола аламын», дейді Жамбыл облысы №4 қалалық аурухана дәрігері, облыстың штаттан тыс иммунологы Ләззат Заитбекова.
Ара-тұра баспасөз беттерінде екпенің салдарынан дертке тап болғандар жөнінде ақпарат шығып қалады. Дегенмен, оның басым бөлігі вакцинаның кесірінен емес, дәрігердің ұқыпсыздығынан туындап жатады. Л.Заитбекованың айтуынша, әлі күнге дейін Жамбыл облысында да, бүкіл Қазақстанда да екпе тікелей зиянын тигізіп, ауыр дертке әкеліп соққан оқиға тіркелмеген. Жамбыл облысының денсаулық сақтау департаменті жүргізген сауалнамаға сәйкес, вакцинаға қарсы болатындардың жартысына жуығы жеке пікірі, ал 10 пайызы діни көзқарасы салдарынан екпеден бас тартады. Әйтсе де, облыс иммунологы Ләззат Заитбекова көп адам діни сенімін жасырып қалуға тырысатындықтарын келтіреді. «Бас тартушылардың басым бөлігі дінге сүйенетіні байқалады», дейді Ләззат Заитбекова.
Негізінде вакцина салуға Ислам шариғаты да қарсы емес. Мысырдағы әл-Азһар Ислам университеті жанындағы ғұламалар кеңесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымына қарасты Ислам фиқһ кеңесі ғұламалары, Марокко мен Сауд Арабиясы корольдігінің ғалымдар кеңесі түрлі жұқпалы аурулардан сақтану үшін вакцинациялық екпеге жүгінуге болады деп пәтуа шығарған. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, Сауд Арабиясы билігі қажылыққа келетіндердің міндетті вакциналарды қабылдауын талап етеді. Еліміздің дін саласында жүрген имамдар да екпеден бас тартуды негізсіз деп санайды.
«Аталған діни мекемелердің ғалымдары мәселеге байланысты діннің екі негізінің бірі – хадистерге де жүгінген. Хадисте Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім де кім таңертең «ажуа» құрмасынан жеті данасын жейтін болса, ол сиқырдан және уланудан аман болады», дейді. Бұл құрма уланудан адамды қорғайтын болса, демек ол адам иммунитетін күшейтетін дәрумендерге бай болғандығы. Екпені де түрлі вирустардан сақтану үшін, адамның иммунды әлеуетін көтеру мақсатында егеді. Ендеше, вакцина салу асыл дініміз Исламға қайшы емес. Біздің Діни басқарманың ұстанымы осындай», дейді «Нұр Астана» мешітінің ұстазы Ілияс Отаров.
Интернеттегі ақпараттардан, whatsapp желісінде таралған бейнекөріністер мен антивакциналық кітаптардан ортақ бір нәрсені аңғаруға болады. Екпеге қарсы тараптың келтіретін деректері негізінен ресейліктер Александр Коток пен Галина Черновская және америкалық Диана Харпер секілді адамдардың еңбектерінде көрсетілген. Айтпақшы, олардың ғылыми атағы жоқ. Вакцина саласына қатысы жер мен көктей.
Бұлай кесіп айтудың өз себебі бар. Жамбыл облысының штаттан тыс иммунологы Ләззат Заитбекова вакцинаға қарсы шығушылардың ешқандай медициналық кәсіби білімі жоқ, түрлі мамандық иелері екенін айтады. Шетелдік зерттеушілердің пікірі де осымен үндеседі. И.Мечников атындағы екпе және сарысу ғылыми-зерттеу институтының қызметкері, медицина ғылымының доценті Александр Мац (Ресей) вакцинаға қарсыларды бірнеше топқа бөлген. Олар: шөп дәрілерін өткізуді көздейтін бұрынғы дәрігерлер, медицинаға қатысы жоқ, атақ үшін жүргендер және вакцина саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дәрігерлер.
А.Мац өзінің «Қазіргі замандағы вакцинация» зерттеуінде жоғарыда айтылған Коток пен Черновскаяның кітаптарында жіберген қателіктерді теріп, тізіп шыққан-ды. Көп жағдайда олар деректерді бұрмалап, вакцинаны жау етіп көрсетуге тырысқан. Мәселен, екпе құрамындағы алюминий, сынап мөлшерінің адам ағзасына зияндығы шылғи өтірік. Өйткені, олардың вакцинадағы мөлшері адам ағзасына ауа және тамақ секілді басқа жолмен енетін сынап пен алюминийден әлдеқайда аз. Оған қоса, сәби өмірге келгеннен кейін 6 ай бойы ішетін ана сүтінде кездесетін алюминий мөлшері екпедегіден көп екенін Пенсильвания университетінің докторы Пол Оффит өз әріптестерімен жүргізген зерттеуінде дәлелдеген. Антверпен университетінің профессорлары жасаған ғылыми жұмыс та осындай нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, манту екпесінің құрамындағы фенол да қорқынышты емес. Ләззат Заитбекова адам ағзасы манту екпесінен 40 есе көп мөлшерде фенол бөлетінін айтады.
Біз жоғарыда қазіргі антивакцина қозғалысының дәйектері өзгергенін айттық. Соның бірі ‒ вакцина шығару пайданың көзі-мыс. Қазақ баспасөзінде де осы тектес ақпараттар ара-тұра көрініп қалады. Бірақ фармацевтика нарығынан хабары бар адам «вакцина ‒ табыс көзі» дейтін пікірдің шындыққа жанаспайтынын тез аңғарады. Deloitte компаниясы фармацевтика нарығының құны 1,07 триллион доллардан асатынын есептеп шығарған. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деректері бойынша, екпе нарығы 2,2 миллард долларға тең. Яғни, вакцина шығаратын компаниялардың нарықтағы үлесі 0,22 пайыздың шамасында. Бұл триллион доллар көлемінде дәрі сатудың қасында түкке тұрмайды.
Екпе егуден жаппай бас тарту ешқашан жақсы аяқталған емес. Мысалы, 1873 жылы Швецияда діни фанаттар шешекке қарсы екпеге жаппай қарсылық танытқан. Көп ұзамай-ақ елде шешек ауруы бұрқ ете түсті. Өткен ғасырдың аяғына таман Ұлыбритания мен Швецияда осыған ұқсас жағдай орын алды. Ал 2000 жылдары Голландияда, Ирландияда, Үндістанда қызылшаға қарсы екпеден бас тартудың ақыры сол елдерде жаппай қызылшамен ауырғандар санын арттырып жіберді. 2003 жылы Уэльстің Суонси қаласында қызылшаға қарсы екпе егу ауқымы 67,5 пайызға төмендеп кетті. Мұның нәтижесі араға 10 жыл салып барып шықты. Қала бойынша 1219 адам қызылшаға шалдығып, тіпті бір бала қайтыс болды.
Вакцина арқылы көптеген індеттің көзі жойылғаны тарихтан мәлім. Екпеден жаппай бас тартудың салдары қалай аяқталатынын да жоғарыда келтірдік. Медицина саласындағы мүйізі қарағайдай әлемдік ұйымдар да, еліміздің мамандары да вакцинадан келетін қауіптің жоқ екенін айтып отыр. Әрі екпе салдыру асыл дініміз Исламға да қарсы емес. Екпе салу мәселесін оқырманның шешіміне қалдырдық. Әйтсе де, деректердің бәрі вакцинадан келетін қауіптің жоқ екенін көрсетеді.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»