Аймақтар • 25 Тамыз, 2017

Қызылорда облысында жаңа мектептер ашылды

1058 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Жаңақорған ауданының М. Нәлібаев және Төменарық ауылдарында жаңа мектептер ашылды. Жаңа оқу жылы қарсаңында, 24 тамыз күні Арал, Қазалы аудандарында 3 жаңа мектеп бой көтерді.

 

Қызылорда облысында жаңа мектептер ашылды

М.Нәлібаев ауылындағы мектептің ашылуына   Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.

- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында білім саласына аса көңіл бөліп отыратынын өздеріңіз білесіздер. Облыс көлемінде жыл сайын жаңа мектептер пайдалануға берілуде. Осылайша апаттық жағдайдағы мектептерді жоюға қол жеткізіп келеміз,- деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Айта кету керек, мектеп 2000 жылы асар әдісімен салынып, оның құрылысына ауыл тұрғындары, мұғалімдер мен оқушылар атсалысқан. Кезек күттірмес шараларды қолға алудың нәтижесінде 300 орындық типтік жобадағы жаңа мектеп бой көтерді.

Дәл осы күні, Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында  жаңа мектеп ашылып, оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты. Білім ұясы 300 орындық және осыған дейін апаттық жағдайда болған. Айта кету керек, Жаңақорған ауданының өзінде биылғы жылы осы тәріздес  6 мектептің құрылысы жүргізілуде.

Анықтама үшін: Қызылорда облысында үш ауысымдық білім беру жүйесі жойылып, 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту мәселесі шешілді. Жыл соңына дейін апатты жағдайдағы мектептер санын толықтай шешу жоспарланып отыр.