Отандық білім жүйесінің дамуына фин елінің де үлесі бар. Бұл орайда 2012 жылдан бері елімізбен тығыз жұмыс істеп келе жатқан KFEIG консорциумын атауға болады. Финляндияның Ювяскюля, Лахти және Хяме қалаларындағы университеттер қазақстандық білім жүйесі үшін маңызы зор инновациялық жобаларды жүзеге асыруда. Консорциум еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің әріптесі ретінде медициналық мамандықтарды, әсіресе, медбике ісі, медицина университеттері мен колледждердегі педагогтардың біліктілігін көтеруге қызмет етеді.
2013 жылдан бастап қазақстандық медбикелердің біліктілік деңгейін көтеру үшін фин оқу орындарымен әріптестік байланыс орнаған болса, 2014 жылы Дүниежүзілік банк жобасының аясында фин бағдарламасы бойынша бакалавр біліктілігін алуға қанатқақты бағдарлама даярланды. Ювяскюля және Лахти қалаларындағы университеттер Астана қаласы әкімдігінің жоғары медициналық колледжімен, Республикалық медициналық колледжбен (Алматы қ.) және Түркістан көпсалалы жоғары медициналық колледжімен 2016-2019 жылдарға келісімшарт түзіп, әріптестік байланыс орнатқан. Одан бөлек финдік әріптестер елімізде және Финляндияда медицина саласы бойынша 40 шақты шеберлік сыныптарын өткізген. Оған осы саланың 700-ден аса педагогтары қатысқан.
Шара барысында сөз алған Финляндия Мәдениет және білім министрі Санни Гран-Лаасонен ханым фин еліндегі білім жүйесінің артықшылықтарына тоқталды. Екіжақты әріптестіктің жақсы нәтиже беретініне сенім білдірді. Соңғы бірер жыл көлемінде Финляндияның білім саласының тағы да екі қадам алға аттағанын мәлімдеді.
Сонымен, бұл жолы Ювяскюля қолданбалы ғылымдар университеті мен Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті арасында келісімшартқа қол қойылды. Алдын ала жоспарланған бұл келісімшартқа сәйкес медбике ісі мамандығы бойынша магистр дәрежесін алу үшін 20 шақты адам Алматыда17-18 тамызда емтихан тапсырып, оқуға түскен. Олар екі елдің де дипломына ие болмақ.
Сондай-ақ, тағы бір келісімшарт Ювяскюля қолданбалы ғылымдар университеті, Хяме қолданбалы ғылымдар университеті мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары арасында түзілді. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Светлана Есбосынованың айтуынша, фин елі бастауыш мектепте білім беру мен орта мектепте білім беру ісіне қатты маңыз береді. Сол себепті, бұл елде бастауыш мектепте бірнеше тіл білетін, магистр дәрежесі бар педагогтар жұмыс істейді. Бұл орайда, Назарбаев зияткерлік мектептерінің де фин елінен үйренері аз емес. Светлана Есбосынова осының алдында бірлі-жарым ұстаздардың фин елінен оқып келгенін алға тартты. Ендігі жерде келісімшартқа сәйкес, зияткерлік мектептердің ұстаздарын фин елінде оқыту мүмкіндігі артпақ.
Айгүл Сейіл,
"Егемен Қазақстан"