Тарихи тұлға халқымыздың дәстүрлі тұрмыс-салтына сай үстіне шапан киген күйінде алдына нық сеніммен көз тастап тұрғандай. Мүсінші ханның өзге киімдерінде ұлттық үлгіде бейнелегенді жөн көргені анық байқалады. Әбілқайырдың басында – кәдімгі қазақы бөрік. Аяғында саптама етік. Беліне қылыш қыстырылған. Өзінің сол қолымен Әбілқайыр хан астындағы атының жүгенін сығымдап ұстап тұрса, екінші оң қолын жоғары көтерген күйі қолбасшы ретінде әлдебір әскери тактиканың әдісін ойластырып тұрғандай әсер қалдырады.
Мүсінші Ермек Сергебаев пен сәулетші Болат Еділбаевтың ортақ шығармашылық шабыттарының нәтижесінде елдіктің еңселі ескерткіштерінің біріне айналған Әбілқайыр хан бейнесі бұдан он жеті жыл бұрын жоғарыда аталған орынға орнатылыпты. Тас тұғырдың алдыңғы жақ бетінде «Әбілқайыр хан» деген жалғыз ауыз сөз ойылып жазылған. Ескерткіштің жалпы биіктігі 12,3, ал мүсіннің өзінің биіктігі 2,8 метр. Тас табанының ұзындығы 5,8 метр болса, ені 2,1 метрге тең. Ескерткішті тұрғызуға сапасы жоғары отандық құрылыс материалы – Қордай граниті қолданылған.
Міне, Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан ескерткішінің жалпы сипаттамасы осындай. Осы орайда аталған мүсін туындысы елдің рухани сұранысын өтеуге жол тартқан 2000 жыл егемендікке қол жеткіздік деген жылт етпе, әсіреқызыл, алып ұшпа сезімнен арылып, өзімізді Қазақстанды мекендейтін өзге этностарға таныта білудің концепциясын өмірге келтірген кез екенін айта кеткен жөн. Өңірде Әбілқайыр хан ескерткішін тұрғызу жөніндегі идея да осындай өміршең ойдан бастау алғаны анық. Дегенмен отандық тарихшылар тарапынан біраз уақытқа дейін кереғар пікірлер туғызылып келген тарихи тұлға, арғы-бергі қазақ хандары арасынан шыққан тақымы берік қолбасшы төңірегіндегі түйткілдерді түгелдей тарқаттық деп айта алар ма екенбіз.
Кәсіби тарихшылар көзімен осы мәселені тағы бір ой таразысына тартып көрейікші. Сонда шындыққа көзіміз жете ала ма? Алдымен Әбілқайырдың іс-әрекеттері қазақты Ресей империясына бодан қылуға негіз қалады деген әңгімелерге келейік. Осы дұрыс па? Үстірт, негізсіз, тым біржақты берілген баға емес пе? Біз бұл сауалды Әбілқайыр ханның халқымыздың тарихындағы орны мен рөлін зерттеумен айналысып жүрген тарихшы-ғалым Жаңабек Жақсығалиевке қойған едік. Бұл сауалға айқын әрі дұрыс жауап қайтару үшін сол кезде қазақ халқының төңірегінде қалыптасқан күрделі тарихи жағдайды ескермей болмайды. Бейнелеп айтқанда Әбілқайыр хан заманында халқымыздың тағдыры қыл көпірдің үстінде тұрғандай еді деп бастады ол өз әңгімесін. Өйткені, ұшы-қиыры жоқ қазақ даласының бір жақ бөлігіне Ресей империясы тақымы мен тізесін батырса, екінші жағынан олар үсті-үстіне шабуылдаған жоңғар шапқыншылығынан зардап шекті. Ол кезде XVII ғасырдың екінші жартысында құрылған Жоңғар хандығы кәдімгідей қауқарлы болатын. Оның үстіне ой мен қырда қазақтарға қыр көрсетіп, ереуілдеген казактар мен шығыстағы қаптаған қалың ойраттарды, батыстағы Еділ торғауыттарын қосыңыз.
Қыл көпірдің үстінде дегенде осындай шешуші сындарлы сәтте халқымызды аман сақтап қалудың басты жолы – Ресей патшалығының қол астына кіру жөнінде келісімге келу болатын. Әбілқайыр хан бұл шешімге он ойланып, жүз толғанып барып келгеніне күмән келтіру қиын-ақ. Жер бетінен мүлдем жойылып, құрып кеткен ұлттар мен халықтар аз ба? Кім біледі, сол кезде Әбілқайыр осындай стратегиялық қадамға бармағанда мүмкін қазақ халқы да солардың жолын құшар ма еді?! Сондықтан оның бұл келісімін бүгінгі саяси сөз қолданысына сай айтқанда мәмілегерлік танытты десек, тарихи шындыққа біртабан жақындай түсерміз. Айталық жоңғар демекші, сол жоңғарлардың өздері де бүгінде ұлт ретінде жойылып кетті емес пе, деп қорытты өз ойын белгілі тарихшы.
Тағы бір тарихи шындықтың төркініне тереңдей түссек, ұзақ жылдарға созылған жоңғар шапқыншылығы қазақ халқының титығына әбден жеткен болатын. Олар қазақ жерінің ту-талапайын шығара жаздағаны да бұған дейінгі тарихи деректерден жақсы мәлім. Осындай күрделі кезеңде Әбілқайырдың қол бастауымен болған Аңырақай шайқасы ең алғаш рет жоңғарларға күйрете соққы беруімен ерекшеленеді. Мұны бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру парыз. Бұл ел мен жерді бүгінгі тілмен айтқанда отанды қорғаудың жарқын жеңісі болды. Бұл жөнінен Аңырақай шайқасы әлемдегі әйгілі Канны, Нева, Полтава, Бородино, және Ватерлоо сияқты сұрапыл шайқастардан бір мысқал кем түспейді, деп тұжырымдайды отандық тарихшы ғалымдар. Тарихи деректер ұзақ жылдарға созылған қазақ-жоңғар соғысында әбден ысылып, шыңдалған Әбілқайыр әскери соғыс өнерін жетік меңгергенін көрсетеді, дейді Жаңабек Жаңабайұлы. Сондай-ақ ол Аңырақай шайқасы кезінде бас сардар, бүгінгі тілмен айтқанда бас қолбасшы ретінде ақбоз аттың үстінде жасақтарды шайқасқа бастай білгені де басы ашық мәселе. Егер Аңырақай шайқасында үш жүзден құралған қазақ жасақтары жеңіске жете алмаса, бұл қазақ халқының сол кездің өзінде күйреуіне әкелер еді деп тұжырымдады ол өз ойын.
Кәнігі тарихшы Жаңабек Жақсығалиев Әбілқайыр ханның сұңғыла стратег қана емес, сонымен бірге шебер тактик екеніне де тарихи шындық тұрғысынан бірнеше мысалдар келтірді. Яғни оның айтуы бойынша жоңғарлармен шайқас кезінде бас сардар мидай жазық даланы емес, ойлы, қыратты шоқылы жерді таңдапты. Мұндағы ойы жоңғарлардың қолындағы зеңбіректің оғын дарытпауға қам жасау екен. Егер шайқас теп-тегіс жазық далада болса, жоңғарлар қазақ жасақтарын қынадай қырып салуы да әбден мүмкін екен.
Бір сөзбен айтқанда, Әбілқайыр хан жоңғарлармен күрестегі сұрапыл соғыс жағдайында қазақ даласындағы үш жүздің басын біріктіріп, оларды біртұтас ел ретінде күреске көтерілуіне бастамашы болды десек, тарихи шындықтан алшақ кете қоймаспыз. Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» кешені аумағында биіктігі 23 метр мемориалдық кешен құрылысының басы қасында болған сәулетші Бек Ибраевтың Әбілқайыр ханға қатысты осындай концепцияны ұсынуы да тектен-тек деуге болмайды. Мұндағы мұражай мен келісті кешенде де қазақ халқының бірлігі мен біртұтастығын бейнелейтін сәулет өнерінің ұшқындары атойлап тұр. Дәл осы кешен таяуда еліміздің тарихи тұлғаларға қатысты киелі орындар қатарынан орын алғаны да белгілі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел-жұртқа арнаған мәлімдемелерінің бірінде: біз Әбілқайыр ханның қолбасшылығымен болған Аңырақай шайқасына, осы шайқаста қазақ жасақтары тарапынан жоңғарларға күйрете берілген соққыға әлі күнге дейін дәл әрі тарихи бағасын бере алмай келеміз. Сол әділеттілікті орнықтыратын кез әлдеқашан келді деген болатын. Біз жоғарыда айтылғандай Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр ханның ескерткіші жанында көкейге келген кейбір ойларымызды және тарихшы-ғалымдардың ой-пікірлерін Елбасының осы ойлы тұжырымы мен түйіндегенді жөн көрдік.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы