Ел үмітін үкілеген елордамыздың жылдан-жылға кең қанат жаюына байланысты оқушылар саны да артып келеді. Отандастарымыз өзінің өмірі мен қызметін, балаларының болашағын Астана қаласымен байланыстырғысы келетіні де заңды. Осыған байланысты тек биылғы жаңа оқу жылында ғана Астана мектептеріне баратын оқушылар саны 13 мың балаға артып отыр. Мәселен, өткен оқу жылында елорда мектептеріндегі балалар саны 130 мың болса, биыл 143 мың оқушы дәріс алады деп күтілуде. 2011-2012 оқу жылында Астана қаласының мектептерінде 70 мың оқушы болса, бес жылдан астам ғана уақытта бала саны екі еседен астам өсіп отыр.
Көші-қон үрдісінің күрт артуына байланысты биылғы жылы елорданың 27 мектебінде күрделі жағдай қалыптасқан. Осы проблеманы шешу мақсатында қала әкімдігі биылғы жылы бірқатар мектептерде жапсарлас құрылыс салу ісін қолға алған балатын. Жаңа оқу жылы қарсаңында 5 мектепте 2600 орындық жапсарлас салынған құрылыс нысандары пайдалануға берілді. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің мәлімдеуінше, алдағы уақытта бұл мәселені түбегейлі шешу мақсатында қаламызда 11 мың оқушыға арналған 10 жаңа мектеп ғимаратының құрылысын салу қолға алынған көрінеді. Жаңа оқу жылында қаладағы 46 мектеп толықтай роботтытехника кабинеттерімен жарақтандырылып, 10 мектеп пен 4 колледжде ІТ-мамандарын даярлайтын академиялық жүйе жұмыс істей бастайды. Бұл өз кезегінде халықаралық сертификаттар алатын 300 білікті ІТ-мамандарын даярлауға мүмкіндік береді.
Елімізде бала туу көрсеткішінің артуына және Астана қаласына қоныс аударатындар тасқынының толастамауына байланысты елордадағы мектеп жасына дейінгі мекемелердегі орын тапшылығы азаятын емес. Қазіргі таңда астаналық бүлдіршіндердің балалар бақшаларымен қамтамасыз етілуі 70 пайызды құрап отыр. Бүгінде елордада 264 мектеп жасына дейінгі тәрбие мекемесі жұмыс істейтін болса, оның 116-сы жекеменшік балалар бақшасы. 2017 жылдың басында мемлекеттік балалар бақшасынан орын алу кезегіне 94646 бүлдіршін тіркелсе, оның 33240-ы 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар болып табылады. Осыған қарамастан, Астана қаласы білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Жанғозиннің мәлімдеуінше, елордалық бүлдіршіндердің балалар бақшаларымен қамтылуы 2019 жылы толық шешілетін көрінеді. Оның себебі, дәл қазіргі күні жекеменшік балалар бақшасын ашу кәсіпкерлер үшін табыс көзіне айналып отырған жайы бар.
Мәселен, жоғарыда айтылған 116 жекеменшік балалар бақшасының 96-сы мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Яғни, осы 96 жекеменшік балалар бақшасына қабылданған әрбір бүлдіршін үшін мемлекет ай сайын 23 мың теңге көлемінде қаржы аударып отырса, ата-аналар 20800 теңге төлейді. Осыған байланысты соңғы кезде мемлекеттік балалар бақшасына қарағанда, жекеменшік балалар бақшасы көптеп ашылуда.
2020 жылға дейін Астана қаласында балалар бақшасына деген сұранысты толық жабу мақсатында қала әкімдігі кешенді шараларды іс жүзіне асырып келеді. Тек үстіміздегі жылдың өзінде бас қаламызда 7200 орындық бірнеше балалар бақшасының ғимараты салынып пайдалануға берілмек. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі тәртібімен тағы 6 балалар бақшасы ғимаратын салу жұмысы басталды. 2019 жылы пайдалануға берілуге тиіс бұл ғимараттарда 1680 астаналық бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбие жұмыстарымен қамтылмақ.
Бүгінгі буырқанған өркениет бәсекесіне қосылған бас қаламыздың өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатында атқарып жатқан жұмысы ауқымды. Бұл ретте өскелең заман талабына сай материалдық базаның атқарар міндеті де өлшеусіз. Сондықтан қалалық әкімдік елорданың мектеп және мектеп жасына дейінгі балалар мекемелеріне деген сұранысын толық қанағаттандыру мақсатында кешенді міндеттерді жүзеге асыра бермек.
Жылқыбай Жағыпарұлы,
"Егемен Қазақстан"
Суретті түсірген Ерлан Омар,
"Егемен Қазақстан"