Аймақтар • 28 Тамыз, 2017

Астанада екі айда 120-дан астам концерт өтті

431 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 көрмесінің жалауы желбірейтін үш айда елордамыз ірі мәдени көпшілік шаралар өтетін орталыққа айналды. Бұл күндері ойын-сауық бағдарламалары мен концерттердің 70 пайызы қаланың түрлі аудандарындағы ашық алаңдарда, саябақтарда, сондай-ақ, қала маңындағы 9 тұрғын алабында өтуде. Түрлі мерекелер, концерттер, ойын-сауық бағдарламалары елорда тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлауда. Әр жексенбі сайын өткізіліп келе жатқан демалыс күнгі «Думанды Сарыарқа» концерттері тұрғын алаптарының тұрғындарын ерекше әсерге бөлеп, көпшілік көрермен көңілінен шығып отыр.

Астанада екі айда 120-дан астам концерт өтті

– Балаларымыз үшін осындай концерт ұйымдастырған әкімдікке үлкен рахмет. Осындай мерекелер көп болсын. Жексенбі сайын балаларымызбен, немерелерімізбен бірге әсерлі концерттер тамашалап, рахатқа бөлендік, – дейді зейнеткер Дәметкен Әбдірахманова. 

Апта сайынғы «Думанды Сарыарқа» жексенбілік концерттер аясында танымал қазақстан­дық әртістер Досымжан Таңата­ров, Маржан Арапбаева, Гүлзира Бөкейхан, Дос, ағайынды Жү­гү­нісовтер триосы, сондай-ақ, сы­қақшы Қанат Әлжаппаров пен Қайрат Әділгерей және тағы­ басқалар өнер көрсетуде. Мере­ке­лік шаралар Пригородный, Ин­тернациональный, Мичури­н, Күйгенжар, Өндіріс, Железно­дорожный, Үркер, Көктал және Промышленный тұрғын алаптарында өткізілді. Концерттік бағ­дарлама барлық жастағы кө­рермендерге арналған. Барша­ға белгілі орындаушылардан бас­қа концерттерге би және му­зыкалық ұжымдар, көше театр­лары­ның әр­тістері, аниматор­лар, бойшаң қуыршақтар қа­тысады, интерактивті ойын-сауық бағдарламалар ұйым­дас­тырылады. Көрермен­дер­дің көз­айы­мына айналған «Думанды Сарыарқа» концерттерінің бағдар­ла­масы осындай. Балалар ертегі кейіп­керлеріне қосылып би билейді, ән айтады және түрлі ойындар ойнайды. 

– ЭКСПО-2017 халықара­лық мамандандырылған көрмесін өткізу аясында қала әкімдігі көп­ші­лік назарына ауқымды мәдени-бұқаралық шаралар ұсынды – ха­лықтық серуен, мәдени-бұ­қаралық, отбасылық демалыс, фестивальдер, көрмелер, театр­ландырылған және цирк қойы­лым­дары және басқа шаралар өткізілді. Қала маңындағы елді ме­кендердің тұрғындары да мерекеден тыс қалмауы үшін әр дем­алыс сайын мұнда да белгілі әр­тістердің қатысуымен концерттер ұйымдастырамыз, – дейді Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Болат Мажағұлов. 

Астанада ЭКСПО көрмесі шең­берінде белгіленген мәдени-бұқаралық шаралар легі 1 мау­сымда отандық және ресейлік үздік әртістердің қатысуымен өткен Open Air концертімен ашыл­ған еді. «Қазақ Елі» монументінің алдындағы ашық алаңда өткен шараға 50 мыңнан астам көрермен жиналды. Бұдан басқа, Жоғары лиганың соңғы жылдардағы чем­пиондарының қатысуымен өт­кен КВН жазғы кубогы, Олимпиада чемпионы Евгений Плю­щен­коның әлемдік турнесі аясында ұйымдастырылған мұз ай­дынындағы «Щелкунчик» ға­жайып шоу-ертегісі, Астанадағы Сан-Ремо италиялық музыка фестивалі, «Астана Арқау» дәс­түрлі қазақ музыкасының кон­церттері және танымал қа­зақстандық эстрада орындау­шы­­ларының «МузАрт» тобы­ның, «Дервиши» тобының ш­ығармашылық кештері, Секен Тұрысбектің, Алтынбек Қораз­баев­тың, Роза Рымбаеваның, Айқын Төлепбергеннің және басқа шығармашылық кештердің елорда жұртшылығы мен қонақтарын тамаша әсерге бөлегенін ерекше атап айтқан жөн.

Демалыс күнгі «Думанды Са­ры­­арқа» концерттері 11 маусымда бастау алған болатын. Екі айдан артық уақыттың ішінде 120-ға жуық концерт өткізілді.

Айта кетерлік жайт, «Думанды Сарыарқа» қорытынды концерті Конституция күніне орайластырылып, 30 тамызда өткізіледі. 

27 тамызда елорда тұрғындары мен қонақтары тағы да бір ауқым­ды шараны тамашалайды. Астанада алғаш рет қазіргі заманғы музыка орындаушыларына мүсіншелер табыстау салтанаты өтті. Бірінші жыл сайынғы «Астана дауысы» халықаралық фестивалінде 15 мемлекеттің жылдың үздік әншілері бағын сынады. Қазақстанның төрінде бір сахнада музыка индустриясына бағыт беретін әртістер – Григорий Лепс, Светлана Лобода, Бьянка, Вилли Уильямс, Ильяс Ялчинташ, Араш, DJ Sava, Ева Симонс және тағы басқалар өнер көрсетті. Фестивальға Қазақстанның атынан белгілі әнші Қайрат Нұртас қатысып, ән шырқады. Ауқымды концерт Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. 

 

Жылқыбай Жағыпарұлы

Егемен Қазақстан

суретті түсірген Ерлан Омар

Егемен Қазақстан

Соңғы жаңалықтар