Көрмені таныстыру салтанатында сөз сөйлеген Роман Василенко құрметті қонақтарға Қазақстанның атом бомбасынан қалай бас тартқаны және ядролық сынақ алаңының жабылуы жөнінде тарихи мағлұмат берді.
«Кәріпбек Күйіковтің туындылары ядролық қарудың зардаптары жөнінде мағлұмат береді. «Радиация» деп аталатын көрме Қазақстан халқының зұлмат сынақты қалай бастан өткергенін және ядролық қарусыз әлемге деген талпынысын бейнелейді», ‒ деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.
Көрмеге келген қонақтар да суретшінің өнерін жоғары бағалады. Ядролық қару құрбаны Кәріпбек Күйіков өз кезегінде естеліктерімен бөлісіп, «Семей ‒ Невада» қозғалысы жөнінде әңгімелеп берді.
«Салған суреттерім менің ғана ішімдегі жанайқай емес, бұл – атом бомбасының зардабын тартқан барша адамзаттың әлем елдеріне айтқан назы. Біздің мақсатымыз анық: бірлесе отырып ядролық қаруға және оны қолдануға түбегейлі қарсымыз», ‒ деді Кәріпбек Күйіков.
Суретшінің жалынды сөздері көрмеге жиналғандарды бейжай қалдырған жоқ. К.Күйіков өткен өмірінің қиындығын айтып жатқанда қасымызда тұрған қонақтардың біразы көздеріне жас алғанын байқап қалдық. Осыдан-ақ, конференцияның құрметті меймандарының өз ісіне шынайы берілгені айтпаса да түсінікті.
Кәріпбек Күйіков ‒ ядролық қарудың зардабын тартқан жандардың бірі. Суретші Семей сынақ полигонына жақын орналасқан Егіндібұлақ ауылында туған. 40 жыл жүргізілген ядролық сынақтың іздері Кәріпбектің денсаулығына өз әсерін тигізді. Дүние есігін ашқанда қос қолы да болмаған суретшінің жігерін тағдыр тауқыметі жасыта алған жоқ. Ол жастайынан қылқаламды аузымен тістеп не аяқтарының башпайымен қысып сурет салуға машықтанды.
Сұрапыл сынақтың зардабын тартқан азамат бүгінде антиядролық қозғалыстың белсенді мүшесі һәм «АТОМ» жобасының құрметті елшісі міндетін атқарады. 2012 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған «АТОМ» жобасының мақсаты ‒ ядролық қарудың зиянын әлемге насихаттау. Бүгінде жоба сайтында жарияланған атом бомбасына қарсы онлайн петицияға жер жаһанның жүзден аса елінен 300 мыңға жуық адам қол қойған.
Суретшінің туындыларымен бүгінде әлем жақсы таныс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда өткен ядролық қарусыздану саммитінде бұрынғы АҚШ президенті Барак Обамаға Кәріпбек Күйіковтің салған суретін сыйға тартты.
Абай Асанкелдіұлы,
«Егемен Қазақстан»