Спорт • 28 Тамыз, 2017

Универсиада-2017. Қарқынымыз бәсеңдеп қалды

237 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тайвань аралының астанасы – Тайпэйде алауы жағылған ХХІХ Жазғы универсиаданың алтыншы және жетінші жарыс күндерінде Қазақстан құрамасының қоржыны бір күміс және бір қола медальмен толықты. 

Универсиада-2017. Қарқынымыз бәсеңдеп қалды

Жарыстың алтыншы күні таэк­вондошы қызымыз Жан­сел Дениз 73 кило салмақ дәре­же­сінде сынға түсіп, алтын жүл­де үшін болған бәсекеде оңтүс­тіккореялық Ли Да Биннен 11:34 есебімен жеңіліп қалды. 

Универсиаданың күміс жүл­дегері финалға дейін Сюзан Ро­зе Барнетт (Чили), Яна Шнай­дер (Германия) және Мит­си То­ледоны (Мексика) жарыс жо­лынан шығарды. Ал жартылай финалда түркиялық Сюде Бу­луттан басым түскен болатын.

Ал бұрнағы күні Қазақ­стан­ның таэквондодан ерлер ара­сындағы құрамасы жартылай фи­налда Ресей командасынан 10:18 есебімен жеңіліп, қола жүл­дені қанағат етті. Біздің коман­да­ның құрамында Нұрсұлтан Мамаев, Сұлтан Қали­бекұлы жә­не Смайыл Дүйсебай өнер көрсетті.
Жазғы универсиада сынын­дағы жалпыкомандалық есепте Жапония атлеттері 74 медальмен (29 алтын, 18 күміс және 27 қола) көш бастап келеді. Екінші орынға табан тіреген Оңтүстік Корея құрамасының еншісінде 69 жүлде бар (26, 18, 25). Ал әзірге үздік үштікті түйіндеген Тайвань құрамасы 55 медаль жеңіп алды. Оның 17-сі алтын, 22-сі күміс және 16-сы қола медаль.

Қазақстандық студенттер әзірге 3 алтын, 4 күміс және 6 қола жүлдемен (барлығы – 13) 15-ші орында келеді.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»