Бизнес • 28 Тамыз, 2017

«Тайынша-Май» зауытының май тазартатын цехы іске қосылды

1055 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тайынша ауданы Ильичевка ауылында «Тайынша-Май» зауытының май тазартатын цехы іске қосылды. Оның ашылу салтанатына компания директоры Фан Лунг Фэй мен облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

«Тайынша-Май» зауытының май тазартатын цехы іске қосылды

Қызылжардың топырағы құнарлы. Орташа бонитет 55 балды құрайды. Астық өсіруге таптырмайтын құтты өлке. Бүгінге дейін бидай дақылына басымдық беріліп келсе, Елбасының астық өндірісін әртараптандыру тапсырмасына байланысты кешенді шаралар жүзеге асырыла бастады. Қазір майлы дақылдар алқабы 712 мың гектарға жеткізілді. Алдағы уақытта 1 миллион гектарға дейін ұлғайтылмақ. Ауыл шаруашылығы саласын кеңінен дамытудың ықтималды жолдары сан та­рау. Оның ішінде ұқсату ісін жолға қоюдың, қалталы қаржыгерлердің көмегіне сүйенудің маңызы зор. Елімізде шетелдік инвесторларға қолдау айрықша. Сол себепті болар, Қытай елінің инвесторлары облысқа келген бір сапарында агроөндірістік парк құрмақ ойларын жеткізген. Олардың ет, сүт, тағы басқа ауылшаруашылық өнімдерін тереңдетіп өңдеу жөніндегі озық жобалары аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың тарапынан қолдау тапқан болатын. Жасыратыны жоқ, өңірде шикізат қоры мол, жеткілікті болғанымен, еттің 20 пайызы, ұнның 10 пайызы, сүттің 50 пайызы ғана тереңдетіліп өңделеді. Іргетасы Тайынша ауданында қаланады деп белгіленген болашақ зауыттың құрылтайшысы Дзя Хэидің «біз Қазақстанның сапасы жоғары, экологиялық таза өнімдерін бірлесіп пайдалану үшін тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатуға мүдделіміз. Сіздердегі «Нұрлы жол», біздердегі «Бір белдеу – бір жол» бағдарламалары бір-бірімен тығыз сабақтас. Мақсатымыз – логистикалық тіз­бек құру», деген еді. «Ай­цзю» секілді әлемдік нарықта таны­мал компанияның құрамына 1400-дей еншілес азық-тү­лік кәсіпорны енетінін ескерсек, инвесторлардың мүмкіндік­тері қандай дәрежеде екенін ша­малай беруге болады. Қай-қайсысы болсын IT-техно­логиялармен жұмыс істейді. 

 «Тайынша-Май» ЖШС-нің директоры Сә­кен Мұха­мадиев БАҚ өкіл­деріне берген сұхбатында ши­кі­зат өн­дірушілермен, кооператив­термен бірлесіп жұ­мыс істей­тіндерін, басты мақсат экспортқа бағдарланғанын жеткізді. Келешекте әртүрлі салалардағы инвесторларды тарту арқылы кеспе, ет-сүт өнімдерін қалдықсыз өңдеу қолға алынатын болады. Қытайға жөнелтілетін өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығына ерекше назар аударылған. Жаңа цех толық автоматтандырылып, күніне 400 тонна тазартылған өсімдік майын шығарады. 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 
– Майлы дақылдардың рен­та­бельділігін көтерудің нақты шараларын үзбей қарас­ты­руымыз қажет. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміздегі шикізат өңдейтін және май тазартатын ең ірі зауыттың мүмкіндіктері мол, – деді тұсаукесер рәсі­мін­де сөйлеген сөзінде Құмар Іргебайұлы. 

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы