Медицина • 28 Тамыз, 2017

Еркектер, ез болмайық

124 реткөрсетілді

«Егемен Қазақстанның» 25 шілде күнгі санындағы Айгүл Аханбайқызының «Толғандырар тақырып» айдарымен берілген «Жатқа кеткен қарындасты жазғырма...» деген мақаласы еріксіз қолға қалам алдырды. 

Тақырыбы бәрін айтып тұр де­сек те, автордың ойын дұрыс түсінген, «жаһандану дәуірінде «неге жатқа кетесің», деген сауалдың өзі мағынасыз әрі күлкілі» екендігі жайлы айтқан жалғыз адам Айдос Сарым екен. Ал ол: «Жалпы, қыз­дарымызды ешкімге бер­мей­міз дегеніміздің өзі оларды малмен тең санайтын аг­рар­лық, архаикалық сана» деген даулы пікірмен бастаса да: ­«...ын­жық болмайық, ит бол­майық, бәсекеге қабілетті, білімді, парасатты, бай-қуатты болайық! Сонда қыздарымыз еш­қайда кетпейді» деп дұрыс қорытынды жасапты. «Бұдан асы­рып қалай айтуға болады?» дейді автор да.

Иә, адам кінәні ең алдымен­ өзінен іздеу керек, қыз­дары­мыздың шетелдіктерге ке­туіне басты кінәлі біз – еркектер. Бұл – шындықтың үлкен бөлігі, бірақ бөлігі ғана. Енді мәселенің қалған бөлігін қарайық.

Біріншіден, әлемде 7 ата ғана емес, іс жүзінде одан әлде­қай­да әрі кетпей қыз алыс­пайтын, мұндай тұқымы таза ерекше ұлт болатынын естіп, тәнті болған шетелдіктердің алысты ойлайтындарының енді қазақтан қыз алуға ұмтылғаны ұмтылған, оны тоқтата алмаймыз. Сол үшін олар дүние-пұлды да, уәдені де үйіп-төге­ді. Және олар міндетті түр­де қазақтың қыздарының ай маңдайлы аяулысын, ақыл­дысын, қысқасы, тек жақсысын алады. Жаманы өзінде де толып жатыр. Ал «алыптың ана­дан» туатынын қазақ бағзы заманнан бері біледі. Әкеден 10 ұл туса да, әкеге солардың біреуі ғана тартады! Бұл – та­биғаттың заңы. Ер адамның тұқымы қанша асыл болғанымен, тоғыз ай бойы нәр беретін ана құрсағы, аса құнарлы болмаса да, өз дегенін істейді. 

Екінші жағынан, шетел­дік­терге жақсы тұрмақ, жаман қыздың өзін беруге болмайды. Неге? «Жаман биені жа­була да, құлынын ал!» деп дана қазақ бекер айтпаған. Кей әйел ақыл-парасаттың пади­шасы деуге келмесе де, оның құрсағы алтын болады. Әділеттігі шексіз Алла та­ға­ла бір жағынан аз бергенін, екінші жағынан артық берумен толтырады. Осылайша ол әр­қашан тепе-теңдікті сақтап отырады. Менің болыстың қызы, от тілді, орақ ауызды на­ғашы әжем сіңлісі мен күйеу ба­ласының ұл-қыздары жайлы: «Әкесі – сақау, шешесі – мақау, бұлар қайдан шыққан сайып­қырандар?!» деп, әзіл-шыны ара­лас таңғалып отырушы еді. Айналаға мән бере қарасақ, ондай мысалдың көп екенін байқау қиын емес.

Сол себепті, қай ұлт болсын қыздарын сыртқа жібермеуге тырысады. Қыз – ұлттың ең басты құндылығы. «Адамның басы – Алланың добы», қыз қайда бармайды» деуге әсте болмайды.  «Кім­мен тұрмыс құрады, оны әркім өзі біледі, ол жеке адам­ның құқығы» деген келесі әсі­ре­батысшыл ұстаным да біздің түбімізге жетіп тынады. 

Атақты «Махаббат, қызық мол жылдардағы» Зайкүлдің прототипі болған қыздың обком хатшылығына дейін жоғарылаған күйеуі, Мәскеуде оқыған 3 қызы бар еді. Сол қыз­дың бәрі шетелдіктерге тұр­мысқа шыққанда, Кеңес өкіметі «тәрбие бере алмағаны үшін» олардың әкесін қызметінен боса­тып еді...

Мұны не үшін айтып отырмыз? Жігіттердің кінәлі екенін мойындадық. Дегенмен, екі жақ бірінің соңынан бірі емес, бір-біріне қарсы жүргенде ғана кездеседі. Үйдің қабырғасында ілулі тұрған мылтық спектакль біткенше қалайда атылатын сахналық заңдылық бар. Бірақ, ол да өмірден алынған. Елімізде жас отбасылардың күйреуі неге көп? Оның себебі, бүгінгі қыз­дарда үйелмен болған соң өмірде үйіліп-төгіліп тұратын қиындықтарды шешудің ең оңай әдісі ажырасу деген са­наның қалыптасқанында жа­тыр. Олардың отау есігін аттарда «бұл мен қонақ үй­ден шын өз үйіме келдім, сүйе­гім шығатын отаным» деп қарамайтынында. Мемле­ке­тіміз араб елдері секілді қыздарын заңмен қорғауды, идеологиялық жұмысты жандандыруды, ұлттық жаңғыруды қатар жүргізуі, ата-аналар мемлекетке бұл бағытта қолдау көрсетуі арқылы ғана нәтиже шы­ға­ды. Сонда ғана олар шынайы бақытқа жетеді. Себебі, шет­елдікке шық­қандардың ішінде барған жерінде бағы ашыл­ғанынан, бағы жанбай ажырасқаны көп болмаса, аз емес...

Екі ғана мысал келтірейік. 

...60-жылдары совхоз ди­рек­­торының шофері, жас жі­гіт­тің келіншегі бас маман­дар­дың әйелдерімен дастар­қан­­дас болып қалады. Сонда әлгі­лердің біреуі оған: «Саған біз­бен теңдес, табақтас болу­ қайда, орныңды біл» деген сы­ңайлы сөз айтады. Келін­шек­ орнынан тұрады да, көзі­нен от шашып: «Мен енді сіз­дер­мен біздің Батекең директор­ бол­ғанда сөйлесемін!» деп шы­ғып кетеді... Кешке күйеуі жұ­мыс­тан келген соң «Таш­кентке оқуға барасың және тек күндізгі бөлімге түсесің, мықты маман болып шығасың. Мен ел ішіндемін, қорықпа, уайымдама!» дейді. Күйеуі оқып жатады, келіншегі жұмыс істеп, арасында баланы да туып, оларды өсіріп те жатады. 

Институт бітіріп, өздерінің ауданына агроном болып жұ­мысқа тұрған жолдасының көйлегін күніге жуып беріп тұрады. Жұмыста алғыр жас жігітті байқап жүрген рай­ком­ның бірінші хатшысы егістікте бір жолыққанында: «Қашан көрсем сенің ақ көй­легіңнің жағасы шырттай болып тұрады, үйдегі келін дұ­рыс адам-ау деймін?» деп сұ­райды. Осы сәтті көптен кү­тіп жүрген жігіт: «Ой, несін ай­тасыз, өзіңізге тартқан, сіз­дің қарындасыңыз», дейді. Кейін­нен әлгі жігіт іскерлігінің ар­қасында сол кісіден соң ұзақ жыл шаруашылықты басқарады. 

Екінші оқиға бұдан 20 жылдай бұрын орын алды. Әке-шешесі ерте бақилық болып, аға-жеңгесінің қолында өскен қыз институт бітіріп, сол кезде «дәуірі жүріп тұрған» көп рэкетирдің біріне тұрмысқа шыққанда, «байғұс баланың соры қалың екен-ау...» деп қызды аямаған танысы қалмап еді. Үш жыл өтпей-ақ мойны­ бұқадай «рэкетир» темекі-ішімдікпен де, қыз-қырқынмен де, ұрыс-төбелеспен де, бәрімен «қош» айтысып, мал тапқыш жанның біріне айналып шыға келді. Қазір онда үй-жай да, иномарканың неше түрі де, ақша да, қызмет те, бәрі бар. Бөтелкелес достары болса әлі сол ішкен күйінше жүр... 

Ал біздің қыздарымыздың көбісі өз бақыты үшін күресу тұрмақ, қолының ұшын қимыл­датқысы келмейді. Бірақ, «менде бәрі болсын, жігітім мені соларға бөлеп тастасын» дейді. Кезінде қоғам санасында төң­керіс жасаған Карл Маркс есімді дана қарт «Өмір дегеніміз – күрес, ал ол бізге ләззат сыйлайды!» деп еді. Ең бақытты адамдар ғана өмірдің ләззатын тата алатын шығар...

Өмірзақ Ақжігіт

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Біз - «BIRGE»!

Сайлау • 24 Мамыр, 2019

Мергендер Мюнхенде жүр

Спорт • 24 Мамыр, 2019

Мас араны омартаға кіргізбейді

Экология • 24 Мамыр, 2019

Ұқсас жаңалықтар