Марко Асенсио – 1996 жылы 21 қаңтарда Испанияның Пальма қаласында баск-голланд отбасында туған. «Мальорка» футбол клубының академиясынан түлеп шыққан. Үлкен футболдағы дебютін 2013 жылдың 27 қазанында Испанияның екінші лигасы Сегундада «Рекреативо» командасына қарсы өткізді. Ал үлкен футболдағы ең алғашқы голын 2014 жылдың 16 наурызында «Тенерифе» қақпасына салды.

«Реал Мадрид» командасының скауттары Марко Асенсионы жіті назарда ұстап келген. Ал талантына жоғары баға берген клуб басшылығы сол жылы онымен келісімшарт жасайды. 2014 жылы желтоқсан айында жасалған келісім бойынша ол келер жылдың жазында корольдік клубтың ойыншысы атанды. Алайда «Реал» басшылығы Марконы көбірек алаңға шығып, тәжірибесін арттыруы үшін деңгейі төмендеу «Эспаньол» командасына жалға беруді жөн көреді. Бұл командада жүріп ол 19 қыркүйек күні «Реал Сосьедад» клубына қарсы матчта алаңға шығып, Ла лигадағы дебютін өткізеді. Ал 2016 жылдың 20 ақпан күні «Депортиво Ла-Корунья» қарсы матчта мергендігімен көзге түсіп, «Эспаньол» сапындағы бірінші голын соғады.

Бір жылдық жалға беру мерзімі аяқталғаннан кейін, яғни 2016 жылдың жазында Марко Мадридке қайта оралады. Мұнда бас бапкер Зинедин Зидан шәкіртінің өнеріне таң қалып, ешқайда жібермеуді жөн көреді.
«Реалдағы» алғашқы маусымы
Өткен жылдың тамыз айы Марко үшін сәтті өтті деуге болады. Мадридтік клубтың сапында алғашқы ойынын сол жылдың 9 тамызы күні УЕФА Суперкубогында «Севилья» командасына қарсы өткізеді. Әрі осы матчта бірінші голын соғады. Сондай-ақ, «Реалмен» бірге карьерасындағы бірінші кубогына қол жеткізді. 2016 жылдың 21 тамызда Асенисо «Реал Сосьедадқа» қарсы кездесуде алаңға шығып, Ла лигадағы дебютін өткізді.
Асенсионың талантын Зидан жоғары бағалап, көбірек мүмкіндік берді. Өткен жылдың 18 қазанында Польшаның «Легия» командасына қарсы ойында кезекті рет мергендігімен танылып, Чемпиондар лигасындағы (ЧЛ) бірінші голын соқты. Нағыз талант сын сәттерде шыңдалады. Марко тек осал командаларға ғана емес, Еуропаның бірнеше алпауыт ұжымдарын да қапы қалдырып жатты. Мәселен, ЧЛ-ның 1/4 финалында Мюнхеннің «Бавариясын», финалдық кездесуде Италияның «Ювентусін», Испания Суперкубогында «Барселонаны» сан соқтырып кетті.
«Реалда» бір жыл ішінде екі мәрте УЕФА Суперкубогын, сондай-ақ, клубтар арасындағы әлем чемпионатын, Испания чемпионатын, Чемпиондар лигасы мен Испания Суперкубогын жеңіп алды.

«Ол Мадридте өзін жайлы сезінеді. Оның күнделікті прогресін көріп, таңданысымды жасыра алмадым. Алаңда барлық тапсырманы тыңғылықты орындайды. Бірнеше қарсыласынан айласын асыра біледі. Қажет кезінде жойқын соққыларын бағыттайды», деген еді Зинедин Зидан «Барселонаға» қарсы өткен Испания Суперкубогының алғашқы ойынынан кейін.

Испания құрамасындағы жетістіктері
Марко Асенсио 2015 жылы 19 жасында Испания жастар құрамасымен бірге Грекияда өткен Еуропа чемпионатының жеңімпазы атанды. Турнирде «қызыл фурия» командасы Нидерланд, Франция, Ресей (екі рет), Германия құрамаларымен кездесті. Жартылай финалда Асенсио Францияны екі мәрте қапы қалдырды.

Өткен жылдың 29 мамырында Босния және Герцеговина ұжымына қарсы ойында Испания құрамасы сапындағы дебютін өткізді. Ал биыл Польшада өткен жастар арасындағы Еуропа чемпионатында Испания құрамасымен бірге күміс жүлдеге қол жеткізген болатын.
Марко Асенсио – «Барселона»
21 жастағы жартылай қорғаушыны 2014 жылы «Реалдың» әйгілі қарсыласы «Барселонаның» өз қатарына қосуына мүмкіндігі болған еді. Бірақ, каталондық клубтың басшылығы испаниялық ойыншы үшін 4,5 млн еуро төлеуді қымбатсынған. Алайда, сол жылы «Барселона» Бразилияның «Сан Паулу» командасынан есімі ешкімге белгісіз Дугласты алты миллион еуроға сатып алды.
«Барселона» Неймардың «Пари Сен Жермен» командасына ауысып кетуіне байланысты орнына бірнеше футболшыны қарастырған болатын. Тізімнің ішінде Марко Асенсио да болды. Бұл жолы каталондық клуб 80 млн еуро ұсынуға дайын екендігін білдірген. Алайда, ол «Реалдың» тікелей қарсыласына ауыспайтынын кесіп айтты.
«Мен «Барселонаның» жейдесін ешқашан кимес едім. Маған өзге де клубтардан ұсыныс түскен. Бірақ Мадридтегі өміріме ризамын», деді Асенсио Испанияның El Larguero радиосына берген сұхбатында.
Айта кетейік, кеше Испания біріншілігінде «Валенсия» командасына екі гол соғып, «Реалды» жеңілістен құтқарып қалды.
Дайындаған Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»