Соңғы он жыл ішінде жылдам қарқынмен өскен Мексиканың энергетикалық секторы едәуір инвестициялар тартқан. Өткен жылы Мексикада өндірілген электр энергиясының 18 пайызы жаңғырмалы энергия көздерінен өндірілген және ел мұнымен тоқтамақ емес. Мемлекеттің сыртқы істер министрінің орынбасары Де Икаса Гонзалез Карлостың айтуынша, Мексика ШЫҰ, ЕАЭО, ЭЫДҰ, ДСҰ сияқты өңірлік және халықаралық ұйымдарда Қазақстанның өсіп келе жатқан беделін қолдайды. «Болашақтың энергиясы» тақырыбы елде ЖЭК жобаларын ілгерілету, сондай-ақ, осы секторға инвестициялар тарту бойынша жүргізіліп жатқан саясатпен тығыз байланысты», деген ол бұдан бөлек, Мексика энергетика реформасын өзгерту процесін жүзеге асырғанын мәлімдеді.
«Біздің үкіметіміз энергетика реформасын өзгертудің өте маңызды процесін алға шығарып, жүзеге асырды десек, артық айтқандық емес. Өзгеріс жеке инвестициялар, жаңа технологиялар мен халықаралық бәсекелестікке сектор ашу үшін конституциялық негіздерді жаңартуға бағытталған. Мексика энергетикалық секторының ашылуы шетелдік инвесторлардың газ және мұнай жобаларына ғана емес, сонымен қатар ЖЭК жобаларына да назарын аударуға мүмкіндік берді», деді Де Икаса Гонзалез Карлос.
Ұлттық күннің ресми бөлімінде Қазақстан тарапынан сөз сөйлеген Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Мексика сияқты Латын Америкасы елдерінің жаңғырмалы энергия көздері саласындағы саясаты мен жетістіктері басқа энергетика нарықтары үшін өте құнды тәжірибе екенін жеткізді. «2004 жылдан бастап Латын Америкасының осы өңірінде жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялар 11 есе өскен. Мемлекеттің жаңғырмалы энергия көздері саласындағы саясаты мен жетістіктері басқа энергетика нарықтары үшін өте құнды тәжірибе болып табылады. ЭКСПО-2017 көрмесінде осы бағыттағы тәжірибені көрсету оны қажет ететін елдер үшін аса маңызды», деді министрдің орынбасары.
«Қытайдың мейірімді жүрегі»
Шанхай ынтымақтастық ұйымының павильонында Қытай кәсіпкерлерімен балалар үйі және аз қамтылған отбасылардың балалары кездесті.
Осы күні басталған қайырымдылық апталығы аясында күн сайын 20 отбасы ЭКСПО-ға барып, мектепке қажетті құрал-жабдықтарға ие болады. «G-Global», «EXPO-Women» халықаралық ұйымы мен ШЫҰ ұйымдастыру комитеті бастамасымен қолға алынған «Қытайдың мейірімді жүрегі» атты шара өзара достықты дамытуды мақсат етеді.
«Акция барысында онкологиялық диспансерде тіркелген көп балалы және аз қамтылған отбасылар балаларына көмектесеміз. ЭКСПО көрмесі аумағына экскурсия өткізіліп, ыстық тамақ беріліп, мектепке қажетті құрал-жабдықтар үлестірілді. Қайырымдылық апталығында 125 жеткіншекті қуантсақ деген жоспарымыз бар. Шараға Қазақстан мен Қытайдың іскер әйелдері белсенді атсалысуда», дейді «G-Global» халықаралық хатшылығының төрағасы Серік Нөгербеков. Ол 2019 жылы Қытайда өтетін ЭКСПО көрмесінде ұйымдастырылатын дәл осындай шараға Қазақстан кәсіпкерлері жіберілетінін айтты.
«Yufit» Қытай ғылыми-техникалық компаниясының бас директоры Лин Вэй Цзянь өз кезегінде бірлескен қайырымдылық адамзаттың бейбіт дамуына септігін тигізетінін жеткізді. «Біз де осы шараға өзіміздің үлесімізді қосқанымызға қуанамыз. Компаниямыз Жібек жолы елдерінің халықаралық қорына 10 млн теңге бөлді. Біз Қазақстан балаларына көмек көрсетуді жалғастырып, достықтың тереңдей түсуіне мүдделіміз», деді мәртебелі мейман.
Аустрияның «ақылды қалашығы»
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде өзін өзі жаңғырмалы энергиямен толықтай қамтамасыз ететін тұрғын үй кешені таныстырылды. Жаңа қалашықтың нобайы аустриялық делегацияның арнайы сапары кезінде көрсетілді. Себебі, жоба осы мемлекеттің компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылған.
Көрме жанынан бой көтеретін қалашықта еуропалық дизайн мен инженерия негізінде жасалған 200 үй тұрғызылады. Әр ғимаратта күн және жел энергиясын пайдалану арқылы барлық жылуды қамтамасыз ететін «ақылды жүйе» енгізіледі. Ал құрылыстың геометриясы энергиялық шығындарды барынша қысқартуға бағытталған. «Тіпті экологиялық үйлер Астананың қақаған аязында да өмір сүруге өте жайлы болады», дейді мамандар.
Аустрияда барлық энергияның үштен бір бөлігі жаңғырмалы қуат көздеріне тиесілі. Вена қаласының «ақылды шаһарлардың ондығына» енуі соған дәлел.
Топжарғандардың тосынсыйы
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қалашығындағы амфитеатрда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ұжымының гала-концерті өтті. Мәдени шарада көрермен көңіліне терең әсер қалдырған үш музыкалық кеш ұйымдастырылды. Халықаралық деңгейде мойындалған музыканттар мен консерваторияның жас дарындарының орындауындағы симфониялар легі, хор, рухани әрі халықтық музыка түрлері меймандарды ерекше тебірентті.
Кофе отанының озық жобалары
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қалашығында Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының ұлттық күні өтті. Кофенің отаны саналатын мемлекет Астана қаласында өздерінің мәдениеті мен сауда-экономикалық әлеуетін таныстырды. Экономикасы аса дамымаған елдің халқы негізінен өнеркәсіппен және егіншілікпен айналысады. Экспортының 90 пайызы – ауылшаруашылық өнімдері. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – кофе. Оның басым бөлігі елдегі жабайы ағаштардан жиналады.
Эфиопия – көгілдір Ніл мен Омо өзендерінің бойында орналасқан. Сондықтан судың күшін кәдеге жаратып, гидроэлектрстансаларын орнатқан. Оның қуаты 12 мың мегаватты құрайды. «Бүгінгі таңда онда қосымша екі су электрстансасының құрылысы басталған. Сондай-ақ, жел электр стансасының жобасы әзірлену үстінде. Өйткені Эфиопияда негізгі қуат көздері – су мен жел. Олардың жалпы көлемі 20 мың МВт-ны құрайды. Эфиопия энергияны Джибути, Сомали, Судан сияқты көрші елдерге экспорттайды», дейді павильон қызметкері Юлия Окружнова.
Елордаға әуе көлігімен келушілер көп
Астана қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында халықаралық бағыттар бойынша жолаушылар тасымалы 49 пайызға артқан. ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесінің 10 маусымнан 10 тамызға дейінгі аралығында Астана-Киев (өсім 28 пайыз), Астана-Ыстанбұл (өсім 23 пайыз), Астана-Париж (өсім 21 пайыз) халықаралық бағыттары бойынша жолаушылар ағынының өскені байқалады.
2017 жылдың маусым-шілде айларында, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, ішкі бағыттар бойынша жолаушылар ағыны 107 мың жолаушыны құрап, 35 пайызға өсіпті. Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, биылғы есепті кезеңде халықаралық бағыттар бойынша қазақстандық тасымалдаушылар тасымалдаған жолаушылардың жалпы саны 381 420 адамға жеткен, орташа жүктеме 75 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінде 228674 жолаушы болса, орташа жүктеме 30 пайызға артқан.
«Эйр Астана» (Астана қаласындағы негізгі әуе тасымалдаушы) әуе компаниясының ақпараты бойынша, биыл маусым-шілде айларының демалыс және мереке күндерінде ең жоғары жүктеме Астана-Алматы (90 пайызға дейін), Астана-Атырау (86 пайызға дейін) және Астана-Шымкент (80 пайызға дейін) бағыттарында болған. Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының дерегіне сүйенсек, халықаралық бағыттар бойынша маусым-шілде айларында, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, жолаушылар ағыны 49 пайызды және ішкі бағыттарда 25 пайызды құрапты.
Топтаманы әзірлеген
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
суреттерді түсірген
Ерлан Омар,
«Егемен Қазақстан»