Қазақстан • 30 Тамыз, 2017

Конституция – қазақстанның қарышты дамуының негізі

4118 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы республикалық референдумда қабыл­дан­ғанына биыл 22 жыл то­лып отыр. Халық қалауының көрінісі іспеттес Республика Кон­ституциясы осы жылдар ішінде мемлекеттің өркендеп да­муының бекем іргетасына және ұлттық құқықтық жүйе­нің түп қазығына айналды. Негізгі Заңды қатаң сақтау және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Республи­ка­сының Тұңғыш Президенті – Елбасы айқындап бер­ген дұ­рыс бағыттың арқасында, Қазақстан тарихи өлшемдегі қас­қағым мерзімде егемен және тең құқылы мемлекет ретінде қа­лыптасып қана қоймай, әлемдегі бәсекеге неғұрлым қа­б­і­летті 50 елдің қатарынан көрінді. Енді «Қазақстан – 2050» стратегиясының басты мақсаты – әлемдегі дамыған 30 елдің легіне енуге ұмтылуда. 

 

Конституция – қазақстанның қарышты дамуының негізі

Қазақстанның Біріккен Ұлт­тар Ұйымы Қауіпсіздік Ке­ңесінің 2017-2018 жылдар­да­ғы тұ­рақты емес мүшесі ре­тін­дегі миссия­сы, сон­дай-ақ, Астана­да өтіп жатқан, жа­һан­дық эко­но­миканың дамуына деген зам­а­­науи көзқарасты көрсететін жә­не аза­мат­та­рымыздың әл-ау­қаты одан әрі арту­ына, елі­міз­дің халықаралық аренадағы бе­­делі өсуі­не қызмет ететін ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық ма­мандандырылған көрмесі осы­­ның жарқын айғағы болып та­былады. 

Өз кезегінде, Республика Кон­ституциясы сіресе қатқан құ­жат күйінде қалмай, қажетті саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ұлт­тық және өзге де жағдайлардың пісіп-жеті­луіне қарай, өткізіліп отырған реформа­лар­ға құқықтық база жа­сап және қоғамдық қа­ты­настар конституциялық жол­ға тү­суінің ти­істі деңгейін қалып­тас­­тырды. Әрі замана­уи қыр көр­­­сетулер мен трендтерге бара­бар өзгертіліп отырды. Сол ар­қылы Негізгі Заң­ның тұрақ­ты­лы­­ғы мен серпінділігі арасында қа­­жетті тепе-теңдікке қол жетіп, оның жа­сам­паз мүмкіншіліктері ке­зең-кезеңмен ке­ңі­рек ашылды. Азаматтар мен мемлекеттік ор­ган­дардың оған деген сұранысы арта түсті. 

Мемлекеттің саяси-құқықтық дамуын­да­ғы жаңа парақты ашқан 2017 жылғы конс­ти­туциялық реформа тағы бір ауқымды қай­­та құру болды. Оның мән-мазмұны пре­зи­денттік басқару ны­саны шеңберінде Пре­зи­денттің билік өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметтің арасында қайта бөлуге, соңғы екеу­і­нің дербестігін және елдегі жағдай үшін жау­апкершілігін күшейтуге, конституциялық ба­қы­лауды арттыруға ерекше қор­­ғалатын кон­ституциялық құн­­дылықтарды, адам­ның жә­не азаматтық құқықтары мен бос­­тан­дықтарын қорғау меха­ни­змдерін нығай­ту­ға, құқық қорғау жүйесінің, жергілікті мем­­лекеттік басқарудың және өзін өзі ба­с­қарудың негіздерін жаң­ғыртуға келіп саяды.

Еуропа Кеңесінің Құқық ар­қы­лы – демок­ра­тияға комиссиясы (Венеция комиссиясы) өзінің қорытындысында Қазақстанның кон­с­ти­туциялық өзгертулері мем­лекетті демократия­ландыру жо­лында алға басылған қадам деп атап өтті. Реформа елдің одан әрі дамуына дұрыс бағыт сіл­тейді және айқын прогрестің ай­ғағы болып табылады.

Конституцияның кіріспесіне және 1-бабына Қазақстанның әлем­­дік құндылықтарды ұс­та­натыны – өзін адам және адам­­ның өмірі, құ­қықтары мен бостандықтары оның ең қым­бат қазынасы болып табылатын де­мо­кра­тиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­меттік мемлекет ретінде орнықтыратыны туралы идея енгізілді. Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бү­кіл халықтың игілігін көз­дей­­тін экономикалық даму, қа­зақ­­стандық патриотизм, мем­ле­кет өмі­рінің аса маңызды мәсе­­ле­ле­рін демократиялық әдіс­те­р­мен ше­шу Республика қыз­ме­тінің түбегейлі прин­циптері деп жарияланды.
Ата Заңның бұл ережелерінің бәрі конс­титуциялық құрылыс­тың негізін қалып­тас­тырады, қоғам мен мемлекет дамуының тү­­бе­­гейлі бастауларының жүйе­сін құрайды жә­не осы ережелер тиісінше іске асырылған жа­ғдайда, мемлекеттіліктің ны­ғаю­­ын, оның жос­парлы түр­де әрі тиімділікпен дамуына жол ашады. Еліміздің Конс­ти­­­туциясы, тікелей қолданы­ла­­­тын аса маңызды нор­ма­лар­­дың жиынтығы ретінде, қо­ғамдық-сая­си құрылыстың мыз­ғымастығы мен тұрақ­ты­лы­ғының сөзсіз және белгілі мағынада бас­ты кепілі болып табылады. Ол еліміздің кон­ституциялық қауіпсіздігінің іргетасы тұр­ғысында қоғам­ның, мем­лекет пен тұл­ға­ның қауіп­сіз­дігі тепе-тең болу­ын, олар­­дың өзара қарым-қа­ты­­­на­сында тәр­тіп орна­уын қам­тамасыз етеді.

Сондықтан кез келген мем­лекеттің ең басты парызы және мін­деті – конституциялық ере­же­лердің неғұрлым іске асырылуын қамт­а­масыз ету, конс­титуциялық құнды­лық­тар мен талаптарға к­епілдік беру, оларды іске асы­­ру. Демократиялық және иман­­ды­лық-құ­қық­тық әлеуеті не­ғұр­лым кең пай­да­ланыл­са, Конс­титуцияның құн­ды­лығы да со­ғұ­рлым жоғары болады. Не­гіз­гі Заңы­мыз­ды бұлжытпай сақтау – Қазақ­­стан­ның өркендеуінің, елі­міздегі қоғамдық келі­сім мен сая­си тұрақтылықтың нығаюына кепілдік береді.

Конституциялық кұнды­лық­тардың маңы­зы азаматтық қо­ғам дамып, жетілуінің, ел­де­гі заңдылық пен құқық тәрті­бі­нің жай-күйіне ықпалы бар оның құқықтық мә­де­ниетінің дең­гейіне тікелей байланыс­ты. Мем­лекет басшысы өзінің сөйлеген сөзде­рін­де ХХI ғасырдағы табысты қоғам – бұл заң тұрғысынан сау­атты адамдар қоғамы деп бір­неше мәрте атап өткен болатын. Ал заң тұр­ғысынан сауат­ты­лықтың бастауы, бірінші ке­зекте – Конституцияны білу.

Қоғамның құқықтық мәде­ниетін арттырмай, әрбір аза­мат­тың бойында Ата Заңға де­ген терең құрмет сезімін тәр­биелемей, оның нор­мативтік ере­желерін күнделікті тұр­мы­­сы­мызға сіңдіруге тікелей және белсенді ара­ласуға дайын­дықты қалыптастырмай, эко­но­микалық, саяси және әлеуметтік мін­­деттерді шешуге болмайтынын уақыт көрсетті.

АҚШ-тың танымал заңгер­ле­рінің бірі – Л. Фридмэн өзі­нің «Американың құқығына кіріс­пе» атты кітабында былай деп жазады: «Құ­қықтық мә­дениет – бұл сол немесе өзге бір заң прак­тикада қаншалықты жиі қол­­да­ны­латынын немесе бұзы­ла­тынын, одан қалай жалтараты­нын немесе оны қалай теріс пай­даланатынын айқындайтын қоғам өмірінің барометрі, сонымен бірге қоғамдық күш те болып табылады. Құқықтық мә­дениет жоқ жерде құқықтық жүйе де қауқарсыз».

Осы жылдар ішінде Респуб­ли­када конс­ти­туциялық патриотизм мемлекеті мақсатты түр­де қалыптастырылып келеді. Оның бас­ты қағидаттары – құқықтың үс­темдігі жә­не құқықтық тәртіп, жап­пай заңға бойұ­сы­ну және қау­іпсіздік, еркіндік және жау­ап-
­кершілік. Қолға алынған шаралар нәти­же­сінде мемлекеттік қыз­метшілердің де, аза­мат­тар­дың да құқықтық санасында елеулі өз­герістер болды.
Бұл орайда, Қазақстан Прези­дентінің жуырда жария­ланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы осы мәселелерді де қамтитын, бағдар­ламалық сипаттағы ке­зек­­ті бір сындарлы құжат. Са­яси және эко­но­микалық рефор­ма­лар­дың өзегі саналатын қо­ғам­дық сананы жеделдете жаңғырту осы мақа­ланың мазмұнын құрайды.
Қоғамдық сана өз кезегінде құқықтық мәдениеттің бір элеме­нті болып табылатын құ­қық­тық сананы да қамтиды. Сон­дықтан қоғамдық сананы ойдағыдай жаңғырту барлық субъектілердің, мемлекеттік инс­титуттардың да, азаматтық қо­ғам институттарының да, аза­маттардың да құқықтық санасы мен құқық­тық мәдениетін арт­тыруға бағытталған шараларды және нақты жобаларды әзірлеуді қажет етеді. Бұл тұрғыдан кең ауқымды дү­ние­танымдық және идеологиялық жұмыс жа­салуы тиіс.
Жаппай заңға бойұсыну кон­сти­туциялық патриотизм при­нципінің элементі ретінде Не­­гі­з­гі Заңның 34-бабында бе­к­і­­тілген. Оған сай әркім Қа­зақ­с­тан Республикасының Кон­­­с­­­титуциясын және заңдарын сақ­­тау­ға, басқа адамдардың құ­­қық­тарын, бостандықтарын, абы­­­­ройы мен қадір-қасиетін құр­­меттеуге мін­детті. Сондай-ақ, баршамызға Респуб­ли­­ка­ның р­әміздерін құрметтеу міндеті жүк­­тел­ген.

Конституция баптарын ұғынуда және олар­ды тү­сіндіруде, олардың сол неме­се өзге бір мемлекеттің бүкіл ау­мағында және халық­ара­лық қаты­настар саласында үстемдігін жә­­не тікелей қолданылуын қам­та­масыз етуде ма­ңыз­ды рөл кон­с­­ти­туциялық бақылау ор­ган­дар­ына беріледі. Негізгі Заңда белгіленген өздерінің миссиясы мен функцияларын орындай оты­рып, олар қоғам мен мемлекет өмірінің барлық жағын конституциялан­ды­ру үдерісіне белсене қатысады, заң­на­мада заманауи жүйелі бастаулар бекі­ті­луі­не септігін тигізеді, жап­пай танылған жә­не ұлттық құн­дылықтарды мемлекеттік құ­ры­лыс­та және құқықтық жүй­е­де іске асырады, адамның, мем­лекеттің және қоғамның ара­сын­да өркениетті өзара қарым-қатынас дамуын ынталандырады. Конституциялық үде­рістің белсенді қатысушысы болып табы­латын Конституциялық Кеңеске осының бә­рі де белгілі бір шамада тән деп пайымдай­мыз. Өзі­нің нормативтік қау­лы­ларында және Рес­пуб­ли­ка­дағы конституциялық заңды­лық­­тың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауларында Конс­ти­туциялық Кеңес, мемлекет пен қоғамның толыққанды ты­н­ыс-тіршілігі үшін тұрақты заң­на­малық іргетас жасау қажеттігін көрсете отырып, Қазақстанның кон­ституциялық заңдылыққа негізделген құ­қықтық мемлекет ретінде қалыптасуына ерек­ше назар аударады.

Ағымдағы жылы Негізгі Заңға және «Қазақстан Респуб­ли­касының Конс­ти­ту­циялық Кеңесі туралы» Конституциялық заң­­ға енгізілген түзетулер Кон­сти­туциялық Ке­ңес­тің қыз­ме­тін одан әрі қарқындатуға сеп­тігін тигізетін болады.
Енді Республика През­и­ден­тіне адам­ның және азамат­тың құ­қықтары мен бостан­дық­тарын қор­ғау, мемлекеттің ұлттық қау­іп­­сіздігін, егемендігі мен тұ­тас­тығын қам­тамасыз ету мүдде­сін­де, күшіне енген заң­ның немесе өзге де құқықтық актінің Кон­ституцияға сәйкестігін қа­рау туралы Конституциялық Кеңес­ке өтініш жолдауға құ­қық берілген. Конституцияда жә­не былай деп көзделген: Рес­публика Конституциясына енгізі­летін өзгерістер мен то­лық­тырулар, олар­дың 91-баптың 2-тармағындағы «Кон­сти­туция­да белгiленген мемлекеттiң тәу­ел­сіздігі, Республиканың бiр­тұтастығы мен аумақтық тұтас­тығы, оны басқару ныса­ны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның негі­зін салушы, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұң­ғыш Пре­зиденті – Елбасы іргесін қалаған Респуб­ли­ка қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Рес­публикасының Тұң­ғыш Пре­зиденті – Елбасының мәрте­бесі өзгер­мей­ді» деген талап­тар­ға сәйкес келетіні туралы Конс­титуциялық Кеңестің қоры­тын­дысы бол­ған жағдайда, рес­пуб­ликалық референ­дум­ға немесе Республика Парламенті­нің қарау­ына шығарылады.

Соттардың өздерінің қарау­ын­да жатқан іс бойынша қолда­ны­луға тиісті заңдар және өз­ге де нормативтік құқықтық акті­лер нормаларының конс­ти­туциялығын тексеру туралы ұсыныммен Конституциялық Кеңеске жү­гіну рәсімі жеңіл­детілді. Ұсынымға төра­ға­ның қол қоюы қажет деген та­лап алып та­сталды. Енді өті­нішке тиісті субъект қол қоя­ды. Процестік заңнамаға сай ­бірінші са­тыдағы соттарда іс­терді судья жеке өзі, ал апел­ляц­иялық және кассациялық тәртіппен – құрамына бірнеше судьяны енгізе отырып, алқалы түр­де қарайды, олардың бірі төрағалық етеді. Сондықтан соттарға қатысты алғанда, өзінің қарау­ында іс жатқан судья, ал алқалы түрде қарағанда – тө­рағалық етуші судья ұсынымға қол қоятын тиісті субъект болып табылады. Бұл жаңа тәртіп сот төре­лі­гін іске асыру кезінде судья тәуелсіз және Кон­с­титуция мен заңға ғана бағынады деп бел­гілейтін Конституцияның 77-бабының 1-тармағына сәйкес келеді.

Қабылданған өзгертулер қолданыстағы заңнаманың ел Конституциясына сәйкестігі белгілі бір деңгейде өздеріне байланысты болатын соттардың бел­сенділігін барынша артты­руға ықпал етеді.
Бүгінде еліміз заманауи конс­титуцио­на­лиз­мнің сәтті қалып­тасуының үлгісі болып табылады. Негізгі Заңның маз­мұ­ны әр адамның, қоғамның жә­не мемлекеттің әлеуметтік-эко­­номикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық жә­не басқа са­лалардағы қажеттіліктеріне, мем­­ле­кеттің басым бағыттарына сәй­кес ке­ле­ді. Жа­ңартылған Конс­титуция нормасы шы­ғар­­ма­шылық және құқық қол­дану практикасын одан әрі жетіл­ді­рудің негізі.

«Қазақстан Республика­сы­ның Консти­ту­ция­сына өзге­ріс­тер мен толық­тырулар ен­гі­зу туралы» Қазақстан Респуб­ли­к­а­сының 2017 жылғы 10 нау­рыз­дағы Заңын іске асы­ру жө­нін­дегі шаралар кешені туралы» Қазақ­стан Республикасы Пре­зидентінің 2017 жыл­­ғы 13 нау­рыздағы № 437 Жар­лы­­ғын орын­дау мақ­са­тын­да Консти­туция­лық Ке­ңес «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Кон­сти­­туциялық Ке­ңе­сі туралы» Қазақстан Рес­пуб­­­ликасы Конституциялық за­ңы­ның 36-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес 2017 жылғы 17 сәуірдегі №2 нор­ма­т­ив­тік қау­лы­мен Негізгі Заң­ның бұ­рын қолданыста болған нор­­ма­ларына негізделген өзінің бір­қатар қо­рытынды шешім­де­рін қайта қарады.

Жалпы, атқарылған жұмыс нәтижесінде Кон­ституциялық Кеңес қайта қаралған 6 нор­ма­тив­тік қаулының күшін толы­ғымен жә­не 21 нормативтік қау­лының күшін ішін­ара жойды. Конституциялық Кеңестің бұл ше­шімі конституциялық ере­же­лердің маз­мұ­­нын қайта ұғыну үшін кең жол ашады. Ал қа­жет кезде оларға конституциялық рефор­ма­ның нәтижелерін ескере отырып жаңадан түсіндірме берілуі мүмкін.

Парламент Мемлекет басшысы бастама жасаған «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір кон­сти­туциялық заңдарына өзге­ріс­­тер мен толықтырулар ен­гі­зу туралы» Консти­ту­ция­лық заңды қабылдап, сол арқы­лы Пре­зидент, Қазақстан Рес­публикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы, Парламент жә­не оның депутаттарының мәр­тебесі, Үкі­мет, Кон­сти­туция­л­ық Кеңес, сот жүйесі жә­­не су­дьялардың мәртебесі, сай­лау жән­е рес­публикалық рефе­­рендум туралы конс­ти­­ту­циялық заңдарға тиісті түзе­тулер енгізіліп, сон­дай-ақ «Про­ку­ра­тура туралы» жаңа заңды қа­былдады.
Сол арқылы мемлекет пен қоғам өмірінің бар­лық салаларында заманауи заңнамалық ба­за құрылды, ол ұлттық заңнаманың тиімді жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз етуі тиіс.

Еліміздің қолданыстағы Кон­с­титуциясы жалпы мемлекет­тік, жалпыұлттық және жалпы азамат­тық қолдау шараларының жүйесін қажет етеді. Консти­ту­циялық жаңғырту – Кон­­сти­­туцияның мәтінін түзету ғана емес, оның нормаларының мазмұнын уақыт та­ла­бы­на сай түсіндіру де екенін ұғыну қа­жет. Осы мақсатта әрбір мемлекеттік орган, аза­маттық қоғам институты және азамат кон­сти­туциялық нормаларды нақты маз­мұн­мен одан әрі толықтыра түсу үшін үнемі жұмыс іс­теуі тиіс. 

Игорь РОГОВ,
Қазақстан Республикасы 
Конституциялық Кеңесінің төрағасы

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024