Қазақстан • 30 Тамыз, 2017

Атаңа опалы болсаң – ботаңа қадірлісің

1297 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ата-анаға опалы болу, оны өле-өлгенше ардақтап, құрметтеу – ата дәстүрі, ұрпақ парызы.

Атаңа опалы болсаң – ботаңа қадірлісің

Қазақта «Төріңнен қарт кет­песін», «Ақ сақалды ата бол, ақ самайлы әже бол» дейтін ақ баталар бар. Жасы үлкенге құрмет еткен, қартын сыйлаған, жетімін жебе­ген, жесірін жылатпаған халықпыз. Ұрпақ – өзін өмірге келтірген, тіршілігіне нәр берген ата-ананың алдында мәңгілік қарыздар. Ана­ның ақ сүтін, әкенің ақ тілегін ақтау өз болашағыңа жарқын жол жасау деген сөз.

Ата-анаға не істесең, алдың­нан сол шығады. Атаңа істегенді ботаң саған істейді. Пенде өмір бо­йы жас болып тұрмайды. Бүгін жас, ертең қартсың. Сен ата-анаң­ды қалай сыйласаң, сенің ба­ла­ларың да сені қартайғанда солай сыйлап, солай бағып-қаға­тын болады.
Орыс жазушысы Лев Тол­с­тойдың «Қарт пен немере» атты мысал әңгімесінде мынадай бір шағын оқиға баяндалады:

«Бір үйде төрт адам. Ата, бала, келін, немере. Кәрі кісі тәрелкені сындырып алады деп, келіні атасына тамақты темір табақпен береді. Бір күні шалдың немересі ағаш жоныпты. Әке-шешесі:
– Балам, не істеп отырсың? – деп сұрайды. 
– Ертең сендер қартайып, атам сияқты болғанда тамақ іше­тін ағаш астау жасап отырмын», – депті баласы. 

«Әкесін сый­ламағанды, баласы сыйламайды», деген сөз тегін айтылмаған. Ата-анаға қатыгездік жасаған адам дүниедегі ең күнәсі көп, адамдық ардан безген жан болып саналады. Қазақ халқында ондай пенделер қатаң жазаға, қатты қарғысқа ұшыраған. 
«Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» демек­ші, бүгінгі қазақ қоғамында өз ұлтының бағалы асылдарын ұмы­тып, безбүйректікке бет бұратын перзенттер де жоқ емес. Анда-мұнда ақпаратта бір жарқ ететін «қарттар үйін», «жетімдер үйін» көр­генде жүрегің қан жылайды. Тіп­ті, кейбіреулердің жалғыз бас­ты әкесін немесе анасын бөлек үй алып беріп, айырып бағып отырғанын да көзіміз көрді. Не­мересінің маңдайын иіскеуге зар болып, жалғыз басы сопайып қалған оның күні де тозақтан кем емес. Дүниеге бала әкеліп, оны азаппен өсіріп, енді соның қызығын, қызметін көре алмай тірідей суынып, қайырылмай кеткен баласын аңсай-аңсай, дүниеден өткен кәрі әке-шеше қайғысынан артық қайғы бар ма?! Өзінің пер­зенттік борышынан бас тартып, ата-анасын жер­­ге қаратып, кө­кіректерін қарс айырғандар екі дүниеде де жақ­­сылық таппайды. Абайдың: «Ба­ланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік» дегені де сондайға қаратылса керек.

Демек, баланың осындай қа­тыгез болуына не себеп? деген сауал туады. Оның жауабы да оңай. Ол жүректегі иман мен ұлт­тық тәрбиенің кемдігі. «Не ексең, соны орасың» дейтін халық сөзі соған қаратылған.

Олай болса, кез келген қазақ шаңырағының ұлағатты ұл, инабатты қыз тәрбиелеп отырған әрбір ата-анасы ең әуелі өзінің алдындағы жаны жақындарын ерекше құрметтеуі, оларды рен­жітпеуі керек. Өмірдегі тәрбиең – өз өміріңнің айнасы. Өлгенде өкіріп-бақырып жылап, қабірінің басына алтыннан ай, күмістен күн орнатудың бір тиындық құ­ны жоқ. Балтаның сабындай қысқа ғұмырда, тез сөнетін жа­рық жалғанда сыйластық, бауырмалдық қана жүрекке шуақ, өмір­ге сән береді. 
Атаңа опалы болсаң – ботаңа қадірлі боласың. 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ