Қазіргі таңда көршілес мемлекетте 2018-2040 жылдарға арналған стратегиялық жобалар негізінде тұрақты дамудың ұлттық стратегиясы әзірленуде. Жаңа құжатқа сәйкес мемлекет алдында негізгі үш мақсат бар: халықтың экономикалық әл-ауқаты, әлеуметтік амандығы, азаматтардың қауіпсіз және қолайлы ортасы. Бұл туралы шараның ресми бөлімінде қырғыз елінің вице-премьері Чолпан Султанбекова мәлімдеді. Ол жаһандық жылыну орын алған заманда «Болашақ энергиясы» тақырыбын ту еткен Астанадағы көрменің маңызы зор екенін де тілге тиек етті.
«Қазақстанның 2012 жылы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге деген өтінімінің жеңісі мемлекеттің халықаралық жоғары беделінің тағы бір дәлелі болды. Экологияның зиянды салдарынан құтылу үшін жаңғырмалы энергетиканы дамытуымыз қажет. Көрме аясында озық тәжірибемен алмасудың және жаңғырмалы энергия көздерін қолдану саласында ынтымақтастық орнатудың маңызы зор деп ойлаймын. Қырғызстан энергетиканың тұрақты дамуы үшін мемлекеттік қолдау бойынша әлемдік бағытты қолдайды.
Энергетика – халықтың өмір сүру деңгейіне және экономиканың барлық секторларына тікелей әсер ететін стратегиялық сала. Біздің мемлекетімізде аталған сала ІЖӨ 2 пайыз және өнеркәсіптік өндірістің 16 пайыз, республикалық бюджеттің 10 пайыз кірісін құрайды», деді Қырғызстан вице-премьері.
Қазақстан тарапынан сөз сөйлеген Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынас өзара құрмет пен қызығушылыққа негізделгенін және Қырғызстанның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы оның айқын дәлелі екенін атап өтті. «Екі ел арасында жоғары деңгейде келіссөздер мен түрлі жиындар жүргізілуде. Қырғызстанның ұлттық павильонын құруда айтарлықтай жұмыстар атқарылғандығы айқын. Қазақстан Үкіметі атынан және жеке өз атымнан Қырғыстанға қолдау көрсеткені үшін және Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысқаны үшін алғысымды білдіремін», деді министр.
Қырғызстан павильоны Жібек жолы плазасында ұсынылған. Павильондағы интерактивті экспозициялар көрме келушілеріне мемлекет туралы ақпарат береді. Сондай-ақ, елдің экспорттық әлеуетін дамытуға, энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге бағытталған жобалар мен су энергетикасы салаларындағы жетістіктерімен таныстырады.