Тәрбие • 02 Қыркүйек, 2017

27 жасында батыр атанған ана

50 реткөрсетілді

Балалар үйіндегі он баланы бауырына басып, асырап-жеткізген Қарлыға мен Нұрлан Садықовтардың отбасы бүгінде тамырын тереңге тартқан мәуелі бәйтерекке айналып отыр. Жуырда Қостанайдан елордаға қыдырып келгенін естіп, ғибратты отбасының өнегелі әңгімесін тыңдауға асықтық. 27 жасында он екі баланың анасы атанған Қарлыға бала бағумен өткен жастық шағының әсерлі кезеңдері туралы әңгімелеп берсе, Нұрланның Қостанай өңірінен қазақ мектебін ашуға бастамашы болғанын естіп, ерлікке баладық. 

«Тоқсаныншы жылдары Арқалықта тастанды балаларға арналған бір-ақ үй болатын» деп бастады әңгімесін Нұрлан Садықов.

«Қарлыға балалар үйінде тәрбиеші болып жұмыс істеді. 26 баланы қырық шақты күтуші жабылып қарайтын. Қазақ тобында он бала болды.  Ол кезде жұбайым екеуміздің екі баламыз бар еді. Жолдасымның денсаулығына байланысты, дәрігерлер екі ұлдан кейін құрсақ көтеруге болмайтындығын ескертті.  «Көп балалы болсақ» деген тілек жанымызға маза бермей, ақыры, әкімнің орынбасарына бала асырап алу туралы шешімімді айттым», деді Нұрлан.

Қос жастың шешіміне қолдау көрсеткен сол кездегі Торғай облысының әкімі Жақан Қосабаевтың басшылығымен үш бөлмелі үй тарту еткенін ризалықпен еске алысқан олар, құжат жинау кезіндегі қиындықтар туралы да қозғап өтті.

«Бала асырап алу ісін жеңілдету керек. Балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясатты әлі де болсын нығайта түсу қажет деп ойлаймын. Қаншама жылап жүрген жетім бала бар. Жалпы, бала асырап алу бойынша заңда қамтылмаған шаруа көп. 15-16 түрлі құжат жинаудың не керегі бар?» деген ерлі-зайыптылардың сөзінен кезіндегі құжат жинаудағы жарты жылдық сабылыстың машақатын әлі де болсын ұмытпағандарын аңғардық.

Садықовтар отбасы

 «Қолымызда азын-аулақ малымыз болды. Сонымен күнделікті ішіп-жемімізді айырдық. Сүт пісіріп, қаймағын алдық, май шайқадық. Айран ұйытып, құрт жасадық дегендей. Өзіміз жемесек те, шошқа бақтық. Бір шошқа он төл береді, бір қойдың бір қозысын қонақ жеп қояды, болмаса өліп қалады. Тауық ұстап, жұмыртқа саттық. Бәрін істедік. Біздің қашанғы әдетіміз – ерте тұрып, ерте ұйықтау. Кім көп еңбек етсе, бақ соған қонады» дейді ол.

Олар кейін Арқалықтан Қостанайдың іргесіндегі Заречный ауылына көшіп келеді. Бірақ ауылда қазақ мектебі болмай, он баланы күн сайын Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектепке тасу тиімсіз болғанын айтады. «Дегенмен, әкімдікке айтып жүріп, ауылда қазақ мектебін ашу туралы бастаманы көтердім. Елу баланың басын қосқаннан кейін, 1999 жылы ауылда жаңа мектеп салынатын болды. Сол мектепке алғашқылардың бірі болып барған бір қызым, қазір сол оқу орынында мұғалім болып, сабақ беріп жүргеніне бес жылдан асты», деген отағасыны азаматтығына сүйсіндік.

Нұрлан мен Қарлығадан бала тәрбиесіндегі береке мен бірліктің құпиясын сұрадық. «Біреуге пайдаң тимесе де, зияның тимесін» деген қағидамен өсірдік деген олар, бала тәрбиесіндегі ең маңыздысы – таңдау еркіндігіне мүмкіндік беру екенін айтады. Балалардың кішкентай жүрегіне дық қалдырмайық деп, күні бүгінге дейін асырап алғандарын айтып көрмеген.

«Ес біле бастағанда, мектепте 5-6 сынып оқып жүргенде екі-үшеуі «Балалар, мұғалімдер бір-бірімен сөйлескен кезде неге бізді асырандылар деп айтады» деп жылап келді. Қанша айтпауға тырысқанмен, ел арасында сөз жата ма. Директорға кіріп, ата-аналармен жеке-жеке сөйлесіп, түсіндіріп айттық. Олар өздері сұрамаса, біз айтпаймыз деп шештік. Әйтпесе, бізге журналистер көп хабарласады, жеке өмірімізге араласпасын деп сұхбат беруге жоламайтынымыз содан» деді Қарлыға.

Садықовтар отбасы

Сөз арасында редакцияға өздерімен ала келген фотосуреттерді бірге тамашалап, мәре-сәре шаттыққа толған шаңырақтағы қуанышты сәттерге куә болыстық. Қазір балалар түгелдей дерлік отау көтеріп, шаңырақ құрған. Бүгінде бауыр еті балаларынан он немере сүйген Нұрлан мен Қарлыға Жаратқаннан жарылқау тілеген батагөй ата-әжеге айналып отыр.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттер жеке архивтен алынды

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар