Мен тұрған үй
Әкем құрдасы, журналист Сабыржан Шүкіровпен Арқалықта бір үйде тұрған екен. Бірде Сабыржан ағайдың үйін іздеген біреу:
– Секе, сіз Сабыржан тұратын үйде тұрасыз ба? – деп сұрапты. Сонда әкем:
– Әр сөзді орнына қойып айтыңыз, Сабыржан мен тұратын үйде тұрады, – депті.
Жаяу туған
Әкем 1993 жылы машина апатына ұшырап, ауыр жарақат алады. Ұзақ емделіп, таяққа сүйеніп жүрген ол бір күні Арқалық қаласында өткен мәжіліске қатысады. Жиналыс тараған кезде басшылар өз көліктеріне отырып кете барады. Әкем де таяғына сүйеніп үйге беттейді. Оның жаяу кетіп бара жатқанына жаны ашыған біреу:
– Апыр-ай, Секе, үйіңізге жаяу бара жатырсыз ба? – десе, әкем әлгі көлікпен кетіп бара жатқандарды нұсқап:
– Мен аналар сияқты емес, анадан туғанда жаяу туғанмын, – депті.
Апа-жеңеше
Жасынан бірге өскен көршісі Бәтима деген қызды әкем Сейіт «апа» дейді екен. Кейін сол қыз әкемнің Мәрден деген ағасына тұрмысқа шығады. Тойдан кейін Бәтима апамыз әкеме:
– Бұрын апа дейтін едің, енді кім дейсің?! – дегенде, әкем:
– Апа-жеңеше деймін, – депті.
Зәмзәгүл КЕНЖЕАХМЕТОВА
АРҚАЛЫҚ
Сәби болғым келмейді...
Жетім көрсем жылаймын кейде өкіріп,
Шындығымды біреулер дейді «өтірік»!
Сәби болғым келмейді, сәби болғым,
Жүкті болған сұлуға «үйде отырып».
Жетім көрсем батамын құса-мұңға,
Құса-мұңды құрықтап, тұсадым ба?
Сәби болғым келмейді, сәби болғым,
Күйеуі жоқ әйелдің құшағында...
Жетім көрсем шымырлар шекем-денем,
Неге одан да шекемнің еті өлмеген?!
Сәби болғым келмейді, сәби болғым,
«Балалардың үйлерін» мекендеген!
Жетім көрсем жабығып, жеке қалам,
Болмаса деп тілеймін «көкек анам».
Сәби болғым келмейді, сәби болғым,
Шетел асып кететін шекарадан.
Жетім көрсем қанжылап бірден ішім,
Алға баспай қояды мүлдем ісім!
Бірақ, кейде келеді сәби болғым,
Жетімдіктің не екенін білмеу үшін...
Ершат ҚАЙБОЛДИН
АЛМАТЫ
Жол полициясы қызметкерлерінің жиналысы өтіп жатады.
Бастық: – Екі жаңалығым бар. Біреуі – жақсы, екіншісі – жаман.
Қызметкерлер: – Жақсысынан бастаңыз.
– Жақсысы – биылғы жылы жол ережесін бұзғандар төлеген айыппұл былтырғы жылғыға қарағанда 20 миллион теңгеге көбейген.
– О, бәрекелді, жақсы жаңалық екен. Енді жаманы қайсысы?
– Жаманы – сол, бұл айыппұлдардың 90 пайызы жолдағы бейнекамералардың арқасында жиналған. Енді қала әкімі сіздерді қысқартып, бақылау камераларын көбейтуді ұйғарып отыр.
Түркия жағажайында екі қазақ кездесіп қалады.
– О, Жәке, ассалаумағалейкүм.
– Уағалайкүмассалам.
– Сізге де Бурабайда демалудың ыңғайы келмеді ме?
– Иә, ақшаны үнемдеу керек болды...
Бір тойдан қайтқан апамыз үйге келе сый-сияпат салынған дорбасын ашып:
– Масқара! Құдағида ұят жоқ екен-ау, ә!.. – деп ашулана кетеді.
Шалы:
– Не болды сонша бұрқылдап?
– Қарашы, мына бір қорап шоколад пен орамалды былтыр оған өзім берген едім. Өзіме қайта айналып келіпті...
Теледидардан бір журналды жарнамалап қоймаған соң, оны сатып ала қойғанмын.
Журналда кілең бір дүкенді жақсылап-ақ жарнамалаған екен.
Дүкенге барсам тек теледидар сатылады екен... Теледидар сатып алып үйге әкеп қоссам... көрсететіні тек жарнама...
Қожанасыр хикаялары
Бала кезінде Әпендіге әкесі әр жұма сайын «тәтті ал» деп бес тиын беріп тұрады екен. Бірде әкесі тұтас жиырма тиын беріп:
– Мына ақша төрт жұмаға жетеді. Ақшаны үнемдеп жұмса, – дейді.
Әкесінің айтқан сөзі сол сәтте-ақ есінен шығып, Әпенді жиырма тиынның бәріне тәтті сатып алады. Әпендінің әкесі базардан борша-борша терлеп, пысынап, әрең дегенде үйге келеді.
– Түһ, мына күннің шыжуын -ай! – дейді ол, – мына аптапта миың айналып балқып кетер түрі бар!
Аңдысын аңдап тұрған Әпенді:
– Адамның миы күмістен гөрі төзімдірек болса керек, – депті.
– Әй, о не дегенің? – дейді сонда әкесі түсінбеген болып.
– Әлгі төрт жұмаға деп есептеп берген күмістердің бәрі өзіңіз айтқан мына аптап ыстықта базардағы кәмпиттей лезде балқып кетті, – депті сонда Әпенді саспай.
* * *
Әкесі Қожаға ақша беріп, түскі тамаққа қойдың піскен басын әкелуге жібереді. Қожа пісірілген қойдың басын сатып алады да, жолшыбай қызығып дәмін татып көреді. Тәтті басқа есі шыққан ол жалап-жұқтап, тұтастай мүжіп қояды. Ал әкесіне түк көрмегендей болып, жылтыраған қу басты алып келеді.
– Әй, мынауың қу сүйек қой! – дейді әкесі шала бүлініп, бажылдап, – құлақтары қайда?
– Қой саңырау екен, – дейді Қожа.
– Ал тілі қайда? – дейді әкесі бастырмалатып.
– Әрі мылқау екен.
– Ал көздері қайда?
– Су қараңғы соқыр екен.
– Ау, онда басындағы еттер қайда кеткен? – депті.
– Байғұс қой қасқа екен, – депті Қожа бүлк етпестен, – тек мұның тістері өте мықты екен, міне, әлі күнге бірде-бір тісі түспепті.
* * *
Қожа бала кезінде ауылы Сиврихисардан қалашық Ақшаһарға келіп аралап жүріп зәулім мешіттің мұнарасынан азан шақырған молданы көріп:
– Ағатай, менің қолымнан не келеді? Бұтағы жоқ, таралып өскен талы жоқ ағаштың басына шағып алыпсың, мен саған қалай көмектесе аламын, – деген екен.
Коммуналдық "концерт"
Бүгінде бізде не көп, сахна көп. Сырттағы үлкен-кіші театрдың сахнасы, үйдегі түрлі-түсті теледидардың экран-сахнасы дегендей. Ал оларда не көп – сүйіндіретін салиқалы да, күйіндіретін алқын-жұлқын да концерт көп. Ай, солардың бәрінен де, меніңше, халыққа коммуналдық қызмет көрсетуге тиіс орындардың «концерттері күшті». Дерек керек десек, өзгелерді жетектемей, өзім куә болып жүргендерімді айтайын.
Иә, бұл «өнерпаз» ұжымдардың бір қызметі – бізге күн сайын электр қуатын беріп, ақысын ай сайын алып отыруы. Дұрыс... айтпақшы, бұрысы да бар. Мысалы, менің пәтерақы төлемім туралы түбіртекке (квитанцияға) 2016 жылы қаңтар айында 1154, 25 теңге қарыз, ал ақпанда 201, 69 теңге артық деп жазылып келді де, жыл аяғына дейін «қарыз» бен «артық» осылайша кезектесуден жаңылмады. Ал биыл тамыз айына дейін тек «қарыз» деді де, тамыз айында 2371 теңге 12 тиын «артық төленді» деп сүйінші сұрады. «Қызық», ә?
Ыстық су үшін төлем 2016 жылы пәлен теңге «қалдық» пен түгел теңге «артық» дегеннің кезектесулерімен өтсе, биыл ай сайын 2,5-3,5 мың теңге мөлшерінде «артық» төлеген болып отырмын. Мен үшін ол жақта кім ақша шашып жүр екен?!
Суық су үшін төлем де – «концерттің көкесі». Былтырғы қараша айынан биылғы маусым айына дейінгі түбіртекте «қарыз» деген жазу қасарысып тұрды да, одан соң хабар-ошарсыз кетті.
Түбіртектегі «қарыз» бен «артықты» ептеп түсінемін, ал «қалдық» дегендері немененің нендей қалдығы? Түбіртекшілерден сұрап едім, олар да «сауатымды» аша алмай: «Қалдық па?.. Ол ма?..» десіп, ыңылдап отырып-отырып, қалғып, ұйықтап кетті.
Егер бұл «ғажайып-ғаламатты» өзім ғана көріп жүрсем, үндемей-ақ қояр едім, бірақ 80 пәтерлі үйдегі басқалардың да осындай «сканвордқа» тап болып жүргендерін білген соң «Әй!» демесіме болмады.
Осы оспадарлықты Алматы қалалық коммуналдық кәсіпорындардың және Электрмен жабдықтау кәсіпорны басшыларына хат жазып, бізге үлестіріп жүрген цифр-сөздерінің әлде сусылдап аспаннан түскенін, әлде суырылып жерден шыққан-шықпағанын сұрадым. Ал олардың жазбаша да, ауызша да жауаптарынан ештеңе ұға алмадым. Республика үкіметінің, тиісті министрліктің, Алматы қаласы әкімдігінің пәлен жылғы түглен қаулыларының анау бөліміндегі мынау баптарында былай делінген деп, қазақ пен орыс сөздерінен шалап жасап шұбыртқандарынан көзім талып, құлағым тұнатын болды.
Ал сол хаттарымда оларға не айттым?
1. Бұл пәтерге кіргеннен бері электр қуаты, ыстық және суық су үшін төлемді әрқайсының орнатылған есептегіш құралының көрсетуі бойынша төлеп келемін. Осы уақытта төлем талабын бір рет те бұзған жоқпын, Үй басқармасы тарапынан ескерту естіген емеспін. Бұдан былай да есептегіш құралға ғана бағынамын, әулекі цифр-сөздеріңіздің керегі жоқ, түбіртекті былғамаңыздар!
2. Төлем тәртібін бұзбайтындардың есептегіш құралдарын ай сайын тексеруді доғарыңыздар, өйткені тексергіштеріңіз сиқырламаса, мынау бетпақ цифрларыңыз біріңізге сым бойымен жүгіріп, біріңізге сумен ағып келіп жүр ме? Басқаларды білмеймін, мен анау тексергіштеріңізді – үйіме кіргізбейтінімді ескертемін.
3. Сіздерде, естуімше, болжаушылар бөлімі (отдел прогноза) деген бар екен де, мынау қаңғыбас цифрлардың қайсыбірін солар беріп отырады екен. Оларыңыз кімдер? Жылы жерде отырып, көзін жұмып бал ашып, пәтер иелерінің жүйкесіне ши жүгіртетін долбаршылар ма? Оларға айлықақыны сол қитұрқылықтары үшін төлейсіздер ме?
Бұл сұрақтар біз мекендеп отырған «Самал» атты ықшам төрт ауданның ғана емес, бүкіл Алматы тұрғындарының көкейінде екені, аудандық, қалалық әкімдіктерге, тіпті тиісті министрлікке де жетіп жатқаны сөзсіз. Алайда естіп елең еткен: «Коммуналдық қызмет орындарымызға не болған?! Бардак қой?!» деген ешкім жоқ.
Айтпақшы, біз өткен айда тағы да бір «жаңалыққа кенелдік». Көпқабатты үйлердің подвалдарына сол үйге жұмсалатын жылуды есептейтін ортақ құрал-жабдық орнатылатын болып, оның бағасы және орнату ақысы үшін айына 1500 теңге төлей бастадық. Орнатушылар артық-кемін кейін есептемек. Жекеменшік пәтерлер комитетінің бір басшысына: «Пәтерақыны уақытында төлемейтіндер бар шығар, жә, олардан пәтеріндегі жеке көрсеткіш құралдарының есебі негізінде қарызын әйтеуір өндіріп аласыздар, ал енді жылу есептегіш аспаптарыңыз ортақ болса, төлем талабын бұзатындарға қалайша, қандай шара қолданатын боласыздар?» деп едім, ол: «Онда ма, онда олардың қарыздарын басқа пәтерлерге таратып бөліп жаза тұратын шығармыз, басқа не істей аласың оларға?» деп «терең фәлсәфәлік» жауап қайырды. Уа деген!..
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
АЛМАТЫ
Мейрамханадағы мәймөңке
Араб тағамдары мейрамханасына кірген ерлі-зайыптылар ас мәзірін қарап отырса керек. Бір кезде әйелі:
– Мәссаған, мынаған қара! Бұларда тіпті түйе етінен жасалған сорпа да бар екен! – деп таң қалады.
Сөйтсе күйеуі:
– Қуануға асықпай-ақ қой, бұлар түймедейді түйедей етіп көрсетуге құмар, – деген екен.
* * *
– Даяшы, мен мына бір тағамды екі сағаттай болды, кесе алмай әбігерге түстім!?
– Қам жемеңіз, біз таңға дейін жабылмаймыз...
* * *
– Даяшы, мына балықты қайта қуырып әкеліңізші!
– Не, піспей қалып па?
– Піскен-піспегенін білмеймін, әйтеуір тарелкедегі салатты жапырып жеп жатыр ғой!
Мүйісті жүргізген Берік Садыр