ЭКСПО-2017 • 08 Қыркүйек, 2017

Поляктар ән көрігін қыздырды

827 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ЭКСПО халықаралық көрмесі ала­­ңында Польша Респуб­ли­ка­сы­ның ұлттық күні аталып өтті. 

Поляктар ән көрігін қыздырды

Поляктар ұлттық күніне үлкен дай­ындықпен келіпті. Жұртшылыққа Польшаның қызыл-ақ түсті туы бейнеленген әртүрлі кәдесыйлар таратылып, лотореялар ойнатылды. Келушілерге Польшаның салт-дәстүрі мен тарихынан сыр шертетін сұрақтар қойылып, оған дұрыс жауап берген жеңімпаздарға сыйлықтар берілді.

Ал Польша Республикасының кон­церттік бағдарламасының өзі жоға­ры деңгейде өтті. Қазақтарға қашан­да құр­меті ерекше поляктар қазақ ән­де­рін де шырқата салды. Осы елдің әй­гілі ән­ші қызы Малгожате Шарэк қазақ­стан­дық­тарға тарту ретінде кезінде «Дос Мұ­қа­сан» ансамблінің әуелете салуымен әй­гілі болған атақты «Сұлу қыз» әнін алып келіпті. Әншінің айтуынша, бұл әнді Польшаға барған қазақтар әкелген. Оның танымал болғаны соншалық, қазір бірде-бір Польша тойы осы әнсіз өтпейді екен. Әуезі бөлек әнді поляктар «Шла джевэчка» деп, өз тілдеріне аударып та айтып жүр. ЭКСПО сахнасында «Сұлу қыздың» қазақ және полякша нұсқасы қатар шырқалып, жұртшылықтың ықы­ла­сына бөленді. 

Ұлттық күн барысында поляктардың көркемөнерпаздар ұжымы, фольклорлық ансамблі және этомәдени бірлестіктердің өнерпаздары да ән, билерімен шашу шашты. Сондай-ақ, әйгілі «Urban Band» то­бы мен Себастьян Карпиель-Бу­лецки квар­теті де көрермендерге әдемі әуен­де­рін ұсынды.

 

Латвия жаңа технологияларын таныстырды

Кеше Латвия павильонында ақпараттық технологиялар форумы өтті. Онда Латвия, Қазақстан, Швецияның компаниялары ақпараттық технология саласында өзара ынтымақтастықты дамыту жөнінде үшжақты меморандумға қол қойылмақ. Жиынға Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Қайрат Балықбаев және Латвияның Қоршаған ортаны қорғау және өңірлік даму министрі Каспарс Герхардс қатысып, сөз сөйледі.
Вице-министр Қайрат Балықбаев еліміздегі ақпараттық технологиялар са­ласының аяқ алысы туралы айта ке­ліп, Үкімет халыққа көрсетілетін мем­ле­кеттік қызметтерді электронды нұс­қа­ға көшіруге ерекше мән беріп отыр­ға­нын жеткізді. «Қазақстанда электрон­ды үкімет бұрыннан дамып келеді. Біз «Аза­маттарға арналған үкімет» ат­ты бір­ың­ғай мемлекеттік корпорация­ны құр­дық. Енді ЭКСПО көрмесі аяқ­тал­ған­нан кейін 13 қыркүйекте цифрлан­ды­­ру бағдарламасының тұсауын кес­пек­шіміз», деді ол.

Вице-министр «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының төрт бағытын атап көрсетті. Оның біріншісінде креативті қоғамды дамытып, ІТ мамандарға ба-
с­ым­дық берілмек. Екіншісі – экономи­ка са­лаларын цифрландыру болса, үшін­шісі – мемлекеттік қызметтердің электронды саладағы белсенділігін арттыру. «Біз 2020 жылға қарай электронды мемлекеттік қызметтерді 80 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Әрине, бәрін жаппай электронды нұсқаға көшіруге болады. Бірақ тұрғындардың ішінде құжаттарын қағаз түрінде сақтағанды жөн көретін азаматтар да бар, сондықтан олардың құқын да ескеруіміз керек», дейді Қ.Балықбаев. 

Ал мемлекеттік бағдарламаның төр­тіншісі – ақпараттық комму­никациялық тех­­нологиялар инфрақұрылымын қам­ти­т­ын «Цифрлы Жібек жолы» бағыты. Осы ба­ғыт бойынша ауыл тұрғындарын кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Ал Латвияның Қоршаған ортаны қор­ғау және өңірлік даму министрі Каспарс Герхардс болса, Қазақстан Лат­вияның Орталық Азиядағы ма­ңыз­ды серіктесі екенін айта келе, екі елдің жарасымды байланысы терең­дей түсуіне тілектестік білдірді. ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық көрмесінің аяқ­талар аптасын­да мұндай форумның ұйым­дас­ты­рылуы аса маңызды екенін айтқан министр бұл технологиялар мемлекеттің дамуына жаңа серпін беретінін жеткізді. Оның айтуынша, ақпараттық технология қарыштап дамыған бүгінгі заманда IT cаласын ілгерілетудің маңызы зор. Цифрлы технологияларды жұмыс пен күнделікті тұрмыста пайдалана алатын азаматтар цифрлы экономиканың алғышартын қалыптастырады. Әрі цифрлы техно­ло­гия­ның дамуы мемлекеттердің бәсекеге қа­­білетті болуына ықпал етіп, тиімді жұ­мыс істеуіне мүмкіндік береді.

Ерікті болудың өзі – ерлік

ЭКСПО көрмесіне еріктілердің де қосқан үлесі көп. Алыс-жақыннан келген қонақтарға жол көрсетіп, жөн сілтеген жастардың барлығы кемі үш тілде сөйлейді. Таңнан кешке дейін қолды-аяққа тұрмай тікесінен тік ақысыз қызмет еткен олардың еңбегі шынымен де ерлікпен пара-пар. Көрмеде жұмыс істеген 1500 еріктінің ішінде өзіміздің қаракөздер де, шетелдік жастар да жетерлік. Солардың бірі – Айдын Ғалымбекұлы мен франциялық Сараз Рахмачадран.

Біз екі балаң жігітті ЭКСПО көр­ме­сінің алаңында кездестірдік. Екеуі де жөн сұраған адамдарға бағыт-бағ­дар сілтеп, өтініш айтқандарға тілмаш болып, жүгіріп жүр. Бізге де қолғабыс етіп, француздармен арада тәржіма жасап берді. 
Сараз Франциядан келіпті. Өзі ту­ған тілінен басқа, ағылшынша, тү­рік­ше еркін сөйлейді. Енді Қазақ­станға келіп қазақша тіл сындырып жүр екен. «Мен Қазақстанмен екі жыл­дан бері таныспын. Алдында ЭКСПО көрмесі өтеді дегеннен дайындалдым. Ғаламтор арқылы өзіме қажет болады-ау деген қазақ сөздерін жат­тап алдым. Франция көрмеге келер алдында тіл білетін жастарды жи­нап, конкурс өткізді. Бірнеше тіл бі­летіндігімнің арқасында мен бай­қау­дан сүрінбей өттім. Осында кел­гелі өзім сұранып, ерікті болдым. Жұмысым сондай ұнайды. Қазақ достар таптым, солардың арқа­сын­да қазақша да әжептәуір үйреніп қал­дым. Енді мен өзімді төрт тіл білемін деп се­німді айта аламын», дейді Сараз.
Сараз Астананы байлар тұра­тын қала деп есептейді екен. «Шы­ным­­ды айтайын, мұнда келгелі жүріп-тұруыма көп шығындалуға тура келді. Сіздерде азық-түлік, жол ақысы удай қымбат екен. Мысалы, Францияда қоғамдық көлік ақысы тең­гемен есептегенде – 20 теңге. Ал мұн­да өте қымбат екен. Соған қара­ған­да Астанада тек ауқатты адамдар тұратын сияқты», дейді француз жі­гіті аңғалдықпен.
Ал Айдын – Астанадағы №4 мек­теп-гимназиясының 11-сынып оқу­шы­сы. «Мен қосымша Хэйлибери мек­тебінде ағылшын тілін үйреніп жүр­мін. ЭКСПО көрмесіне ерікті бо­луымның басты себебі де сол, ағыл­шын тілін жетілдіре түсу. Әрине, ерік­ті болу оңай емес. Бірақ бар жағ­дай­ымыз жасалды. Үш мезгіл тамақ, қо­ғамдық көлікке ай сайын тегін би­лет беріп тұрды. Бізге одан басқа не керек? Әр елден дос табудың өзі жақсы емес пе?!», дейді Айдын.

ЭКСПО көрмесіне ерікті болған үш айдың ішінде Айдынның басынан небір қызықтар өтіпті. Баламысың деген, шілденің шіліңгірінде күні бойы далада жүретініне қарамастан өзі ораза да ұстапты. Дәл сондай ыстық күндердің бірінде Кениядан кел­ген қонақтар Айдынның елге­зек­тігіне риза болып, қаланы арала­ту­ды өтінсе керек. Бұл бас тарта ал­маған. «Кениялықтармен еріп алып, кешке дейін қаланы араладым. Олар не такси ұстамайды, не автобусқа отырмайды екен. Қаланы күні бойы жаяу араладық. ЭКСПО көр­месінен «Бәйтерекке» барып, одан әрі қалалық әкімдіктің жанындағы Тұңғыш Президенттің музейіне дейін жаяу жүрдік», дейді сол кезді еске алған Айдын. Шетелдіктердің несі кетеді, әр жарты сағат сайын дастарқанды жайып жіберіп, жақ­сы­лап тамақтанып алады екен. Ал Айдын ораза ұстағандықтан нәр тат­паған. «Олар менің тамақ жемей отырғанымды басқаша түсінді. Қан­ша түсіндірсем де қабылдай алма­ды. «Әке-шешең неге сені сонша та­мақ жегізбей жазалады, а?» деп басын шайқаумен болды», деп күледі Айдын.

Айдын биыл мектеп бітірген соң шет­елге оқуға баруды жоспарлап отыр. Енді ол тілден қиындық көр­мей­тінін айтады.

Топтаманы әзірлеген Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

суреттерді түсірген

Орынбай Балмұрат,

Ерлан Омар

 «Егемен Қазақстан»