Аймақтар • 08 Қыркүйек, 2017

Ұстаздарға үй беріледі

2227 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Болашақтың негізі мектептен басталады. Елдің ертеңі нұрлы болуы үшін жастарды мектеппен, керек-жарақпен қамтудан бөлек, ұстаздардың жағдайын жасау керек.

 

Ұстаздарға үй беріледі

Биылғы оқу жылында облыс-та жиырма мектеп пайдалануға беріледі. Осының 15-і «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынса, қалғаны жергілікті бюджеттің есебінен тұрғызылған. Қазірдің өзінде өткен жылғы 1021 мектеп­тің саны 1027-ге жетті. Осы мектептерде 640 мыңға жуық оқу­шы білім алып жатса, оның 73 мыңы мектеп табалдырығын жаңа­дан аттаған бүлдіршіндер. Ал мектептегі шәкірттерге 69 мың­нан астам мұғалім дәріс бе­реді.
Жаңа оқу жылында мұғалім­дерді құттықтаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Бі­лім беру ісі – тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге ­бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін ғаламат құндылық. Ал осы бір ұлы құндылықты бойға сіңіретін тұлға – мұғалім. Яғни сіздерсіздер, құрметті ұстаздар! Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында білім мен ғылымды жетілдіруге, жас ұрпақ тәрбиесі мәселелеріне баса көңіл бөлгені баршаңызға белгілі. Сондықтан да сіздерге жүктелер міндеттің салмағы да басым», деген болатын.
Ұстаздармен емен-жарқын кездесуде облыс әкіміне тұрғын үйге байланысты түйткілдер ай­тыл­ған.

Өз пәтері жоқ, баспананың ма­­­­шақатын бастан өткеріп жүр­ген мұғалім білім беруге қан­ша­лықты ынталы болады. Ұстаз­дық парыз дегенімізбен жағдайы ке­ліспей, іші оттай жанып жүрген жаннан өз ісі­не толық берілуді сұрау айтқанға ғана оңай. Бас­қа-басқа, кезінде еліміздің бас мұ­ғалімі болған Жансейіт Қан­сейітұлы бұл мәселені жақсы бі­ле­ді. Сондықтан да жуырда өт­­­кен селекторлық кеңесте аудан, қала әкімдерінің алдына бас­­қа мәселелермен қатар мұға­лім­дерге арнап үй салуды тапсырды. Барлық аудан, қалаларда са­лынатын типтік үлгідегі тұр­ғын үйлерге мұғалімдер алдың­ғы қа­тар­да ие бола алады.

Жеке тұрғын үй секторы қо­лай­лы болғанымен, ол негізі­нен ауылдарға тән болса керек. Мәселен, етек-жеңі мол жа­йы­л­ған Түркістан қаласы үлкен ауыл­ға ұқсап барады. 

Бұл жағынан облыстың басқа өңірлері де мақтана алмайды.

Күні кеше Түркістанда «Өңір­лерді дамыту» бағдарлама­сымен 5 қабатты 8 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл күні баспана кезегінде тұрған және әлеуметтік жағынан аз қорғалған 480 отбасы баспаналы болған. «Отырар» деп атау берілген ша­ғын аудандағы қоныс тойға қатыс­қан облыс басшысы:

– Елбасының тапсырмасы­мен бүгінде еліміздің әрбір айма­ғында түрлі бағдарламалар аясында тұрғын үйлер салынып жатыр. Бүгін, міне, Мемле­кет басшысының көреген саясаты­ның нәтижесін көріп, оның куәсі болып отырсыздар. Көп жылдар бойы кезек күткен отбасылар бүгін бір-бір шаңыраққа ие болды. Бір күнде 480 пәтердің берілуі бір Түркістан емес, облысымыз үшін үлкен оқиға деп айтуға болады. Енді мұнда жаңадан 480 отбасы, яғни үш мыңдай азамат өмір сүретін болады. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын, әрбір шаңыраққа бірлік пен береке тілеймін, – деді.

Өткен жылы осы шағын аудан­да 120 пәтерлі 2 үй және ҚИК есебінен 144 пәтер пай­да­лануға берілген болатын. Ал 480 пәтерлі көп қабатты сегіз үй «Өңірлерді дамыту» бағ­дарламасы аясында облыс бюджетінен бөлінген 3 млрд 109 млн теңге қаржыға салынған. Мұнда қоныстанған отбасылардың балалары үшін қазіргі күнде балабақша, мек­теп мәселесін шешу қарасты­рылып отыр. Ол үшін жергілікті билік мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында 280 орын­дық балабақша құрылысын бас­та­мақ. Ал келер жылы осында 900 орындық жаңа мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілетін болады. Бұл құры­лыс­тардан басқа жаңа ауданда 200 орындық балаларға ар­налған психологиялық-түзету орталығы салынуда.

Сонымен бірге, қаладағы 5­ мың­­­ға жуық азаматтың тұр­ғын үйге деген сұранысын қа­на­­ғат­тандыру мақсатында «Оты­­­­рар» шағын ауданынан Қа­­зақ­­стан ипотекалық компа­ния­­сы арқылы тағы да 6 үйдің құрылысы жүргізілмек. Келер жы­лы жоспарланған 20 көп қа­бат­ты тұрғын үй салынса, одан бөлек 150 коттедж тұр­ғы­­зылады. Сонымен қатар, Түр­кіс­тан қала­сының әкімшілік-іскер­лік орта­лығы да осы шағын ауданда бой көтереді.

Бүгінде тұрғындар үшін ком­муналдық төлемдер қымбат­қа түсіп тұрғаны белгілі. Мемле­кет басшысы шетелдік инвесторларды елге келтіру үшін электр жарығы, жылу және су баға­ларын көтеру қажеттігін айтқан болатын. Ондай жағдайда Ресейдің коммуналдық қызмет бағасы елімізбен салыстырғанда төрт есе қымбат болғанымен, «арық атқа қамшы ауыр» деген­нің кері келеді.

Биылғы тамыз айының басында облыс әкімінің қол­дауы­мен бір топ журналист Түр­кияда іссапарда болып кел­ген. Сырт көз – сыншы. Бай­қағанымыз, Түр­кияның көп қабат­ты үйлерінің дені баламалы қуат көздерін жақ­сы пайдаланады екен. Биік үй шатырына орнатылған су бөшкелері күн қуатымен жылытылады. Жылу мәселесін де тиімді шешкен.

Облыс басшысы алдыңғы ке­зекте Шымкенттегі көп қа­бат­­ты үйлерге су жылыту қондыр­ғы­ларын орнатуды тапсырып отыр. Бұл «жасыл» экономика, бала­малы қуат өндірудің ал­ғашқ­ы баспалдағы. Тапсырма өз дең­гейінде орындалған жағ­дай­да коммуналдық төлемдер елдің қалтасын оншалықты қақ­пай­тын болады.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы