19 Қазан, 2011

Басты бақытымыз – тәуелсіздігіміз

167 рет көрсетілді
«Арманда кеткен арыстардың асыл мұратына біз мыңжылдықтар тоғысында қол жеткіздік. Алаштың айбыны асып, күн сөн­генше азат болды», деп бастады Қазақстан Рес­публикасының Тәуелсіздік күніне ар­нал­ған салтанатты жиналысты Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев. Сол асыл мұратқа жеткелі бергі 20 жылда жүріп өткен жолымыз тарих бедерінде болмашы уақыт саналады. Қазақ елінің ең басты бақыты – осы ба­тыр­лардың білегімен, аналардың жүрегімен, жастардың жігерімен келген тәуелсіздігі. Азат­тықты ата-бабаларымыз қаншама ға­сыр­лардан бері армандап келді. Құдайға мың да бір шүкір дейік, тәуелсіздігіміз бізге ешқандай да қан төгілместен бұйырды. Кеңес Одағы құрамынан шығып, өз бетімізше шаңырақ көтеріп, қазір сол еліміздің керегесін берік етіп жатқан жайымыз бар. Кез келген мемлекеттің қауіпсіздігі мен орнықты дамуының ең маңызды факторы – аумақтық тұтастығы мен шекарасының беріктігі. Мұның қаншалықты маңызды екендігін өзінің сан ғасырлық тарихында ше­ка­расын тұңғыш рет шегендеп алған қазақ халқы өте жақсы біледі. Осылайша бүкіл Батыс Еуропаның аумағына тең ұлан-байтақ жерді алып жатқан Қазақстан қауіпсіздік мәселесін әскердің, қарудың күшімен емес, бейбіт жолмен келісім арқылы шешіп келеді. Тәуелсіз ел болғалы жеткен табыстары­мыз ауыз толтырып айтарлықтай Қазақ­стан­ды президенттік республика деп жариялаған 1995 жылғы Конституция мен «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конс­ти­туциялық заң Парламенттің заң шығару функ­циясын жүзеге асыратын республи­ка­ның жоғары өкілді органы болып табыла­тынын бекітіп берді. Сөйтіп, біздің елімізде тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн, екi палатадан тұратын (Сенат және Мәжiлiс) Парламент өмірге келді. Бірнеше партия додаға түскен соңғы сайлау «Нұр Отан» халықтық-демократиялық пар­тиясының айқын жеңісімен аяқталды. Басқа партиялардың бірде-біреуі 7 пайыз­дық кедергіні еңсере алмады. Нәтижесінде нұротандықтар Парламент Мәжілісіндегі барлық 98 орынды иеленді. Жаңадан сай­лан­ған Мәжіліс саяси жүйенің құрамдас бө­лігі ретінде өзі де жаңаруға түсіп, бүкіл қыз­метін, әсіресе, негізгі функциясы – заң шы­ғару ісін қоғамдық қатынастардың қазіргі заманғы күрделі, өскелең талаптарымен үйлестіре білді. Бүгінде Елбасының әлеуметтік-эко­но­микалық даму бағытындағы көптеген баста­ма­лары жоғары заң шығарушы өкілетті орган тарапынан қолдау тауып, заңнамалық қамтамасыз етіліп барып үлкен өмірге жолдама алып жатыр. Нәтижесі де орасан. «Нұр Отан» ХДП мен оның Мәжілістегі фрак­ция­сының және Үкіметтің өзара ынтымақ­тас­тықта әрекет етуі арқасында Президент Жол­дауы мен партияның Халықтық тұғыр­на­масындағы міндеттер абыроймен атқары­лып келеді. 2007 жылдан бастап Қазақ­стан­ның ішкі жалпы өнімінің оң қарқынмен өсуі осы сөзімнің айғағы болса керек. 2009 жылғы әлемдік қаржы дағдарысына қарамай, еліміз былтыр ішкі жалпы өнімін 148 миллиард АҚШ долларына жеткізді. Екінші деңгейдегі банктердегі халықтың са­лымдары 2011 жылы 2,5 триллион тең­геден асып, 2007 жылмен салыстырғанда 1,5 триллион теңгеге ұлғайды. Жұмыс­сыздық дең­гейі 5,2-5,4 пайыз деңгейіне дейін төмен­де­ді. Қазір «халықтық IPO» жү­зеге асыру­да­мыз. Бұл да халықтың нарық жағдайына бейімделіп еңбек етіп жатқанын көрсетеді. Бұл толағай табыстарымыз жаңа көкжиек­тер­ді бағындыратынымызға нық сендіреді. Президенттік сайлауда сайлаушылардың Нұрсұлтан Әбішұлына жаппай дауыс беріп, сенім білдіргені халықтың Елбасының айна­ла­сына топтасқанын көрсетті. Н.Назар­баев­тың сайлаудағы үстем жеңісі Қазақстан хал­қының бүгіні мен ертеңін іс басындағы Мемлекет басшысымен байланыстыраты­нын айқын дәлелдеп берді. Биылғы Конституция күніне және ел Тәу­елсіздігінің 20 жылдығына орай еліміз­дің бас қаласындағы «Қазақ елі» монументі алдында ел Президенті – Қазақстан Респуб­ли­касы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаты­суы­мен әскери шеру өткізуіміз Ата Заңы­мыздың қадірі артып, елімізде зайырлы да құқықтық қоғам орнағандығын паш етті. Елбасының сарабдал саясатының арқа­сын­да бүгінгі таңда елімізді, халқымызды бүкіл дүние жүзі біледі. Қазақстанның Шы­ғыстан жарқыраған жұлдыздай шоқтығы биік болуының сыры жақсы жағынан таныл­ғандығында десем қателеспеймін. Мемлекетіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен ядро­лық қарудан әлемде бірінші болып бас тарт­ты. Ядролық қару ешқандай елге, халыққа жақсылық әкелмейтіндігі бесенеден белгілі. Оны ұстап тұру үшін де қаншама қаржы қа­жет десеңізші. Бұл жөнінде Президент Н.На­зарбаев АҚШ-тағы келіссөздер жайында «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында нақ­ты былай деп көрсеткен: «Құрама Штаттар 1992 жылы ядролық қарусыз мемлекет атанумен шектелу туралы қайта сөз көтерді. Мен тағы пікірімнен тапжылмадым: әуелі ұлы мемлекеттер біздің қауіпсіздігімізге кепілдік берсін, сосын біз өз аумағымыздағы барлық ядролық қарулардан бас тартамыз». Осының өзі сол кездегі келіссөздердің бола­шақ қауіпсіздігіміздің іргетасын қалағанын көрсетіп тұрған жоқ па. Біздің елдің ядро­лық қарудан алғашқы болып бас тартқаны бүгінде әлемге үлгі болып отыр. Біздің қа­сиетті жерімізді ондаған жылдар бойы ой­рандаған Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа Қазақстан Республи­ка­сы­ның Президенті қол қойғалы биыл тура 20 жыл толды. Жер бетіндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы­нан кейінгі үлкен құрылым – 56 елдің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының үшінші мыңжыл­дық­тағы, ХХІ ғасырдағы Саммиті Қазақстанның төрағалығымен Астанада өтті. Астана Дек­ла­рациясы тарихқа алтын әріптермен жа­зыл­ды. Бұл да осы жиырма жылдықта жеткен әлемдік басты жеңістеріміздің бірі. Экономикалық саладағы жетістіктеріміз қаншама. Егер 2011 жылдың көрсеткішін алар болса, осы жылдағы ішкі жалпы өнімді әрбір қазақстандықтың басына шаққанда 11 мың АҚШ долларынан келеді екен. Біздің есебіміз бойынша, бұл көрсеткіш 2013-2014 жылдары 14,5 мыңға жетуі тиіс. Әрине, мұ­ның барлығы да аянбай еңбек етудің нә­ти­жесі. Мемлекет басшысының тапсырмасын барлық деңгейдегі әкімдер уақтылы орын­дап, Парламент соған лайықты, халық ың­ғайы­на дұрыс келетін заң шығарудың ар­қа­сында осындай жетістіктерге жетіп отыр­мыз. Еліміз осылайша ерте есейіп, экономи­ка­сы өркендеген мемлекеттер қатарына қосылды. Біз бұдан да ары қарай дами береміз. Себебі, Елбасының бастамасымен қабылдан­ған 2030 жылға дейінгі стратегиялық бағ­дар­ламада осының барлығы да көрініс тап­қан. Одан бері қарай келетін болсақ, қазір 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспар жүзеге асырылуда. Осы бағдарламалардың бәрінің мақсаты – Қазақстан мемлекетін өркендеген елдердің қатарына қосу, қа­зақ­стандықтардың көңіліне сенім ұялату. Әлем­ді жайлаған дағдарысқа қарамастан, кейінгі үш жылда бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын, зейнетақы мен жәрдемақыны өсіріп, әлеуметтік көмекке баса назар ауда­рып келеміз. Экономикалық саясат эконо­ми­каның шикізаттық емес секторын дамытуды ынталандыруға, ең алдымен, экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының иннова­циялық қызметіне, қолайлы инвестициялық ахуал құруға, жеке инвестицияларды ынта­лан­дыруға бағытталатын болса, мемлекеттік органдардың лицензиялық-рұқсат беру жүйе­сін және бақылау-қадағалау қызметін жетілдіру арқылы бизнес-ахуалды жақсарту бойынша жұмыстар жалғаспақ. Бюджет тап­шылығын болжамды ІЖӨ-ге қатысты 2012 жылғы 2,6 пайыздан 2014 жылы 1,3 пайызға дейін немесе 758,5 млрд. теңгеден 460,2 млрд. теңгеге дейінгі қысқарту жоспар­ланған. Мемлекеттік саясат шағын және орта биз­несті қолдауға бағытталып отыр. Ел эко­номикасының басым бөлігін орта бизнес өкілдерінің иеленуіне де оңтайлы жағдай жасалып жатыр. Елбасы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында осы салаға айрықша назар аударды. Индус­трия­лық-инновациялық жобалардың қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында да іске асуы шағын және орта бизнестің өсіп-өр­кен­деуіне арналған бастама екені айдан анық. Осы орайда мұндай игі шаралар ел эконо­ми­касында бәсекеге қабілетті өнімдердің саны мен сапасын арттыруға жол ашып отыр. Қазақстанның гауһары – Астана қаласын салуымыздың өзі үлкен тарихи оқиға. 1994 жылдың 6 шілдесінде Елбасының Астананы көшіру туралы баяндамасын қызу талқылай келіп, ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсынысымен келіскен депутаттар өздерінің бұл шешімдеріне «туған күнге жәй сыйлық» деп те қараған болар. Сол кездерде мемлекеттік қызметте жүрген­дердің біразы ел астанасы ауыстырылған кезде бұл жаққа келуге күмәнданып, Алма­ты­да қалып қойды. Бірақ бүгінгі таңда ас­т­а­наның Ақмола жеріне көшірілуі дұрыс екендігіне барлығымыздың көзіміз жетті. Са­рыарқа төсінен әдемі де зәулім ғимараттары бой көтерген елорданың көркіне қазір әлем тамсанатын болды. Былайша айтқанда, та­рих­тың жаңа беті ашылды. Халықаралық өлшемдерге сай келетін қала қазір еліміздің айбыны да мақтанышы. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қазақстан халқының денсаулығына мейлінше көп көңіл бөліп отырғандығы белгілі. Барлық мәселенің түйіні – «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып, соның нәтижесі оң өзгерістер әкелуде. Бұған нақты мысал келтірер болсақ, биыл еліміз бойынша бала туу көрсеткіші 25 пайызға өсіп, өлім 11 пайызға азайған. Ал өмір сүру көрсеткіші 2 жылға артқан. Қазіргі таңда елімізде әлемнің озық тех­но­логиялары игеріліп, заманауи құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етілген көптеген жаңа кәсіпорындар ашылуда. Ендігі мәселе жеткен жетістіктерді еселей түсу. Егер халықтың бірлігі бекем болып, Елбасымызға үлкен қолдау көрсетіп, «Президент біреу, халқы тіреу» деген қағида ұстансақ, онда Қазақстанның шоқтығы биік елу мемлекет­тің ортасында тұратын күннің де жақындай түсетіні анық. Сауырбай Есжанов, Парламент Мәжілісінің депутаты.
Соңғы жаңалықтар

Ақпараттық хабарлама

Егемен Қазақстан • Кеше

Доллар тағы да арзандады

Экономика • Кеше

Ұқсас жаңалықтар