Экономика • 08 Қыркүйек, 2017

Керемет қос кеніш

597 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы берген бағасын
«Еліміздегі кен өндіру өнеркәсібінің болашағы – осындай алыптар».

«Анненск» кеніші пайдалануға бе­ріл­­геннен кейін алғашқы құрметті қо­нағы болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шахта шыңырауына түсіп, тех­нологиясымен танысқан соң осылай ри­зашылығын білдіріпті. Мемлекет бас­шы­сынан осы өңірде осындай жоғары баға алған басқа кәсіпорын есте жоқ.

Өткеніне үңілсек, оның «толғағы» оңай болмады. Кеңестік кезеңде бас­тал­ған құрылысы жиырма жылдай «жыр­ға» айналып, ақыры қоғамдағы то­қы­рауға келіп килікті: Одақ ыдырады, эко­номикалық байланыс босаңсыды, қар­жыландырудың қиюы қашты...

Қуаты кеткен комбинат оны қа­тар­­ға қо­судан күдерін үзген кезде Ел­басының екшеуімен келген шетелдік ин­вестор ша­руаның бетін бері қаратты. Тоқ­саныншы жылдың соңына қарай тұсауы кесілді. Басында шылбырын «Шығыс» ұстаған ол тиісті техника мен адам күші бөлінген соң жеке шаңырақ көтерді. 

Онда небір танымал шетелдік фир­ма­ның жетілдірілген техникасы қол­да­нылады. «Параматик» бұрғы бойла­та­ды. Қуатты «Катер» кен тиесе, төзімді «ТОРО» тасымалдайды. Проходкаға алым­ды «Аксера» мен қарымды «Ми­ни­­матик» қойылған. Забой төбесін «Робольт» бекітеді.

«Анненск» аймақтағы терең шахта. Шыңырау түбі – шамамен жеті жүз метр. Кен қатпары күрделі. Әдет­те, Жезқазған аймағында көлбей құла­ған кен қабаты онша ойыс емес, ал «Анненск» айрықша. Оған қалыптасқан тех­ноло­гия­ны қолдану қолайсыз әрі ти­ім-
сіз. Сондықтан кен қатпарының орнала­суы­на орай оны өндірудің арнайы жүйесі жасалған.

Сыртқы сипаты соны кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі шахта құрылысының та­рихында тұңғыш рет оқпанды ұңғы­лау мен коперды монтаждау қатар жүр­гі­­зілді. Ал, скиптің жұмысы таразы тә­­різдес қозғалысқа негізделген: бір ба­­сына кен тиелсе, келесі басында түс­і-
­рі­л­іп жатады. 

Скип оқпанының өнімділік қуаты са­ғатына 750 тонна кен көтеруге жетеді. Бастапқыда ол жылына 2 миллион тонна кен өндірсе, жобалық қуатына санаулы жылда жедел жетті. 2000 жылдың өзінде өндірістік тапсырманы негізгі көр­сеткіштен мерзімінен бұрын орындап, жаңа ғасырдың табалдырығын бес мил­лион тонналық межемен аттады.

Ал кенші қауым «Анненск» шахта­сын «Арқаның алқасы» деп әс­пет­тейді. Шындығында, сәулеттік си­патына қара­сақ, оның тұрпаты осы өңірдегі көз үй­рен­ген басқа шах­та­ға таза ұқсамайды. Тіпті талай ел­дің топырағына табаны ти­ген талай тарланның өзі «мұндай жобаны кез­дестіру қиын» дегенді айтады.

Әкімшілік-тұрмыстық корпусын сырткөз өнер отауының ғимараты деп ой­лап қалуы әбден мүмкін. Оған өзін­дік үйлесіммен қабысқан қос ка­пер­ді қос. Қысқасы, көрген көзді қы­зық­ты­ра­тын көрініс. Мәскеулік архитекторлар тобының қиялынан туған бұл жоба Франциядағы әлемдік байқауда екінші орын­ды иеленді, ал Канадада бұй­ыр­ғаны – алтын медаль.

Елбасы елеген, дүйім ел демеген «Анненск» шаруаның шырайын шы­ға­рып, екпінді вахтаның әр сәтін то­ла­ғай табысқа айналдыруда. Бұл – ұй­ым­шылдығы жарасқан ұжымның әр мү­шесінің моншақтата төккен маңдай тері мен бірегей біліктілігінің өтеуі. 

Жапандағы «Жаман Айбат» 
Түн түндігі түрілмей кеншілер қала­сынан көтерілдік.

 Жол шеті – «Жаман Айбат». 

Жезқазғаннан Қызылордаға құлай­тын тас жолдың тұсынан тура қырық ша­қырым қашықтықтағы «Мибұлақ» ау­лына жол талғамайтын жүрдек авто­кө­лікпен «әупірімдеп» әрең жеттік. Ауыл­дан «...Айбатқа» дейінгі көтерме жол да жетісіп тұрған жоқ. 
Алайда, айтпағымыз жол жөнінде емес. 

Екі жүз шақырымдай жолды артқа тас­тағанда, қарсы алдыңнан «алып» әріп­пен жазылған «Жаман Айбат» деген жазу шығады. Сәл ілгері жүрген соң ту­ра сондай «Жомарт кеніші» дегенді ке­зіктіресің. Кеніштің қадасы қағылған кез­ден бері білетін адамға бұл екеуі де көз­ге ыстық көрінеді. 
Себебі, «Жаман Айбат» – қуатты кә­сіпорынның өткені, ал «Жомарт ке­ніші» – бүгіні мен болашағы. «Жомарт» – «Қазақмыс» өз күшімен, өз қара­жа­ты­мен  қысқа мерзімде қатарға қос­қ­ан кеніш. Бастапқы кезде келген қара­ған­дылық шахта құрылысшылары ша­руа­ның шырайын шығара алмай, ақыры ке­рі қайтқаны есте. 

Компанияны дамытудың стра­те­гиялық бағдарламасы бойынша салын­ған бұл кеніш жылына 4 миллион тонна­дай кен береді. Мамандардың есебіне қа­рағанда, «Жомарттың» тек бірінші кезегінің өзі 27 жылға жобаланған. Ендеше оның биік белесі әлі алда.

Қазір де кенде қалмағаны көзге кө­рініп тұр. Монолитті бетоннан құ­й­ы­­лып, сырты қапталған скип-клет оқ­паны жапан далада оқшау бой түзе­ген, аспанға асқақтайды. Төңірегіне ке­ніштің күнделікті қызметіне қажетті түр­лі құрылым топтасқан. Жезқазғаннан тар­тылған темір жол табаны да осы оқ­панға келіп тіреледі. 

Тіпті әкімшілік-тұрмыстық кешені де онымен жабық дәліз арқылы жал­ғас­қан. Бізді бір топ маман күтіп тұр екен, жаңағы жабық дәліз арқылы бірден клетке қарай өтіп, шахта шыңырауына жол тарттық. «Табан тиген тұс жер бетінен 600 метр тереңдікте жатыр», деді жолбасшы болып жүрген жігіттің бірі. 

Қойнауына құпиясын бүккен, тәулік бойы кен өндіру толастамайтын «шахта шаһары» – геолог, құрылысшы мен про­ходкашы қолынан шыққан керемет. Олар ұзақ уақыт «қалғыған» жерді ұй­қы­сынан оятып, кеніштің келешек тағ­ды­рын кеншінің сенімді қолына тапсырды. 

Кенші «Жаман Айбаттың» екінші ты­нысын ашты. Оған басқа қуатты кені­шінен келуге тілек білдіруші көп болды. Кен өндірісін ұйымдастырудағы өзіндік тәсіл Қарағанды, Кентау, Түркістан, Қы­зылордадан қатынап істейтін «вах­товиктің» де көңілінен шықты. Жа­қын­дағы Жаңаарқа мен Ұлытау ауда­ны ауылының азаматына да жұмыс та­былды. 

...«Қырға» көтерілгесін кеншілердің әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайымен та­ныстық: жайлы жатақхана, жаттығу залы, бильярд бөлмесі, қала мейрамханасына жетеқабыл екі қабатты еңселі асхана. 

Қысқасы, бәрі көңілден шықты...

Әлібек ӘБДІРАШ,
журналист

Қарағанды облысы