Аймақтар • 08 Қыркүйек, 2017

Оралдағы оңды істер

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздегі елді мекендердің қала мәртебесін алуы үшін тұрғындарының саны 8 мыңнан асуы тиіс. 100-205 мың халқы бар қала – үлкен қала, 250-500 мыңнан асса – ірі қала, 500 мыңнан 1 миллионға жетсе – аса ірі қала атанады. Жақында өткен Орал қалалық мәслихатының 15-ші кезектен тыс сессиясында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев облыс орталығы тұрғындарының саны 2015 жылмен салыстырғанда 6 пайызға өсіп, 300128-ге жеткенін мәлімдеді.

 

Оралдағы оңды істер

Қалада халық саны ғана емес, өндіріс те өсуде. Өнер­кә­сіп өндірісінің көлемі биылғы ал­ғашқы жартыжылдықта 71,4 млрд теңге болды, бұл был­тыр­ғыға қарағанда 8,3 пайызға өс­кенін көрсетеді.

Қалада кәсіпкерлік саласы да артып келеді. Құрылыс та соңғы жылдары қар­қынды да­муда. «Нұрлы жер» бағ­дар­­ламасы аясында 9,3 млрд тең­ге бө­лініп, оның 7,7 млрд тең­гесі көп қа­батты 9 тұр­ғын үйдің құрылысына ба­ғыт­тал­ды. 4 көпқабатты тұрғын үй­­дің құрылысы аяқ­талып, пай­далануға бе­рілді. Жыл ая­ғы­на дейін тағы үш тұр­ғын үй­дің құ­ры­лысы аяқталып, пай­­далануға бер­і­ле­ді. Қала әкімі­нің айтуынша, тұрғын үй құ­ры­лысы жөнінен Батыс Қазақстан облы­сы еліміз бой­ын­ша алғашқы орыннан кө­рі­нуде.

Оралдың жолдары да би­ыл ерек­ше жа­ңарып жатыр. 67 кө­ше­де 72 шақырым ав­то­көлік жо­лы жаңадан салы­ну­да. Дәл қазір қала тұр­ғын­­дарына жү­ріп-тұруға қо­лайсыздық бол­ға­нымен, жөн­­­деу жұ­мыстары аяқ­тал­ған соң шаһар бір жа­ңа­рып қалатын болды.

– 2015 жылы қала мектеп­те­рін­де 37 579 бала оқыған болса, биыл оқу­шы­лардың саны 44 000-нан асты. Қа­зі­ргі таңда қала бойынша 48 мектеп болса, соның 38-і екі ауысымда, 6-ы бір ауысымда, 4-і үш ауысымда оқи­ды. Үш ауысымда оқитын мектептер Дер­көл мен Зашаған кентінде ор­на­лас­қан. Осыған орай, биыл Деркөлде әр­қай­сысы 600 орындық екі мектеп жә­не Зашаған кентінде 900 орындық бір мектеп салынуда. Сондай-ақ, әбден ес­кірген №4 мектептің де ғимараты қай­та тұрғызылды. Соңғы 4 жыл­да 7 мектеп күрделі жөн­­деу­­д­ен өткен. Би­ыл білім сала­сы­ның бес нысаны то­лық­т­ай жөнделмек. Қалада 100-ге жу­­ық ба­лабақша бар, соның 23-і жеке ба­ла­бақ­ша. Егер қалада балабақша кезегінде 17 мың бүлдіршін тұрғанын ескерсек, қа­з­іргі қолданыстағы ба­лабақшалар тым аздық етеді. Сон­д­ықтан, қо­сым­ша бала­бақ­шалар құрылысын жүр­гізу қажет, бұл жұмысты мем­лекет-жекеменшік әріптестігі ар­қы­лы жүргізген жан-жақты тиімді бол­мақ, – деген қала әкімі жергілікті кә­с­іп­кер­лерді осы жұмысқа белсене қа­ты­суға шақырды.

Мұрат Мұқаевтың айтуын­ша, 2018-2020 жылдар ара­лы­ғын­да қаладағы жа­ңа ша­ғын аудандарда жеті бала­бақ­ша ғимаратын салу жоспарлануда.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»