Қазақ тарихындағы ірі тұлға, сөз зергері Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің шығармашылығы көркемсөз әлеміне қайталанбас ғажайып құбылыс болып енгені анық. «Нағыз өнердің белгісі — оның ешқашан да ескірмейтіндігінде» деген екен орыстың көрнекті жазушысы Ф.М.Достоевский. Ғабит Мүсіреповтің сөзі де XXI ғасыр табалдырығынан аттап өтіп, өз айшығымен танылып, өз бедерімен айқындалып бүгінгі әлемдік әдеби процесс ағымына қосылды десек те, бүгінде біз ұлттық әдебиеттер жаһандану жағдайында өз қасиет-сипатын сақтап қалу үшін тайталасқа түскен аса күрделі уақытты бастан кешіріп отырмыз десем, Ғабит Мүсірепов шығармаларының жас ұрпақ бойына ұлттық рухани ұстанымдарды сіңіруіне, халқымыздың салт-дәстүрінің рухани құндылықтарының тілі мен ділінің қаймағын бұзбай сақтап қалуға елеулі ықпал ететіні анық.
Ендеше, саясаттану ғылымдарының докторы Роза Нұртазинаның жақында ғана жарық көрген «Ғабит Мүсірепов және қоғамдық-саяси мәселелер» атты монографиясы дер кезінде жарық көрген, өзекті де өрелі дүние дер едік. Онда Ғабит Мүсіреповтің және ол өмір сүрген кездегі қоғамдық-саяси мәселелер жан-жақты талданады.
Жазушының шығармашылық дәстүрінің тағылымы бүгінгі жастардың қоғамның бүгінгі тынысын әр қырынан тереңірек зерттеуіне, өмір құбылыстарын көрсетуде айқын идеялық-адамгершілік позиция ұстануына, дәлелдің кисындылығына қол жеткізуіне, кез келген процесті өзара байланыста қарастыра білуіне, қорытынды жасау қарым-қабілетін арттыруына жәрдемдеседі.
Мүсіреповтің стилі негізінде қазақ тілінің байлығын зерттеу тек лингвистикада, тілтануда ғана емес, журналистикада да әдістемелік негіз болып табылады.
Кітап жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттарына, докторанттарына, ұстаздарына және сөз өнерін қадірлейтін қалың оқырман қауымға арналған.
Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор.