Аймақ басшысы жаңа пәтерге қол жеткізген тұрғындарды құттықтай отырып, шаңырақтарына құт-береке тіледі.
"Қала күні қарсаңында жаңа мөлтек ауданнан кезекті көпқабатты тұрғын үйлерді пайдалануға беріп отырмыз. Жаңа шағын ауданға әлі ат берілген жоқ, дегенмен бұл жерде 25 тұрғын үй бой көтерді, жақын арада мектеп пен балабақшаның құрылысы басталады. Қала үшін биылғы жылдың басты жаңалығы - Сырдария өзенінің сол жақ жағалауындағы жаңа қала құрылысының басталуы. Бүгінде сол жағалауда 18 көпқабатты тұрғын үйлердің,320 орындық балабақшаның, жастар орталығының, "Болашақ" университеті кампусының, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің бұрынғы ғимаратының сызбасы негізінде аймақтың рухани жаңғыру орталығының құрылыстары қарқынды жүруде. 1925 жылы Қызылорда астана болып тұрған шақта осы ғимаратта тарихи шешім қабылданып, ұлтымыз "қазақ" деп аталған. Құрылыстың қарқыны жағынан біз Астанадан кейінгі орындамыз, Алматымен деңгейлес, ал республика бойынша алдыңғы бестікке кіреміз. Өткен жылы Алматы қаласында мемлекеттік бағдарламамен 63 көпқабатты үй салынса, Қызылордада 80 үй салынды. Осының барлығы құрыш қолды құрылысшылардың еңбегі, халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы, Елбасының сарабдал саясатының арқасында мүмкін болып отыр,"-деп атап өтті жаңа қоныс иелерін құттықтаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Баспаналы болған тұрғындарды еңбек ардагері, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Жеткерген Оразбаев та құттықтап, батасын берді.
Ал, өз кезегінде қалалық №3 емхананың дәрігері, пәтер кілтін алған Дана Есетова тұрғындар атынан алғысын жеткізді.
«Бұл күндері Қызылордада құрылыс қарқыны өте жоғары, соның ішінде тұрғын үй құрылысы. Біздің елде «Нұрлы жол» сынды мемлекеттік бағдарламаның барына отбасымыз қуанышты. Осы тұста, халық мүддесі үшін аянбай тер төгіп, осындай бағдарлама жасап қабылдаған Мемлекет басшысына және оны табысты іске асырған облыс әкіміне айтар алғысымыз шексіз»,-деді Дана Есетова.
Айта кету керек, облыс орталығында соңғы 4 жылда 11жаңа мөлтек аудан бой көтеріп, 7 мыңнан астам тұрғын баспаналы болды. Аймақтағы құрылыс көлемі -3,5 есеге, облыс орталығында құрылыс - 8 есеге ұлғайды. Жыл басынан бері 61 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүруде, бүгінгі күні олардың 23-і пайдалануға берілді. Қалған 38-і жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.