Қазақстан • 12 Қыркүйек, 2017

Ұйым тарихындағы айрықша оқиға

402 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елордада Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті өтті. Екі күнге созылған алқалы жиынның алғашқы күні пленарлық отырыстың ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын. Кеше саммиттің екінші күні бірнеше тақырып аясындағы сессия жұмыстарымен жал­ғасты. 

 

Ұйым тарихындағы айрықша оқиға

«Тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі ғылым мен технологияның рөлі», «Заманауи экономикадағы бә­секелестік пен технология», «Ғы­лым мен технология саласындағы әріп­тес­тікті дамыту» сынды тақы­рып­тар аясындағы сессиялар жұмысы ке­лелі мәселелерді қаузады. Онда шет мем­лекеттердің үкімет мүшелері, халықаралық ұйымдардың басшылары баяндама жасады. Сессия жұмыстарын Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жүргізді.

ИЫҰ жанындағы Ғылыми-тех­ни­калық ынтымақтастық жөніндегі комитетінің бас үйлестірушісі Шауқат Хамид Хан ислам елдері ғылым мен технологияны дамыту үшін басқа да салаларды ілгерілету жайына көңіл бөлуі тиістігін айтты. Қамқорлықтың аздығынан талантты жас ғалымдардың басқа мемлекеттерге кетіп қалатынын бұған дейінгі әлемдік тәжірибе талай мәрте көрсеткеніне тоқталған ол:

– Білім беру, денсаулық сақтау салалары артта қалған, аштық жайлаған елдерде ғылым ешқашан дамымайды. Өкінішке қарай, ауыз су тапшылығын, азық-түлік тапшылығын көріп отырған елдер бар. Мұның бәрі ғы­лым­­ның дамуына кедергі келтіреді. Сон­дықтан мұсылман мемлекеттері алдымен әлеуметтік мәселелерге мән беруге тиіс. Сонымен қатар, ға­лым­да­рымыздың арасында өзара тәжірибе алмасу ісін жолға қою керек. Ғылыми тұрғыда тығыз байланыс орнату бұл саланың алға басуына ықпал ететіні анық. Үшіншіден, жас ғалымдарды ынталандыру жағы да өте маңызды. Жастардың ғылыммен алаңсыз айналысуына Үкімет жағдай жасағаны жөн. Әйтпесе, жастардың Батыс елдеріне кетуі үйреншікті құбылысқа айналады. Бұл проблемаларды шешу біздің қолымыздан келеді. Біз ғылым мен технологияны өз ішіміздегі дамыған елдердің, басқа да елдердің тәжірибесіне қарап дамытуға тиіспіз. Бұл міндетті бірнеше университетке немесе елге жүктеп қоймай, барлығымыз жұмылуымыз керек, – деп түйіндеді сөзін.

Мысыр Араб Республикасы Білім және ғылыми зерттеулер министрі Халед Абдель Гаффар саммитке шақырылғаны үшін Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына және Қазақстан Үкіметіне алғысын білдірді. Сонымен қатар, ол ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің табысты өтуіне орай Елбасы Н.Назарбаевтың атына құттықтауын жеткізе келіп:

– Мысырды мүмкіндіктер елі деп атайды. Ғылым мен технологияны дамытуда да біздің мүмкіндіктеріміз мол. Перғауындардың заманы­нан бері Мысыр ғылымды өркендетті, көптеген технологиялық жаңашылдықтардың бастауында тұрды. Математика, астрономия, медицина сынды салалар қарқынды дамыды.

Егер біздің елдеріміз басымдық берген салаларды пирамида деп қарастыратын болсақ, ғылым мен технология сол пирамиданың ұшар биігінде болуы тиіс. Біз сол биіктен ғана болашаққа сеніммен қарай аламыз. Экономиканы алға жылжытатын басты күш ретінде біз бұл саланы дамытуды бірнеше бағытта жүргізудеміз. Мәселен, университеттердің, ғылыми зерттеу орталықтарының жұмысына мемлекет тарапынан қолдау жасалып, олардың әлеуетін барынша пайдалануға көңіл бөлініп отыр. Сонымен қатар, ғылым мен технологияның дамуына ыңғайлы жағдай туғызу үшін тиісті құжаттар, нормативтік-құқықтық актілер қабылдануда. Біз Қазақстан Республикасының ғылым мен технологияны дамытуға арналған ауқымды шараны ұйымдастырғанына қуаныштымыз. Осы бағыттағы жұмыстарға атсалысуға, ғылым мен технологияны дамыту үшін әріптестік байланыстарды нығайта түсуге әзірміз, – деді Халед Абдель Гаффар.

Саммит аясындағы сессия кезінде қазақстандық ғалым, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановты ISESKO ғылым саласындағы сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті. Сыйлықты тапсыру салтанатында Ислам білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының бас директоры Абдулазиз Осман әл-Тувейджри:

– Ғалымқайыр Мұтанов мырза математикалық модельдеу, техникалық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерді басқару саласындағы үлкен үлесі үшін марапатталады. Ғылым жолындағы еңбегі халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, мойындалған ғалымды марапаттау мәртебесіне ие болғаным үшін қуаныштымын, – деді.

Қазақстанның Білім және ғылым министрі Ерлан Са­ғадиев осы жиында ИЫҰ мүше-мем­лекеттердің жастарын қазақ­стандық жоғары оқу орындарында білім алуға шақырды.

– Біз академиялық ұтқырлыққа сенеміз. Студенттер елдердің ара­сында қатынап жүруге тиіс деп санаймыз – бұл олардың өзде­ріне де, елдеріне де тиімді. Біз­дің университеттеріміздің есік­тері сіздер үшін айқара ашық. Сту­денттер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің ішінен қалағанын таңдай алады. Оларға қазақша білім алу күндерін өткіземіз, осындай күндерді сіздердің елдеріңізде қазақстандық студенттер үшін ұйымдастыруға болады деп сенеміз, – деді Е.Сағадиев.

ISESKO сыйлығы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттердің ғалымдарына биология, геология, математика, физика және ғылыми-технология салаларына қосқан ерекше ғылыми-инновациялық үлесі үшін берілетінін айта кетейік.

Саммиттің алғашқы күніндегі пленарлық отырыстың ашылу салтанатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның алдыңғы қатарлы 15 мемлекетін біріктіретін, G-20 ұйымына ұқсас OIС 15 форматындағы ұйым құру туралы ұсыныс айтқан болатын.

Ислам ұйымының алдыңғы қатарлы он бес мемлекеті бірігіп, оны OIC 15 деп атасақ дұрыс болар еді. Ислам үмметіне ғылым мен техникалар саласын дамыту өте маңызды болып отыр. Осыған орай, алдыңғы қатарлы Батыс елдерімен тұрақты әрі жемісті байланыс орнату қажет. Олармен өзара байланыста болуымыз түбі ислам елдерінің ілгерілеуіне пайдасын тигізеді, деген еді Қазақстан Президенті.

Қазақстанның Сауд Ара­бия­сын­дағы Төтенше және өкілетті елшісі – ИЫҰ жанындағы Тұрақ­ты өкілі Бақыт Батыршаев осы 15 мемлекеттің қатарына біздің елі­міздің қосылатыны туралы айтты.

– Ислам әлемінің алдыңғы қатарлы 15 мемлекетінің тобын құру туралы бастамаға қағидатты түрде қолдау бар. Қазақстан Президентінің бастамасынан кейін шұғыл кеңес өткізілді. Себебі бұл бастаманы жүзеге асырудың ұйымдастырушылық мәселелері көп. Яғни жұмысты бастап кеттік деген сөз. Ендігі кезекте осы жобаны жүзеге асыру, оның ережелерін анықтау сынды жұмыстар жүргізіледі. Аталған топқа енетін елдердің экономикалық әлеуеттері және басқа да факторлар назарға алынады. Бұл топқа Қазақстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Малайзия, Пәкістан сынды мемлекеттер енеді. Дегенмен, бұл бүгін айтылып, ертең орындалатын жұмыс емес, өте маңызды әрі ауқымды мәселе. Тыңғылықты дайындалуды қажет етеді,– деді Бақыт Батыршаев.

Оның пайымдауынша, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті шын мәнісінде тарихи оқиға болды деп санауға негіз бар. ИЫҰ 1969 жылы құрылғаннан бергі аралықта саяси және эко­но­ми­калық тақырыптарда түрлі саммиттер өткен. Алайда, ғылым мен технологияны дамытуға арналған саммит ұйым тарихында тұңғыш рет Астанада болып отыр. Бүгінгі таңда ислам әлемі толқымалы кезеңді бастан өткеруде. Қарулы қақтығыстар, терроризм мен экстремизм шарпыған елдер бар, әлеуметтік-экономикалық және басқа да проб­лемалар бар. Осы қиындықтарға қарамастан, ислам әлемін дамыту мақсатында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 2016 жылы ИЫҰ Ыстанбұлда өткен саммитінде 2017 жылы Астанада саммит өткізу туралы бастама көтерген болатын. Бұл бастама қаржылай құралдарды, қуатты адами және технологиялық әлеуетті ислам әлемін дамытуға бағыттауды көздеді.

– Кеше саммиттің ашылу рәсімінде Мемлекет басшысы ислам әлемін ғылым және технология жолымен дамыту керектігін айтты. Сонымен қатар, Қазақстанның әлемдік деңгейде және ислам әлемі аясында бейбітшілікті ілгерілету мен дамытуға қосып жатқан үлесіне тоқталды. Президент ислам елдерінің жақындасуына ықпал ететін, ислам әлеміндегі қақтығыстарды келіссөздер арқылы шешуге ықпал ететін стратегиялық және саяси бастама көтерді. Бұл бастама үлкен қолдау тапты, – деді Б.Батыршаев.

Саммит аясында Елбасы тарапынан көтерілген тағы бір маңызды мәселе – инфра­құ­ры­лымдық интеграцияны дамыту үшін Ислам даму банкінің әлеуетін пайдалану болатын. Бұл бастама бойынша мұсылман мемлекеттері арасындағы бар­лық көлік дәліздерін біріктіру қарастырылған. Іс жүзінде бұл Қазақстанның қашықта орын тепкен елдермен арасында ин­фрақұрылым орнатуға жол ашады. Яғни мұсылман мемлекеттерінің барлығының арасында тауар тасымалын өте оңтайлы жүргізуге мүмкіндік береді. Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, қазір зерттеу жүргізіліп, тиісті интерактивті карта жасалуда.

Екі күнге созылған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне әлемнің 15 мемлекетінің прези­дент­тері мен үкімет басшылары, 37 елдің делегациясы, 30 ха­лықаралық ұйымның жетекшілері мен өкілдері қатысқан болатын. Алқалы жиын барысында ИЫҰ Ғылым және техноло­гиялар жөніндегі бірінші сам­ми­тінің Астана декларациясы қа­былданғанын айрықша атап өту ләзім.

Астана декларациясы мұсыл­ман елдерінің ғылым мен технологияны дамыту бо­йынша ортақ ұстанымда екенін айғақтайтын маңызды құжат болып табылады. 26 тармақтан тұратын құжатта атап көрсетілгендей, ұйымға мүше-мемлекеттер «қоғамдағы кедейлік, сана кедейлігі» сынды мәселелерді шешуге мүдделі. Сонымен қатар, ислам елдері «ХХІ ғасырдағы ғылымның қуатты ықпалын терең түсіне отырып, өз халықтарының шығармашылық және инновациялық әлеуетін дамытуға» ниетті екендіктерін осы құжатта білдірді. Астана саммитінде айтылғандай, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше-мемлекеттер ғылым мен технологияны дамыту ХХІ ғасырдағы аса маңызды мақсат деп санап, осы бағытта өзара ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екендіктерін бір ауыздан мақұлдады.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»