Қазақстан • 12 Қыркүйек, 2017

«Біз латын әліпбиіне көшу идеясын қолдаймыз!»

1019 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан жастары Конгресінің үндеуі: 

 

«Біз латын әліпбиіне көшу идеясын қолдаймыз!»

2017 жыл Қазақстан жастары үшін өте маңызды жыл болып табылады. Өйткені бұл жыл жастарды игі істерге шабыттандырған оқиғаларға мол болды, олар – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» идеясы бойынша Жолдауы мен Үндеуі, Әлемдік Универсиада-2017, Қазақстан тарихында бір жыл ширегіне созылған алғашқы іс-шара – «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі. Аталған шаралардың барлығы Қазақстан жастарының өздеріне деген сенімін бұрынғыдан да арттырды. Өйткені бұл әлем деңгейіндегі жобаларды іске асыруға көмегін тигізуге еліміздің әр түкпірінен барша жалынды жастары бас қосты. Қазақстан жастары оларға жүктелген жауапкершілікті абыроймен бірлесе атқара алатынын көрсетті. Ендігі кезекте, біз жарқын болашағымызды қамтамасыз ететін әрекеттер аясында бас қосуға дайынбыз. Солардың бірі – осы Үндеуіміз.

Біз, Қазақстан жастары, ұлттық құндылықтар мен тарихымызды дәріптейтін, халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан адамгершілік қасиеттеріне сүйенетін рухы биік Мәңгілік Елді құру жолындамыз. Бұл жолдағы басты міндетіміз – ұлттық нақышымызды сақтай отыра заманауи талаптарға сай білімді және прогрессивті дамыған ел болу.

Ұлттық құндылықтар әрқашан ана тілден бастау алады. Сондықтан тіл мәселесі жылдар бойы өзектілік позициясын сақтап келеді.

Еліміздің жарқын болашағын құру жолын жал­ғас­­тыра­тын біз, Қазақстан жастары, латын әліп­биіне көшу идеясын қолдайтынымыз туралы мәлім­дейміз. Себебі, латын әліпбиі қазақ дыбыстарын нақтырақ айқындайды.

Қазіргі таңда әлем елдерінің басым бөлігі тек қана латын графикасын қолданады. Түбіміз бір түркі елдерінің де көбісі дерлік латын әліпбиімен оқып, білім алады. Түркі тілдерінің ерекшелігіне сай дыбыстық ұқсастықтар да осының дәлелі.

Латын графикасына көшудің жастарға ыңғайлы тағы бір себебі – латын әріптерінің прагматикалық ыңғайлы болуы. Әлемдегі инновациялық жаңа­шыл­дықтардың барлығы ең алдымен латын графикасында шығады. Біраз уақыт өткен соң ғана, кирилл әліпбиіне көшіріледі.

Латын әліпбиіне ауысу қадамы бізге ұзақ мерзімді келешекте экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, латынданған өнімді кириллицаға аударуға жұмсайтын уақытымызды үнемдеуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Республикамыздың жастары мен жастар ұйым­дары­ның конгресі атынан, Қазақстан жастары әлемге мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлтты көрсетуге дайын екенін мәлімдей отыра, Қазақ тілінің латын әліпбиіне ауысуын бірауыздан қолдайды!

Айдын Сәбитов, «Қазақстан жастарының Конгресі» заңды тұлғалар қауымдастығы бірлестігінің атқарушы директоры; Данияр Сүндетбаев, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы; Талғат Қалиев, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры; Азамат Божақов, «Қазақстан республикасы Президентінің «Болашақ» Халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры;  Гарифулла Мырзағалиев, «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің жоба менеджері; Динара Садвакасова, «Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрайымы; Тохтар Болысов, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабының жетекшісі; Татьяна Миронюк, «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ атқарушы директоры; Ильдар Катенов, Қазақстанның Скаут қозғалысының президенті; Олжас Абуов, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының атқарушы директоры