Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын, Дін істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Еркін Оңғарбаев, Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Әлия Галимова, сондай-ақ белгілі ғалымдар, дінтанушылар, теологтар, заңгерлер, блогерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкіл-
дері, сарапшылар қатысқан аталмыш жиын барысында заң жобасына енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты талқыланды.
«Біз заң жобасының жұмысына мемлекеттік органдармен қатар, қоғамның да белсенді араласуына мүдделіміз. Біз үшін азаматтық қоғамның барлық өкілдерімен ашық сұхбат жүргізу маңызды», деп атап өтті вице-министр Берік Арын өз сөзінде.
Заң жобасын талқылауға қатысты маңызды басқосуға қатысушылар дін саласындағы заңнаманы жетілдірудің және аталған құжатты қабылдаудың қажеттілігіне жалпы қолдау көрсете отырып, өз ескертулері мен ұсыныстарын жеткізді.
Дін істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Еркін Оңғарбаев заң жобасын дайындау барысында мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылар қауымдастығы мен азаматтардың ұсыныстары мен пікірлері барынша ескерілетінін, қолданыстағы заңнамаларға жаңа нормаларды енгізуде халықаралық тәжірибеге баса назар аударылатынын атап өтті.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ