Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2017

Ертіс өзеніне 35 мың шабақ жіберілді

1361 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қоршаған ортаны қорғау, балықтар мен жануар­лар әлемін аялап, су тү­бі­нің тазалығын сақтау секілді ша­раларды «Еуразиялық энергетикалық корпо­рация» АҚ Ақсу электр­ стан­­сасы эколог ма­­­ман­­­­да­ры жыл са­йын­ өт­кізіп келеді.  

 

Ертіс өзеніне 35 мың шабақ жіберілді

Жалпы, өзенге жіберілетін тұқы балығының шабақтары Қарағанды облысының арнайы балық шаруашылығы кә­сіпорнында өсіріліпті. Әрбір ша­бақтың салмағы 20-30 грамм ша­масында. Ертіс өзені бойын­да орналасқан басқа кәсіп­орын­дар да шабақтарды суға жі­береді. Корпорация экологтары «Қазхром» ТҰК» филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытындағы әріптестерімен бірге өзенге 15 000 шамасында бір жасар балық тұқымдарын жіберген болатын. Ал станса жанындағы балық ша­руа­шылығының басшысы Сер­гей Киреевтің айтуынша, суға жіберілген шабақтар енді төрт жылда толық жетіліп, уылдырығын су түбіндегі шөпке шашады да, өзендегі тұқы балық­тарының саны көбейеді. Соңғы екі жылда өзенде шортан және тұқы балықтары артқан көрінеді. Тұқы балықтары Ертіс өзенінде өмір сүруге бейімделген. Станса мамандары жергілікті балық инспекциясымен бірлесе өзен тазалығын сақтап, балығын көбейтіп, қорғау мақсатында жұмыс жасауда. Осы күнге дейін өзенге 160 мыңнан астам тұқы балығы жіберіліпті. Бұл мақсатқа 6 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Энергетиктер өздері де балық шаруашылығын ашып, онда тұқы шабақтары мен балықтар өсіреді де, Ертіс өзеніне жібереді.

Аталған кәсіпорын өндірісті жаңғырту бағытындағы негізгі жұмыстардан бөлек, Ертіс өзені мен Жасыбай көлінің жайылмасында сенбіліктер өткізу, өзеннің жағалауларын кеңейту, арнасын тазалау, экологиялық айлықтар, ағаш егу мен көгалдандыру шараларын қамтитын ауқымды қоршаған ортаны қорғау шараларын тұрақты іске асырып келеді.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы