Павлодар облысы еліміздегі ең ірі өндірістік орталықтардың бірі. Бүгінде индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бес жылдығы аясында өңірде 35 жоба жүзеге асырылуда. Оларға салынған инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден астам қаражатты құрайды. Сондай-ақ облыстағы шағын және орта бизнеске де мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Аймақта өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2017 жылы 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Осындай тың бастамалардың арқасында тек биылдың өзінде Павлодар өңірінде 23 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Сапар барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына барды. Мұнда қазірдің өзінде 6 инновациялық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта тағы 6 өндіріс орны іске қосылмақ.
Арнайы экономикалық аймақтағы заманауи өндіріс ошақтарының бірі «Гиссенхауз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қоспалы алюминий өнімдерін дайындайтын зауыт таяуда ғана алғашқы құймаларын шығарды. Мұнда сұйық алюминий Қазақстан электролиз зауытынан тікелей әкелінеді. Оған арнайы қоспалар қосу арқылы профиль, фольга, автомобиль дискілері сияқты халық кеңінен тұтынатын әртүрлі заттар жасауға мүмкіндік бар. Осы ретте кәсіпорын аумағында диск да-йындайтын цехтың құрылысы туралы келісімнің жасалып қойылғанын атап өткен жөн. Нақты айтқанда, зауытпен жұмыс істеуге Ресейдің автомобиль дискілерін өндіретін ірі компаниясы қызығушылық білдіріп отыр. Өйткені осы жоба бойынша бизнес-жос-пар дайындаған ресейліктер қаржы мәселесін және тағы да басқа басымдықтарды ескеріп, мұндай цехты Қазақстанда салудың тиімді екеніне көз жеткізген.
«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «АгроХимПрогресс» зауыты да толығымен қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталған. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынған бұл кәсіпорында минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғауға арналған химиялық қоспалар, шегірткеге қарсы биологиялық дәрі-дәрмек және арамшөптерге қарсы қолданылатын глифосат-гербицид өндіріледі. Бүгінде кәсіпорын Қазақстан бойынша барлық сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Жобаның жалпы құны – 3,2 млрд теңге. Ал оның басты ерекшелігі ретінде жоғары экологиялық қауіпсіздік жағдайында жұмыс істеуін айтуға болады. Яғни зауыттағы барлық цех зиянды қалдықтар мен химиялық буланудың 99,99 пайызын жоятын сулы-газды реакторлармен жабдықталған.
Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде іске қосылған кәсіпорындардың жұмысымен танысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Павлодар өңірінің осыншалықты қарқынды дамуы Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі екеніне назар аударды. Бұл жөнінде Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасымыздың айрықша қамқорлығының арқасында Павлодар облысының экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуында орасан зор өрлеу орын алуда. Тек индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша өңірде 35 ірі өнеркәсіп орны ашылып, оған 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тек кейінгі екі жылда облысқа 125 млрд теңге қаржы жұмсалған. Мұндай қарқынды даму өңір тарихында бұрын-соңды болған емес. Облыста балабақша, мектеп мәселесі де біржолата шешілген. Халқымызға қазақ ғылымы мен әдебиетінің айтулы қайраткерлерін берген өңірде «Рухани жаңғыру» бойынша да көптеген жобалар жүзеге асуда. Павлодарлықтар Елбасының осы қамқорлығын бағалай білуі керек», деді.
Облыста өңірдегі өнеркәсіп орындарына маман даярлау ісі де жүйелі жолға қойылған. Партия Төрағасының бірінші орынбасары осы бағытта жұмыс істейтін Павлодар түсті металлургия колледжінің студенттерімен арнайы кездесті. Мұнда металлургия саласы бойынша нарықта ерекше сұранысқа ие мамандықтар: токарь, слесарь, электрогазбен дәнекерлеуші, электромонтер, техник-металлург сияқты кәсіби мамандар даярлайды. Оқу бітіргеннен кейін түлектер «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» АҚ сияқты ірі кәсіпорындарда жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Бұл жұмыстар мемлекеттік бағдарлама аясында колледж бен аталған компаниялар арасындағы келісім бойынша жүргізіледі.
Колледж студенттерімен кездесу барысында Мұхтар Абрарұлы елімізде қолға алынған латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы сөз қозғады. «Біз латын қарпіне көшу арқылы ағылшын тіліне қарай интеграцияланамыз. Әлемдік өркениетке ұмтыламыз. Сондықтан бұл маңызды қадамның ағылшын тілін үйрену үшін де өте үлкен мәні бар», деген партия Төрағасының бірінші орынбасары латын әліпбиінің жастар үшін қиындық тудырмайтынына назар аударды. Өйткені жас буын латын әріптерін интернет, ұялы телефон, компьютер сияқты заманауи технологияны қолдану кезінде кеңінен пайдаланады.
Студенттердің сапалы білім алуы үшін биыл оқу корпусы жанынан құны 580 млн теңге болатын Студенттер үйі салынды. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша колледж бітірген 163 түлектің 97 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқанын да айрықша атап өткен жөн.
Сонымен қатар партия Төрағасының бірінші орынбасары Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы ғылыми бөлім – «Margulan center» орталығында болды. Онда Мұхтар Құл-Мұхаммед «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Орталықта XVIII ғасырда Қазақ хандығының көрнекті мемлекет қайраткері болған Сұлтанбет сұлтанның ордасы қайта қалпына келтірілген. Бұл жұмыстар архивтерден табылған сұлтан ордасының түпнұсқа жобасы бойынша жүргізіліп, ағаштан салынғанын атап өткен жөн. Сұлтанбет сұлтан жоңғар шапқыншылығы кезінде қалың қол бастаған қолбасшы, Ресей және Қытаймен арадағы мәселелердің оң шешілуіне тікелей қатысқан мәмілегер болған. Сондай-ақ «Рухани жаңғыруды» жүзеге асыру жөніндегі «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалының жобалық кеңсесі орналасқан. Жаңадан ашылған кеңседе павлодарлық нұротандықтар мен өзге де сарапшылар бағдарламаның басым бағыттарын орындаудың тиімді жолдарын талқыламақ.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Павлодар облысында Елбасы бастамалары мен экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыру жұмыстарының нәтижелі жүргізіліп жатқанына ерекше назар аударып, алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай еңбек етуге шақырды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»