А.Квочур – Ресей батыры, КСРО-ның еңбек сіңірген сынақшы-ұшқышы, Ресей Федерациясының «Ұшу-зерттеу орталығы» федералды мемлекеттік біртұтас кәсіпорнының Бас конструкторы. Батырмен өткен жылы Астанада, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің мерейтойында танысқан едік. Ресей батыры сонда тілдей мәлімет парақшасын ұсынып, болашақта хабар алысып тұруға құлықты екенін айтқан. Жақында Анатолий Николаевичтің электронды мекенжайына хат жазып, егер уақыт тапса кәсіби маман бір кездегі үзеңгілес досы, ұстазы Тоқтар Әубәкіров туралы екі-үш сұраққа жауап берсе деген өтініш жасағанбыз.
Мәскеуден телефон шалынды. Ресей батыры бірден қазақ батыры туралы былай деді: «Теңдесі жоқ ұстазым – қазіргі заманның нағыз қаһарманы Тоқтар Оңғарбайұлы туралы лебіз білдіруге мен қай кезде де уақыт табамын!..». Мұндай жүрекжарды сыр ашуды шынында да күтпеген едім, қуанғанымды жасыра алмай халықаралық байланыс желісінің қымбат тарифін ескеріп, «Трубканы қойыңыз, мен өзім хабарласайын...» деген ишара жасадым. «Жо-жоқ, о не дегеніңіз. Түс ауа өзім хабарласамын. Қазір Үкіметтің өте бір маңызды жиналысына кетіп бара жатыр едім» деген ресейлік Бас конструктор уәдесінде тұрды.
– Тоқтар Әубәкіровпен ең алғашқы кездескен сәтіңіз есіңізде ме? Есіңізде болса, бейтаныс азаматтың бойынан сол сәтте қандай ерекшелік белгілер көрдіңіз?
– Жуковскийдегі (Мәскеу) сынақшы-ұшқыштар мектебіне емтихан тапсыруға келгенмін, ұмытпасам, 1976 жыл еді. Бюродағы қызметкерлер арасынан сұңғақ бойлы жап-жас, өте өңді әрі жылы шырайлы азаматтың сұлбасы бірден көзге ұрып тұратын. Оның сәлемдесу ишарасы есімде сақталып қалыпты, әріптестеріне өзгеше бір құрмет көрсете тұрып, хал-жағдай сұрасатын. Екі жылдық оқудан соң Амурдағы Комсомольск қаласына сапар шегіп, ондағы сынақшылар базасынан тәжірибиден өтіп, Жуковскийге қайта оралдым. Тоқтар Оңғарбайұлымен арамыздағы жас айырмашылығына қарамастан бір-бірімізге деген достығымыз сол 1981 жылдан қалыптасты.
– Конструкторлық бюрода сіздерді жақындастырған «МиГ-29К» (корабльдік) әскери ұшағының «Тбилиси» (қазіргі – «Адмирал Кузнецов») авиатасымалдағыш кемесіне қонып, ұшып шығуы екені даусыз. Яғни сол кездегі бас конструктор Е.Меницкийдің тілімен айтқанда, «теңіз жобасы» емес пе еді?
– Кеңес одағының әскери теңіз флотында бұл «теңіз жобасының» маңызы айрықша зор болды. Бағыма қарай ол жобаға қатыстым. Жоба жетекшісінің бірі – Тоқтар Оңғарбайұлымен қоян-қолтық араласып қызмет еттік. Ең алғаш 1986 жылы ұмытпасам, қазан айында, Тоқтар Оңғарбайұлы «Тбилиси» авиатасымалдағышына «МиГ-29К» ұшағын қондырды. Қондырып қана қоймай, қайтадан ұшып шықты. Теңдессіз ерлік жасады. Күздің қара суығы бет қаратпай тұрған кезі толқыған теңізде теңселген корабльге ең төменгі жылдамдығы 270 шақырымдық әскери ұшақты қару-жарағы сықиған күйі қондырудың адам айтқысыз қиындығын біздер, оның әріптестері ғана түсінер едік. Тоқтар Оңғарбайұлы бұл міндетті тамаша шеберлікпен орындап шықты. Кейін уақыт өте Тоқтар Оңғарбайұлының ізімен мен ол әскери ұшақты кемеге түн мезгілінде қондырдым. Бұл арада да Тоқтар Оңғарбайұлының тәжірибесінің тигізген пайдасы аз болмады.
– 1989 жылғы 8 маусымдағы атақты Ле-Бурже авиасалонындағы (Франция) «Миг-29» әскери ұшағының апатқа ұшырауын, сіздің тосыннан аман қалғаныңызды әріптесіңіз Тоқтар Әубәкіров қалай қабылдады?
– «Кемедегінің жаны бір» дейді ғой, әрине, Ле-Буржеде Тоқтар Оңғарбайұлының қандай көңіл күйде болғанын мен айта алмаймын... (Күлді.) Ол елдің басқа қиырында жүрген. Бір ғана айтарым, ондай апатты оқиға біздерге, сынақшыларға таңсық емес. Алайда соңғы секундқа дейін ұшақты аман сақтау – міндет саналады.
– Тоқтар Оңғарбайұлының азаматтық қалпындағы қандай адами қасиеттерін ерекше бағалар едіңіз?
– Бір қарағанда, кейде оның түсі суық әрі сұсты болып көрінеді. Бірақ оның жан жүрегінің үнемі мейірім шашып тұратынын көпшілік бірден аңғара қоймайды. Тоқтар Оңғарбайұлы нағыз жігіттің жігіті ғой! Біліміне түрі, қабілетіне ісі сай ондай азаматтар жер бетінде сирек. Ол туралы конструкторлық бюрода «кенен білімді, қыран қайратты Әубәкіров» деген сөз қалған. Ақыл-ойына атлеттер секілді қоладан құйғандай мүсіні сай келіп, жарасып тұрар еді.
– Еңбегі сіңген сынақшы-ұшқыш ретінде айтыңызшы, Тоқтар Оңғарбайұлы конструкторлық бюромен қоштасып, «ғарыш игеруге» аттанғанда ішіңіз ашыған жоқ па?
– Мен жоғарыда айттым, Тоқтар Оңғарбайұлы ерекше қабілетті жан. Бюрода жүргенде де ол ең жоғары лауазымды қызметті атқарды. Бола-
шақта оның одан да жоғары лауазымдық міндеттер атқаратынына әріптестері сенді де. Табиғаты өзгеше конструкторлық бюрода ондай талантты азаматтар ерекше бағаланды. Тоқтар Оңғарбайұлының білімі мен кәсіби біліктілігі өте тұңғиық тереңде екенін сезетінбіз. Біздер тәжірибелі жетекшіміз – КСРО-ға еңбегі сіңген сынақшы-ұшқышы Тоқтар Оңғарбайұлына еліктей жүріп, оның ұстаз ретіндегі айтқан ақыл-кеңестеріне, үйреткен тәлім-тәрбиесіне тәнті болдық. Мен ол кезде әлдеқайда жас едім. Өзінің сынақшылық ғұмырында өліммен сан рет бетпе-бет келсе де жалт бермеген, жеңілмеген жүректі аға-досымның бойында алапат тасқынды күш-жігермен қатар, әлдеқандай бір философиялық тылсым күштің, терең ой иірімдерінің барын байқайтынмын. Сөзімнің дәлелі – ол кейін Тәуелсіз Қазақстанның Әскери әуе күштерін басқарды, қорғаныс министрінің орынбасары, Қазақстанда құрылған ғарыш агенттігінің тұңғыш төрағасы болды емес пе?!
– Анатолий Николаевич, әр минутыңыздың қымбат екеніне қарамастан газет оқырмандары үшін уақыт бөлгеніңізге мың да бір рахмет! Мұның бәрі сіздің өзіңіз айтқандай – ұстазыңыз әрі бауырыңыз Тоқтар Әубәкіровке, қазақтың біртуар азаматына көрсетілген құрмет деп қабылдаймыз. Дегенмен орайы келіп қалды ғой, соңғы бір сұрағыма жауап беріңізші... Сол Ле-Буржедегі құлаған «МиГ-29» ұшағынан соңғы секундтарда мылтықтан атылған оқтай болып ұшқаныңызды дүние жүзінің халқы көрді. «Сол ұшудың» кейін денсаулыққа зияны болмады ма? Есіңізге түскенде шошынбайсыз ба?
– Апатқа небары 2-ақ секунд қалғанда катапульттің тұтқасын тартып үлгердім. Ең бастысы, бұра тартқан ұшақты қалың көрерменнен аулақ жерге соншалықты арпалыспен алып келген едім. Ақырғы сәтте... снаряд секілді атылдым. Аманмын. Қазір сіз есіме салдыңыз. Жай кезде ұмытып кетемін. сынақшы-ұшқыштардың үйреншікті өмірі ғой...
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ