Осы жеңістен рухтанған «Барыс» хоккей клубы араға екі күн салып, сырт алаңда соңғы ойынында Мәскеу облысының «Витязь» командасын 5:1 есебімен тізе бүктірді. Бірінші кезеңнің 14-ші минутында айдын иелері шайба соғып, есепті ашқан болатын. Екінші кезеңнен бастап «Барыс» хоккейшілері «Витязь» қақпасын шабуылдың астына алды. Нәтижесінде, елорда командасының шабуылшысы Доус 21-ші минутта есепті теңестірсе, Никита Михайлис (39-минут) «Барыстың» екінші шайбасын соқты. Сонан соң, Даррен Диц (42-минут), Линден Вей (51-минут) таблодағы көрсеткішті еселей түсті. Ал осы матчта екінші голын соққан Найджел Доус есепті 5:1-ге жеткізіп, ойын нәтижесінің соңғы нүктесін қойды.
Бұл «Барыс» командасының биылғы маусымдағы алтыншы жеңісі. Осы жеңістен соң елорда клубы 19 ұпаймен «Шығыс» дивизионы командалары арасында топ бастады. «Барыс» келесі кездесуін 15 және 17 қыркүйек күндері Астанадағы «Барыс Арена» мұз айдынында Новосібірдің «Сибирь» командасымен екі ойын өткізеді.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»