21 Қазан, 2011

«Ұлбике»

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Президенттік мәдениет орталығының Ұлттық дәстүрлер театры жаңа маусымды осы қойылыммен ашты Президенттік мәдениет орта­лығының Ұлттық дәстүрлер теат­ры жаңа маусым шымыл­ды­ғын «Ұлбике» музыкалық қойы­лымымен ашты. Көрнекті мемлекет және қо­ғам қайраткері, профессор Мыр­затай Жолдасбеков пен белгілі ақын Несіпбек Айтұлының атал­мыш туындысын сахнаға қойған режиссер Сәулебек Асылханұлы, ал композиторы Алтынбек Қо­раз­баев екенін біз бұрын да айтқан болатынбыз. Бұл күнде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан бұл қойы­лым XIX ғасырда өмір сүрген қа­зақтың аяулы ақын қызы Ұлбике Жанкелдіқызының қай­ғы­лы тағдырын суреттейді. Аты айтып тұрғандай, музыкалы драма болғандықтан, мұнда көбіне әнге кезек берілуінің өзі өте сәтті шешім болғандығын тағы да бір айта кетсек, артық болмас. Қойылымдағы Ұлбикенің қо­сағы Тойтанның оспадарсыз қы­лықтары өкінішке орай, за­ман­дастарымыздың бойынан қа­зір де қылаң беріп қалатын­дығын режиссер шебер көрсете білген. Иә, сахнадағы ұлттық киім үл­гілері мен әуелете шыр­қалған халық әндері Ұлттық дәстүрлер театрының атына за­ты сай екенін айғақтай түсетін­дей десек, бұл қойылымда ха­лық әні «Ақ­баян» әуенімен ыр­ға­ла басып сах­наға аққудай қал­қыған ару­лар­дың шығуы режиссерлік сәт­ті ізденістің бірі бол­ғаны анық. Ендігі тұста актерлік шеберлік жайында ой қозғайтын бол­сақ, ақын қыздың бейнесі Кенен Әзірбаев атындағы конкурстың лауреаты Жазгүл Даңылбаева­ның орындауында біршама сәтті шықты деуге болады. Ал оның күйеуі Тойтанды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақыш Омаровтың, «Әкем бір күйеу болған жер, Анам бір келін бол­ған жер...» деп тебіренген Күдері қожаны Жанқалдыбек Төлен­ба­евтың бейнелеуі де қойылым әсерін арттыра түскені анық. Бұл қойылымның ұнағаны соншалық, шымылдық жабыл­ған­нан кейін де жұрт үйіне қай­туға асықпады. Сол көңіл күйді жазбай таныған Президенттік мәдениет орталығының дирек­то­ры Мырзатай Жолдасбеков жұрт алдына шығып, орталықтың қо­йылымдары мен кештеріне ұда­йы келіп тұратын зерделі көрер­менге алғыс айтты. Одан әрі ол драма авторының бірі ретінде Ұлбике ақынның қайғылы тағ­дырына біршама тоқталып өтті. Яғни, небәрі 24 жасында кезекті бір айтыстан оралған ақын қыз­ды күйеуі Тойтан соққының ас­ты­на алып, оның арты әлгін­дей қайғымен аяқталғанын көрермен есіне тағы бір салып өтті. Со­нымен қатар ол Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің деректерін негізге ала отырып, құн сұрау дәстүріне сәй­кес, әйел затына өтемақы бұ­ған дейін болмаған бағада Ұл­бикеге төленгенін тілге тиек етті. Атқарылған ауқымды жұмыс­тар легін халыққа жеткізу үшін жұмыс жасайтын БАҚ өкілде­рінің тигізер көмегінің көлдей екенін де орталық басшысы назардан тыс қалдырмады. Орталық директорының ай­туынша, «Ұлбике» музыкалық драмасымен ашылған Ұлттық дәстүрлер театры алдағы уақыт­та көрерменін өзге де тың ту­ындылармен қауыштыруды көз­деп отырған көрінеді. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Суреттерді түсірген Салтанат ҚОЖАНОВА.