Lenta.ru порталының хабарлауынша, халықаралық коммерциялық емес ұйымдар бұдан былай Солтүстік Африкадан Жерорта теңізімен Еуропаға қашқан босқындарды құтқармайтындарын мәлімдеді. Олардың теңіздегі мигранттарды құтқару операциясында атқарып жатқан ауқымды жұмыстарын ескере келе бұл шешімнің салдары ауыр болатынын түсіну қиын емес.
Қара құрлықты тастап кетуге ниет білдірушілер заңсыз жолмен қайықтарды, шағын кемелерді лық толтырып Ливия, Мысыр, Тунис елдерінің жағалауларынан солтүстікке, Еуропаға – Италия, Испания, Грекия аралдарына қарай аттануда. Алайда, көздеген жерлеріне барлығы жете алмайды. Заңсыз адам тасымалдайтын кемелердің суға батқаны туралы хабар құтқарушыларға күнделікті келіп түседі. Суға кеткен босқындарға ЕО елдерінің әскери теңізшілері, Frontex жалпыеуропалық шекара агенттігінің қызметкерлері мен жағалау күзеті көмекке келетін. Бірақ олардың күштері жеткіліксіз болды.
Сол кезде Еуропаның коммерциялық емес ұйымдары қол ұшын созып суға батқан босқындарды құтқаруға атсалысты. Құтқару операциясына «Шекарасыз дәрігерлер», шведтердің «Балаларды құтқарайық», немістің «Теңіз көзі», француздың «Жерорта теңізі SOS», мальталық MOAS және басқа да халықаралық қайырымдылық ұйымдар қатысты.
Теңіз таксиі
Теңізде ерікті құтқарушылар пайда болғалы заңсыз адам тасымалдаушылар ақша табудың жеңіл жолын тапты. Бұрын олар жолаушыларды аралдарға дейін жеткізіп жүрген, алайда, саяхаттың қауіпті тұстары аз емес. Барар немесе қайтар жолда бұлардың кемелерін шекарашылар тоқтатып қалуы әбден мүмкін еді. Оған қоса, шығынның басым бөлігі жанармайға жұмсалады.
Контрабандашылар «бір оқпен екі қоян атып», бұл екі мәселені бір жолмен шешті. Олар енді кемелеріне тек бейтарап суларға дейін баруға жететін жанармай құйып, бензин таусылған соң қайықтарын қалқытып қойып, SOS дабылын беріп құтқарушыларды күтіп жатуға көшкен. Алайда, бұл құйтұрқы тәсілдің де қауіпті салдары аз емес-тін. Дауылдан немесе көмек туралы дабыл уақытылы қабылданбауынан біраз кемелер суға батты, адам шығыны еселенді.
2016 жылы Frontex агенттігінің шекарашылары заңсыз адам тасымалдаушылар мен коммерциялық емес ұйымдардың құтқарушылары арасында белгілі бір қаржылық ымыра болуы мүмкін деген күдік келтірді. Олар босқындардың заңсыз тасымалдаушыларға мың доллар беретінін, ол ақшаның бір бөлігі құтқарушыларға берілуі мүмкін екенін алға тартты.
Шекарашылар еріктілердің кемелері жүзіп өткен бағдарларды зерттеп шығып, олардың құтқару туралы дабыл шығатын аймақтарға алдын ала ерекше дәлдікпен баратындарын байқаған. Олардың болжамынша, құтқару туралы ақпарат еріктілерге алдын ала беріліп отырған және бұл қызмет үшін ақша төленуі де әбден мүмкін.
Осылайша, гуманитарлық кемелер өзіндік теңіз таксиіне айнала бастаған көрінеді. Еуропаның құқық қорғау органдары мұндай «жалған» қайырымдылыққа қарсы. Италия прокуратурасы адамдарды заңсыз алып өту бойынша іс қозғады. Бұл іс қазіргі уақытқа дейін тергелу үстінде. Jugend Rettet неміс компаниясы мен «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының еріктілері басты күдіктілер ретінде танылып отыр.
Дау тудырған құжат
Аталған мәселені шешу үшін Италия билігі коммерциялық емес ұйымдар кемелерінің қызметін реттейтін арнайы кодекс әзірлеп шығарды. Ережеде кемелерге қарулы полицейлерді отырғызу және құтқарылған жолаушыларды бір кемеден екіншісіне ауыстыруға тыйым салу қарастырылды. Алайда, коммерциялық емес ұйымдардың басым бөлігі бұл ережені сақтаудан бас тартып, өздерінің Жерорта теңізіндегі миссиялары аяқталғанын жариялады.
Бұл шешімді халықаралық құқық қорғау ұйымдары да жылы қабылдамады. Мәселен, Amnesty International аталған құжат құтқарушы топтардың беделін түсіруді мақсат тұтқан ауқымды науқан аясында пайда болғанын алға тартты. Ұйым өкілдерінің айтуынша, еуропалық шенеуніктерді босқындардың зардап шегіп жатқаны алаңдатпайды, олар Ливия жағалау күзетінің мигранттарды өз аумақтарынан шықпай жатып ұстап алуларын, осылайша босқындардың Еуропаға ағылуын шектеуді көздейді.
«Amnesty International мен Human Rights Watch ұйымдары Ливия жағалау күзеті қызметкерлерінің аяусыз, заңға қайшы әрекеттерін құжатпен бекітіп қойған», – делінген ұйымның мәлімдемесінде.
«Жерорта теңізіндегі трагедияның ауқымын және Ливияда босқындарға қиянат жасалуын ескере отырып, Еуроодақ Италиямен бірге Ливия аумақтық суларындағы құтқару-іздестіру операцияларын кеңейту үшін жұмыс жасауы керек. Ал олар болса бұл жұмысты шектеуді көздейді», деп мәлімдеді Еуропа мен Орталық Азия бойынша Human Rights Watch бағдарламасының директоры Джудит Сандерленд.
Босқындарға зорлық-зомбылық көрсету өршіп тұр
10 тамызда Ливия билігі өз аумақтық суларында жеке іздестіру-құтқару қызметін құрғаны жөнінде мәлім етті. Осы күннен бастап коммерциялық емес ұйымдардың кемелеріне Ливияның 22 шақырымдық жағалау аймағына кіруге және онда жүргізіліп жатқан операцияларға қатысуға тыйым салынды. Ливия жағалау күзеті өз аумақтық суларында босқындар мінген қайықтарды аулауға кірісті. Еуропаның бұл мәселеде жергілікті билікті қолдайтыны жасырын емес. Әсіресе, 2014 жылдан бері еліне 600 мыңға жуық босқынды қабылдаған Италияның қалыптасқан үрдіске қарсы тұруға ниеті бар. Рим мен Триполи арасындағы арнайы келісімге сәйкес, Италия теңізшілері Жерорта теңізінде заңсыз адам тасымалының жолын кесетін ливиялық әріптестеріне даярлық сабақтарын жүргізеді.
«Шекарасыз дәрігерлер» ұйымы италиялық бөлімшесінің басшысы Лорис де Филиппи Жерорта теңізіндегі мәселенің қиындап кету ықтималдығы жоғары деп бағалады.
«Егер гуманитарлық кемелер Жерорта теңізінен кетсе, ондағы адам шығыны арта түседі. Суға батады немесе Ливияға қайта оралады. Ал біз бұл елде заң үстемдік етпейтінін, мигранттарға зорлық-зомбылық көрсету жағдайы өршіп тұрғанын білеміз», деді ол.
Oxfam гуманитарлық ұйымының мамандары Ливияның арнайы лагерьлерінен қашып құтылған 31 әйел адам мен 127 ер азамат арасында сауалнама жүргізді.
Лагерьден қашып шыққан әйелдердің біреуі ғана жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырамаған болып шықты. Басым бөлігі лагерьде босқындардың азапталуының, өлімінің куәсі болған. Олар «қаралы лагерь» камераларында жантүршігерлік азапқа ұшырағандарын айтқан. Босқындардың 80 пайызы ұзақ уақыт бойы тамақ пен су берілмегенін жеткізді.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған Қазақстан аталған мәселені оңтайлы шешуге мүдделі. Халықаралық антиядролық бастамаларға мұрындық болып жүрген Қазақстан босқындар шиеленісінің алдын алуға өз үлесін қосады.
Осылайша, мигранттарға бір жағынан Ливиядағы арнайы лагерьге түсу үрейі, екінші жағынан теңізде қайықтарының апатқа ұшырау қаупі төніп тұр. Ал коммерциялық емес халықаралық ұйымдар мен Еуропа құқық қорғау органдарының арасындағы дау-дамай бүгінде Солтүстік Африкадан бейбіт өмір іздеп, жат елге бет алған миллиондаған адамның тағдырына әсер ететін түрі бар.
Дайындаған
Айдар ӨРІСБАЙ,
«Егемен Қазақстан»