15 Қыркүйек, 2017

Ашық әңгіме, байыпты байлам

664 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық және Қазақстанда тіркелген бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның өкілдері үшін бас­пасөз мәслихатын өткізді.

 

Ашық әңгіме, байыпты байлам

Жиынға 50-ден астам қа­зақ­стандық және шетелдік бұқа­ралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Онда Мемлекет басшысы елімізде өткен халықаралық іс-шара­ларды қорытындылап, журналистер тарапынан қойылған сұ­рақ­тарға жауап берді.

Әрине, еліміз үшін биыл­ғы жылдың басты оқиғасы – ерекше елдік шара ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмесі. Қазіргі таңда оны ой­да­ғыдай өткізіп, әлем назарын аударған әйгілі шараны абыроймен аяқтап, арқаны кеңге салып отырған жайымыз бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев журналистер алдында сөйлеген сөзінде алдымен осы шараның – ЭКСПО-2017 көрмесінің табыс­ты болғанын айтып, Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінің де мән-маңызына тоқталды.

Мемлекет басшысының пікі­рінше, ЭКСПО-ның басты жетістігі – Қазақстанның халық­аралық көрмені Астанада өткізу мүмкіндігін жеңіп алуы. 
Бұл ретте Елбасы біз әлі де жас мемлекет болғандығымыздан өзімізді бүкіл әлемге көрсете білуіміз керектігін, ал көрменің та­қырыбы – болашақтың энер­гиясы мәселесі бүгінде жаһан­дық маңызы бар сала болып отырғанын тілге тиек етті. Себебі, баламалы энергия қазіргі ғылым мен техниканың ең озық үлгісі саналады.

«Мұндай көрмені 162 мемлекет өткізгісі келді. Көр­ме­лер­дің тарихы 100 жылды құ­рай­ды. Әр тақырыпта, әр ба­ғытта дүние жүзінде көрмелер өткі­зі­леді. Осының алдында Ми­лан­дағы көрмені барып көрген едім. Ол жай уақытша жасалған ғима­раттардың ішінде өтті. Біт­кеннен кейін барлығын таратып алып кетті. Сондықтан ең маңыздысы, біз жас ел болғаннан кейін Қазақстанды дүние жүзіне көрсете білуіміз керек. Мұның төңірегінде әлі талай жұмыс істеу қажет», деді Елбасы. Президент көрме аяқталса да оның ғима­рат­тарының барлығы бекер қал­майтынын тағы бір еске салды. Айтуынша, екі павильонында қар­жы орталығы, ал тағы бір пави­льонда Қазақстанның көрмесі болады. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, мұнан бөлек, бір павильонда ІТ-стартаптар пар­кі ашылады. Онда жастарға, ғалым­дарға жаңалықтар ашуға бар­лық мүмкіндік жасалады. Со­нымен қатар, тағы бір павильонда мектеп оқушыларын білімге, мамандыққа баулитын орталық ашылады. «Оны корейлермен бірге жасап жатырмыз. Ол да жастарға пайдалы», деді Елбасы.

Қазақстан Президенті көр­меге қанша адам келгенін, оның қандай пайдасы болғанын да айтып берді. «2 милллион адам келеді деп ойлап едік, 4 мил­лионға жуық адам келді. Жал­пы, әрі-бері кіріп шыққан адам­дардың саны 25 миллионнан асты. Астанаға, Қазақстанға пайдасы көп болды. 1 400 қазақ­стандық компания қатысып, құры­лыс материалдарын берді, құ­рылыс жұмыстарына қатысты. Олар 640 млрд теңге қаражат игерді. Қонақ үйлердің, мейрам­ханалардың, дүкендер мен концерт залдарының барлығы серпіліп қалды. Олардың бәрі де ақша тапты, бизнес көтеріліп, қала бюджетіне үлкен қаржы құйылды. Осының барлығы пайдалы. Негізгісі, бүкіл дүние жүзінен, 185 елден адамдар келді, Қазақстанның облыстарынан мүлдем Астананы көрмегендер келді», деді Мемлекет басшысы.

Елбасына баспасөз мәсли­ха­тында журналистер тарапы­нан ЭКСПО аумағында салынған пәтерлерді енді кімдер пайдала­нады деген сұрақ та қойыл­ған болатын. Осыған орай Пре­зидент ЭКСПО-2017 көрмесі ау­ма­ғындағы пәтерлердің саты­латы­нын жеткізді. «Үш жылға жет­пейтін уақыттың ішінде Астанада толықтай жаңа бір аудан салынды. Онда 1 400 пәтер бар. Ол пәтерлердің барлығы да елор­далықтарға сатылады», деді Мем­лекет басшысы.

Баспасөз мәслихатында Қа­зақ­стан Президенті сонымен қатар, халықаралық күн тәрті­бін­дегі өзекті мәселелерге қатысты сұ­рақ­тарға да жауап берді. Сон­дай-ақ Сириядағы жағ­дай­ды реттеуге бағытталған Ас­та­на келіссөздері жөніндегі ойын ортаға салды. 

«Бұл мәселе бойынша Женева келіссөздері жүріп жатыр. Оған көптеген елдер қатысуда. Олар­дың бір кездері тығырыққа тіре­ліп қалған тұстары да болды. Сол уақытта Иран, Ресей, Түркия мен өзге де елдер Қазақстанның барлық мемлекеттермен қарым-қатынасы жақсы болғандықтан, маған келді. Келіссөздерді жүр­гізу алаңы керек еді. Біз келі­сімімізді бердік, келіссөздер жүріп жатыр, келесі раунды бүгін басталады. Осы келіссөздердің арқасында кей­бір жерлерде соғысты тоқта­тып, шиеленісті бәсеңсітудің үш оша­ғын құруға мүмкіндік туды. Бейбітшілік орнай бастады», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ал кеше шие­леністі бәсеңсітудің келесі саты­сы талқыланған. «Біз бұған көп үле­сімізді қосып жатырмыз деп ой­лаймын. Соңғы жылдары ол ай­мақтардан 5 миллион адам босып кетті. 186 мың адам қырыл­ды деген сөз айтылып жатыр. «Не үшін?» деген сұрақ туын­дайды. Міне, сондықтан, біз Қа­зақстанда тұрақтылықты қадір тұтамыз. Әлемдік тарихтың ең әйгілі ескерткіштері қирап қалды. Мәдениеті тоналды», деді Мемлекет басшысы. Президент тағы да бұл мәселелерді шешуге Қазақстан бейбіт түрде шық­қанын еске сала кетті. «Меніңше, бей­бітшілікке дейін әлі алыс секілді. Бірақ әр мемлекет өз қарым-қа­білетіне қарай үлесін қосуы керек. Біз жұмыстағы өз бөлігімізді атқарып жатырмыз. Бұл жұмысты жалғастыра беруіміз керек деген ойдамын», деді Президент.

Сондай-ақ, Елбасы қызы­ғу­шы­лық танытқандарға жуырда АҚШ президенті Дональд Трамп­пен телефон арқылы сөйлескенде, қандай мәселені талқылағанын да тарқатып айтты. 

«Мемлекет басшысының теле­фонмен сөйлесулері – қалып­ты жағдай. Қажет кезде қо­ңы­рау шаламыз. Ол президент болып сайланған кезде, қарашада телефон шалдым. Ол уақытта ұзақ әңгімелестік. Ол біздің өңір­дегі, Ресейдегі, Қытайдағы ахуал­ға қызығушылық танытты. Одан кейін біз АҚШ пен араб елдері­нің кездесуі өткен Эр-Риядта кез­дес­тік. Кейін ол маған қоңырау шал­ды. Оның алдында АҚШ Энерге­тика министрлігінің басшысы ЭКСПО-2017-ге келіп, мен қабыл­даған едім. Ол риза болып, экспо­наттарға, көрме­ні ұйым­дастыру деңгейіне таң қал­ды. Барғаннан кейін басшы­лы­ғына баяндап, ол маған қоңырау шалуға шешім қабылдаған сияқ­ты», деді Елбасы. 

Мемлекет басшысының айтуынша, америкалық әріптесімен ең алдымен қазақстандық-амери­калық қарым-қатынас жайында сөйлескен. «Мен АҚШ-тың ком­паниялары Қазақстанға 40 млрд доллардан астам инвести­ция салғанын еске салдым. Аме­рикалық бизнестің қа­ты­суымен 500 компания жұмыс іс­тейді, ірі компаниялары да бар. Мен қазір­гі уақытта қолданылып жатқан санк­циялардың аталған ком­пания­лардың жұмысына ықпал етпеуін сұрадым. Ол мұ­ның Қазақстанға қатысы жоқты­ғын растады және АҚШ Қазақ­стан­мен бұл қарым-қатынас­тарды одан әрі дамытуға мүдделі екендігін қуаттады», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Ресей мен АҚШ басшылары Владимир Путин мен Дональд Трамп жайлы да ойын ашық айтты. «Әл­бет­те, мен бізге жақын саналатын Ре­сей­мен қарым-қатынас ту­ра­лы сұрай алмадым. Бұл туралы алғаш­қы әңгімеміз өте сәтті болды. Мен Ресей мен Ресейдің бас­шысын Батыстың жөнді қабыл­дамайтынын, шынында, ол мүлде бөлек адам екенін тіке айттым. Сол кезде ол маған: «Сен білесің ғой, біз Германияда Путинмен кез­дестік. Ендігі кезекте бәрі жағ­дайға байланысты», деп жауап берді. Ондағы да, біздегі де жағ­дайға байланысты екені бел­гілі. Меніңше, бұл рельстен ауыт­қып, қарым-қатынасты түзеуге болатын секілді», деді Елбасы.

Президент, сондай-ақ, екі елдің қарым-қатынасы реттелер деген сенімін білдірді. «Дональд Трамп Ресейдің үлкен мемлекет екенін айтқан еді. Әйтеуір бір күні біз бұл мәселені шешеміз. Сөзсіз, АҚШ пен Ресей ең ірі ядро­лық держава екені белгілі. Әлем­дік мәселелерді Ресейсіз де, АҚШ-сыз да шешуге болмайды. Сон­дықтан, аяғында бұл позиция жа­ғымды жаққа қарай өзгерер деп ойлаймын», деді Мемлекет басшысы.

Баспасөз мәслихатында бұ­дан бөлек, Мемлекет басшы­сы қазақ тілін жетілдіру мен латын әліпбиіне көшудің маңыз­ды­лығына тоқталды. «Латынға көшу жайы баршаны да алаңдатып отыр. Бұл жайында көп айтылды. Біздің ғалымдар менің тапсырмаммен ұзақ уақыт жұмыс істеп, барлық тарихты қарап шық­ты. Көршіміз Өзбекстан, Түр­кия қалай енгізгендігін, олар­дың тәжірибесін қарады. Компью­терге бірден қоя салу үшін ілік болмау керектігін айттым. Ноқаты, үтірі бар, тек қазақ ды­бысына тән 8 әріп бар. Міне, соларды нақтылау қажет. Барлық мәселе осында», деді Елбасы. Осы ретте Мемлекет басшысы латын әліпбиін енгізуді Пар­ламентте талқылауды ұсынғанын тілге тиек етті. «Ымыра болғанда, тіл білімі мамандары мен тарихшылар ортақ келісімге келгенде мен жаңа әліпби жайында жария етемін. Бұл ертең осы әліпби қолданысқа енеді дегенді білдірмейді», деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, кирилл әрпі де өз қызметін жалғастыра беретінін атап өтті. Сонымен қатар 2022 жылдан бастап 1-сыныптардың латын әліпбиімен оқитындығын жеткізді.

«Меніңше, бұл тез өтеді. Өйт­кені, бүгінде барлық балалар ағылшын тілінде оқиды. Ал ол латынша. Сіздер мен біздер үшін де бұл үлкен проблема болмайды», деді Елбасы. Мемлекет бас­шысының атап өтуінше, әлем­дегі ақпараттардың 70 пайызы латын әрпімен таралады, ғы­лыми-техникалық прогресс те осы тілде басым жүруде. Соны­мен қатар Елбасы латын әліп­биіне көшу жобасы соңына дейін тыңғылықты дайындалуы керек­тігін ескертті.

«Қазақ тілінде щ, ю, я әріптері жоқ. Японияны қазақтар Жапония дейді. «ч», «ю», «я», «ь», «ъ» бел­гі­лері жоқ. Яғни біз осы әріптерді қолдану арқылы на­ғыз қазақ тілін бұр­маладық. Сон­дық­тан бұл ма­ңызды шара және онда ағаттыққа жол беруге бол­майды», деді Нұрсұлтан Назарбаев. 
Айтқандай, Елбасы мемле­кет­тік тіл латын әліпбиіне көшкеннен кейін барлық іс-қағаздар сол тіл­де жүргізілетінін де мәлімдеді. «Өзіңіз айтқандай, латын әліпбиіне көшкен жағдайда ол кирилл әрпінің қолданысына айтарлықтай кедергі келмейді. Бұл ретте құжат айналымында, іс-қағаздарда латын әліпбиінің рөлі қандай болмақ? Екеуінің қатар жүруі қиындық тудырмай ма?» деген сұрағымызға Президент осылай жауап берді.

«Мемлекеттік тіл латын әр­пін­де болғаннан кейін барлық жүргі­зілетін құжаттар сол тілде болады. Бі­рақ ол тілді түсінбейтін азамат­тарды ренжітпеу үшін оларға ау­дарып беретін боламыз», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Журналистер тарапынан қойылған жиырмадан астам сұ­рақ­тың бәріне Елбасы егжей-тегжейлі жауап берді. Сұрақтар сан түрлі тақырыпты қамтыды. 
Мәселен, осы күзде девальвация болуы мүмкін бе деген де сұрақ қойылған болатын. Елбасы оның бәрі алып-қашпа әңгіме екендігін, дәл қазір оған ешқандай алғышарт жоқтығын айтты. «Теңгенің еркін бағамы дұрыс. Егер оны тізгіндеп ұстар болсақ, мемлекет қаржысын жұм­сауға тура келеді. Әрине, мұнай бағасы 135 доллардан 40 дол­лар­ға дейін құлаған жағдайда күрт өз­герістер болар еді. Ал қазір ондай алғышарттар жоқ. Мұнай бағасы қазір 52-55 долларды ұстап тұр», деді Президент.

Елбасы сондай-ақ, Қазақстан мұнай өндіруді төмендету бо­йынша ОПЕК шешімін қолдауды жалғастыра беретінін атап өтті. «Біз ОПЕК-тің мұнай өндіруді төмендету бойынша ортақ пікіріне қосылдық. Қазақстан өндірісті 20 мың баррельге төмендетті. Дегенмен, Қашаған іске қосыл­ғаннан кейін бұл мақсатқа жету бізге оңайға түскен жоқ. Бірақ біз мүдделестігімізді білдіріп отырамыз. Өйткені бұл бағаға ықпал етеді. Мұнайдың орташа бағасы − барреліне 52-55 доллар. Бұл бізге де, барлығына да қолайлы. Себебі біздің бюджетіміз 40-45 долларға есептелген. Егер бұл позиция жұмыс істейтін болса, онда біз мұнан әрі де баға бойынша осындай мүмкіншілікті ұстап тұру үшін оларды қолдаймыз», деді Президент.

Елбасы мазмұны жаңартылған оқулықтарға қатысты қазақ­стан­дықтар тарапынан сын көп деген пікірге орай да өз ойын айтты. «Мән-жайды анықтайық. Ба­­л­а­ларды дұрыс тәрбиелеп, дұ­рыс оқыту үшін, сұранысты қа­нағаттандыру үшін дұрыс оқу­лық­тар керек. Ата-аналар да риза болуы тиіс. Білім және ғылым министр­лігіне проблеманың неден туын­дағандығын анықтап, түсін­діруді тапсырамын», деді Елбасы. 

Журналистер міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру қорына жиналған ақшаның жайы­на да алаңдаушылық танытты. Бұл ретте Мемлекет басшысы жиналған ақшаның ешқайда кетпейтінін, оның тиісті мақсатта жұмсалатынын айтты. Мәселен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру реформасы кейінге шегерілгенімен, одан жиналған қаржы бар. Ол – 6 млрд теңге шамасында. 

«Біз медициналық сақтандыру деген мәселені біртіндеп қарас­тырамыз. Себебі ол қажет. Жалпы біздің адамдар өз денсаулығын бағаламайды. Кеше мен Ұлттық ғылыми кардиоорталықтың басшысы Юрий Пямен сөйлестім. Ол маған «жүрекке ашық операция жасау Батыста 40-50 мың доллар, ал жүректі ауыстыру 500 мың доллар тұрады», дейді. Оны ауыстыру әр адамның қолы­нан келмейді ғой. Ол жақта ақ­ша төлейді. Ал біздің жақта барлығы үкімет төлесін дейді. Ал егер медициналық сақтандыру қоры болатын болса, азаматтар өздерінің денсаулығына жауап береді. Яғни, қорға ақшаның бір бөлігін азаматтың өзі, бір бөлігін жұмыс берушілер, бір бөлігін мемлекет төлейді. Үш бөліктен тұрады. Біздің қазіргі зейнетақы жүйеміздің өзі сондай», деп бір атап көрсетті Елбасы. Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесін 3 жылда шешу қажеттігін алға тартты. 

«Медициналық сақтандыруға тезірек өтеміз деп ойлап едік, са­раптап келгенде проблемалар шықты. Қазақстанда қорға ақша төлей алмайтын адамдар бар екен. Төлей алмайтындар емделген кез­де қордан ақша ала алмайды. Сон­дық­тан біз олардың мәселесін 3 жыл­дың ішінде шешуіміз қажет», деді Президент. Аталған мәсе­ле өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр­ған 2 млн-нан астам азаматқа қатысты екендігін жеткізді. «Оны анықтап қарасақ, оның жіктері бар. Оның 1 миллионы жұмыс істейді. Бірақ өздерін жұмыссызбын деп есептеп, салық төлемей отырады. Оның ішінде түрмеде отырғандар, кәмелет жасқа толмаған балалар бар. Сондықтан осының барлығын ескеру керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Баспасөз мәслихатында Қазақ­стан Президенті жастар жайын­да да көзқарасымен бөлісті. Жас­тар­ды түрлі діни ағымдардың жете­гінде кетуден сақ болуға шақырды. 

«Дүниеде неше түрлі діни ағымдар бар. Сирияда қақтығыстар болып жатыр. Олар әр жерден жас­тарды шақырды. Ақша төлеп, соғысқа бейімдеді. «Елдеріңе қай­тып, лаңкестік жасаңдар» деп үй­ретіп жатыр. Бізден де барып жат­қан адамдарды білемін. Ол жастар бұл жерде өз орнын таба алмаған, не жұмысқа орналаспаған, не білім алмаған. Ақша төлейміз дегенге алданып қалады да ол жаққа отбасын да апарады. Сосын кете алмайды», деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазіргі таңда отандастарымыз соғысып жүрген елдердегі жағдайдың өте ауыр екенін айтты. «Қазір ол жақта барлығын бомбалап жатыр. Елді мекендерде елуін, қырқын өлтірдік деп хабарлап жатыр. Олардың ішінде біздің де балалар бар. Ондай жолға түспесе деймін. Біздің жастар үшін ол жақта ешқандай болашақ жоқ», деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Президент шолақ шалбар мен қара киімнің қазаққа жат еке­нін тағы да ескертті. «Бұрын да айт­қанмын, қазір де айтайын. Қа­зақ­тың қыздары, жалпы әйел азаматтары еш уақытта бетін бүркемеген. Қыздарымыз бұрымын жіберіп, шолпысын сыңғырлатып жү­ре­тін. Біздің аналарымыз батыр болған. Ерлерінің жанында жү­ріп соғысқан. Сонша ғасырлық тари­­хымызға, дәстүрімізге қара­­май бүгін басқаша жолға тү­се­міз бе? Шалдардың шолтитып шал­бар кигенін қайдан көр­­діңіз­­дер? Сақалын беліне түсіріп жүру мұсылмандықтың белгі­сі емес қой. Ол Құранның қай же­рінде жазылыпты? Онда тұрған қандай ерекшелік бар? Оған кім қызығады? Ол біздікі емес. Ол салтымызды бұзады. Мен бұл ту­ралы бір рет айттым. Мен айт­қа­нын орындататын адаммын. Сон­дықтан жастарға осылардан аулақ болыңдар деймін», деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаевқа ақпа­раттық технологияларды пайда­лануға қатысты, сондай-ақ қазақ­стандық кәсіпқой боксшы Генна­дий Головкиннің таяуда болатын жекпе-жегі туралы да сұрақтар қойылды.

«Бұл – Қазақстан халқы үшін үлкен оқиға! Ол бәрімізді теледидар алдына жинайды. Біздің жерлес GGG-дің атағы мен даңқы қазір жер жарып тұр. Бұл – өте маңызды кездесу. Мексикалық Альварес – өте танымал, шеберлігі жоғары боксшы», деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл кездесуде Геннадий Головкин жеңіске жетеді деп үміттенетінін айтты. «Жеңіске жетсе, Головкин ор­та салмақта кәсіби бокстың коро­ліне айналып, Мұхаммед Әли­мен және Майк Тайсонмен бір қа­тарда тұрады деп сенемін. Бұл ол үшін өте маңызды. Оған үлкен табыстар тілейік. Осы уақытта көр­шілерге сапар жасайтыныма қа­ра­мастан көремін. Барлығымыз да оған жанкүйер боламыз», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Иә, Елбасының осы сенбі-жек­сенбі күндері жұмыс сапарымен Өз­бекстан мен Түрікменстанға ба­райын деп отырғаны белгілі. Бас­пасөз мәслихатында бұл сапардың да мән-жайы сұралды.

«Қазір біздің көршілерімізбен, әсіресе Өзбекстанмен жағдай өте жақсы қалыптасуда. Мәселен, барлық өткізу пункттері ашық, олар біздің астыққа акцизді жой­ды десек те болады. Оларға Қазақ­стан арқылы Ташкенттен басқа облысқа баруларына немесе біздің Мақтаралдан Өзбекстан арқылы жүруімізге тура келген қарама-қайшы жағдай болды. Аталған екі пункт те жабық еді. Жол жаман, айналма жолмен 50-дің орнына 150 шақырым жүріп жүрдік. Қазіргі уақытта бұл дұрысталды және бәрі де жақсы болады», деді Елбасы.

Мемлекет басшысы мысалға келтірген дерекке сүйенсек, ағым­дағы жылы Өзбекстан мен Қазақ­станның тауар айналымы 25 па­йызға артқан.
«Өте жақсы көрсеткіш, тауар алыс-берісі бар. Сондықтан мем­лекетаралық қарым-қатынас пен өңірлік мәселелерді талқылайтын боламыз. Үш мемлекет Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан шекарада «түйісу нүктесіне» қол қоюы тиіс. Проблема жоқ. Бірақ шешім үшін оған қол қою қажет», деп атап өтті Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Түрік­мен­станға сапарына қатысты Аш­ғабадта жабық ғимаратта өтетін және жауынгерлік өнер сынға тү­сетін V Азия ойындарының ашылуына баратындығын айтты.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»

Суреттер 
Президенттің баспасөз қызметінен алынды